Саясат

Үйсіз отбасылардың қуанышында шек жоқ

Үйсіз отбасылардың қуанышында шек жоқ

Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауының бесінші бағытында «Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз», – деп, көбіне жастардың бас ауруына айналған баспана мәселесіне өзінің жаңаша көзқарасын білдірді. Және де осы бағыт бойынша Үкіметке нақты тапсырма жүктеді. Бұл – біз, жас отбасылар үшін үлкен қуаныш. Отбасын құрғалы аядай ғана пәтерге қол жеткізе алмай келе жатқан біз сол жылдар аралығында қаншама жеке жалдамалы пәтер ауыстырдық. Мұндай жағдай қаншама жастардың өмірінде орын алып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлерді қолжетімді ету мақсатында Үкімет бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Дегенмен, салада әлі де қиындықтар бар. Несиенің пайыздық ставкалары көпшілік жастарға тиімсіз болып отырғаны жасырын емес. Жастар отбасы өмірін баянды ету үшін, ұрпағының болашағы үшін небір несиелік тәуекелдерге барып жатыр.

Міне, Мемлекет басшысының Жолдаудағы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарау жөніндегі нақты тапсырмасы біздерді бір желпінтіп тастады. Қазір екі бала күтіп-бағып отырған жас отбасы ретінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жобаға қатысып, үй кезегінде тұрмыз. Елбасы тапсырмасына сәйкес жеңілдіктер шапағаты бізге де тиіп қалар деген үлкен үмітпен алдағы өмірге сенім артамыз.

13Жансая ӨКСІКБАЕВА, жас отбасылы,Тараз қаласының тұрғыны.