Қайын атасының идеясын жүзеге асырған келін
Қайын атасының идеясын жүзеге асырған келін
Жас маманның жобасы басқармадан ғана емес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы тарапынан да қолдау тапты. Сөйтіп жас кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болып, қолына тиген 3,8 миллион теңгені, яғни қайтарымсыз грант қаржысын балық шаруашылығын жандандыруға жұмсады. – Шынын айту керек, менің бүгінгі істеп жатқан жұмысымның бас жобалаушысы қайын атам. Дәлірек айтсам, қайын атамның көптен бері жоспарлап жүрген жобасы болатын. Атамыздың идеясын жүзеге асыру ниетімді жұбайым Абзал да қолдап, қуаттады. Бұл кәсіпті бастауға отбасы болып жұмыла кірісіп кеттік. Жобамызды қорғап шығу бір күндік жұмыс болған жоқ. Ол үшін алдымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған курстарға қатысып, кәсіби біліктілігімді жетілдірдім. Сертификат алған соң ғана бизнес жобамды дайындап, конкурста қорғап шықтым. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қолдауымен қаржым қолыма тиген соң отбасы кәсібін бірден бастап кеттік, – дейді Жәмила. Жәмила Тараз қаласындағы техникалық шығармашылық орталығында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бала күтімінде отырған оған кәсіп бастау қиындық тудырмаған. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып ол Сарыкемер елді мекеніне апарар жол бойынан «Әсемай» жеке кәсіпкерлігін ашқан. – Жоғарыда айтқанымдай, бұл қайын атамның идеясы. Бірақ біз қолда бар мүмкіндікті қарай келіп, Талас өзені жағасындағы балық шаруашылығы қасынан жұрт демалатын жазғы демалыс орнын салудамыз. Сарыкемер ауылының тұрғындары жаз айларында суға түсіп, бір мезгіл салқындағысы келеді. Ол үшін барлығы Тараз қаласына ағылады. Біз ойласа келе аудан тұрғындары суға түсіп салқындасын деген ниет пен үлкен бассейн салдық. Келушілерге жайлы болсын деп қаз-қатар тапшан орналастырдық. Шағын кафе аштық. Тамыз айынан бастап аудан тұрғындарын қабылдап, қызмет көрсете бастадық. Қазір шомылу маусымы аяқталғандықтан мұндағы құрылыс жұмыстары жалғасын табуда, – дейді ол. Жәмиланың тәрбиелігін көз көрді. Әңгіме барысында қанша рет идея авторының есімін білуге тырыссақ та тәрбиелі келін қайын атасының есімін атамады. Бірақ Талас өзені бойында салынған жасанды тоған жақта жүрген қайын атасына ертіп барып, жолықтырды. Мұнда да балықшыларға арнап шатырлар қойылыпты. Қона жатып демалатындарға киіз үй де құрылған. Сонымен тоған жағасында Жәмиланың қайын атасы Есенғали Сатыбалдиевпен таныстық. – Осы жерді алғаш аукцион арқылы сатып алғанымда ауылдастарым, «түкке жарамсыз жерді не қыласың? Оданда бақша, бау салатын жер алмадың ба» деген еді. Бұл жерді алғандағы мақсатым – балық өсіру еді. Өзім балықшымын. Өмір бойы жүргізуші болып жұмыс істегенмін. Алматы қаласында тұрдым зейнетке шыққанша. Еңбек демалысына шығысымен туған жерге қайта оралып, өзен жағасындағы он гектарды игеруге кірістім. Алдымен екі тоған салып, 54 мың шабақ жібердім, – дейді ол. Тоғанға былтыр жіберген шабақтары биыл әжептәуір өсіп, әуесқой балықшылардың да қызығушылығын тудырған. Қазір мұндағы бір балықтың орташа салмағы, әрине едәуір жетілгені 8-10 килограмм тартады. Кәсіпкер балыққа шашатын жемді өзінің шағын цехында дайындайды. Балық азығына майдаланған жүгері, ұнтақталған арпа мен бидай дәні кіреді. Кәсіпкер балықты қосымша нан қоқымымен де азықтандырады. Кәсіпкердің айтуынша, тоғанға келіп балық аулайтындар көп екен. Көбінесе олар таңертең және кешкі уақытта келіп, қармақпен балық ұстап, ұстаған балығының пұлын төлеп, алып кетеді. «Кәсібім өзіме ұнайды. Талайдан ойымда жүрген шаруа еді. Келінімнің арқасында бос жатқан жерді игеріп, ел игілігіне айналдырудамыз. Не жасасақ та халық үшін жасап, отбасымыздың табысын арттырмақ ниетіміз бар. Әлі алда бұл орталықты кеңейту жоспарымызда бар. Мұның барлығын балаларым үшін жасаудамын», деді Есенғали аға. Жастың аты жас. Қайын атасының жобасын іліп алып кеткен Жәмила «Біздің мақсат бір орында тұрып қалмай, отбасы бизнесін дамыту. Алдыға қойған жоспарымыз көп» дегенді қосты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы.