Экономика

9 айда тындырылған тірлік көп

9 айда тындырылған тірлік көп

Биылғы 9 айда Мойынқұм ауданының бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Аудан экономикасының негізгі қозғаушы саласы өнеркәсіп екендігі белгілі. Жыл басынан бері 74,7 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі, атап айтқанда, 1434,0 килограмм алтын, 231,0 килограмм күміс, 1170,0 мың тонна цемент, 12 мың тонна гранит, 70 мың тонна көмір және 62,4 мың тонна барит рудасы өндірілді. Бұл туралы аудан әкімі Әлихан Балқыбеков облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.

Әлихан Әбілашұлының айтуынша, биыл ауданда екі ірі жоба іске асырылады. Бірі – Мирный ауылындағы «Turan Industry» ЖШС-ның құны 500 миллион теңге болатын табиғи тастан қаптау плитасын өндіру жобасы. Мыңарал ауылындағы «Satellite GS» ЖШС-ның құрамында алтыны бар кенді өндіру жобасының құны да 500 миллион теңгені құрайды. Аталған кәсіпорындар биыл желтоқсан айында ашылмақ. Аудандағы екінші экономикалық сала – ауыл шаруашылығы бойынша есепті кезеңде 5,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда 24 ауылдық елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жобалық құны 1 миллиард 461,3 миллион теңге болатын «Ақсүйек ауылын ауыз сумен жабдықтау және су тарату жүйесі» нысаны құрылысының жұмыстары және Көкжелек ауылының магистральдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған екі жоба да 2023 жылы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар биыл Бірлік ауылында құны 338,9 миллион теңгені құрайтын тазарту қондырғысы (мембраналық) құрылысы жүргізілуде. Ауыз сумен қамтылмаған өзге елді мекендерде жұмыс облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес атқарылатын болады. Атап айтқанда, Ақбақай ауылындағы магистральдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 2024 жылға, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарындағы ауыз сумен қамсыздандыру жұмыстары 2025 жылға жоспарланып отыр. – Биыл Ұланбел ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Мойынқұм ауылындағы тірек мектебінде 250 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Биназар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік тірек құрылысы да жүріп жатыр. Биыл осы жоба аясында Бірлік ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда, Биназар және Мыңарал ауылдық клубтарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандық бюджет есебінен Ұланбел ауылындағы клуб ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жұмысы былтыр басталған Б.Момышұлы атындағы стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл Бірлік және Шығанақ ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы 2022- 2023 жылдары жүзеге асатын болады. Жыл басынан бері аудан бойынша 2 ЖШС және 37 шаруа қожалығына тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 21269,79 гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 235,65 гектары суармалы егістік, 20811,88 гектары жайылымдық, 222,26 гектары шабындық жерлер, – деді аудан басшысы Ә.Балқыбеков.  

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП