- Advertisement -

Келісіп пішкен тон келте болмас…

88

- Advertisement -

Бүгінде 400 мыңнан астам тұрғыны бар Тараз қаласы 11 округке бөлінген. Әр аумақтың өз бас инспекторы тағайындалған. Соңғы жылдары шаһар басшысының жиі-жиі ауысуы олардың жұмыс ырғағына да әсер етпей қойған жоқ. Мәселен, қазіргі әкімнің алдындағы Ержан Жылқыбаевтың кезінде бас инспекторларды ротациялау жүзеге асырылған болатын. Ендеше, бүгінде алды осы салада 25 жылдан аса, ең азы 3-4 ай көлемінде жұмыс істеп жүрген бас инспекторлар өз жұмысын қалай үйлестіруде, олардың іс барысында кездестіретін басты проблемалары қандай, сондай-ақ аумақ тұрғындарының бас инспектордың жұмысына берер бағасы жайлы қысқаша сөз етсек…

Бас инспектордың міндетіне не кіреді?

Округ аумағында орын алған мәселелерді шұғыл түрде шешу, тұрғындардың талап-тілегіне назар аудару, қала әкімінің тұрғындармен тұрғылықты жері бойынша өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету – бас инспекторлардың міндеті.

Олар округ аумағын көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазарту, көшелердің, тротуарлардың қалыпты жағдайда болуы мен суғару мәселелерімен айналысу, округ аумақтарының сыртқы көркейту құрылымдарының жай-күйін бақылау (жолдар, көпірлер, көшені жарықтандыру, су қоймалары, арық жүйелері) және қызметтік міндеттеріне сай басқа да жұмыстарды атқарады.

Қала билігін қолына алған кезде Бақытжан Орынбеков: «Аумақтық округ инспекторларының жұмысын жандандырамыз. Он бір инспектор ай сайын атқарған жұмыстары бойынша есеп беруді жалғастырады. Сәйкесінше, атқарған жұмысына талдау жасалып, тұрғындар шағымын жүйелі түрде шешуге бағытталған тиісті шаралар қолданылатын болады», деген болатын. Әкімнің айтуынша, мұндағы басты мақсат – тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы олардың мәселесін шешуде ашықтық принципін қолдану.

Ілкімді істер, күрмеуі қиын мәселелер…

Қала әкімі Б.Орынбеков жұмысқа кіріскелі бірқатар аумақтық округті аралап, тұрғындармен кездесу өткізді. Шаһар басшысының тапсырмасымен округ бас инспекторларының тұрғындар алдында есеп беруі де жалғасып келеді. Кездесу барысында олар атқарылған жұмыстар мен ілкімді істерін, сондай-ақ күрмеуі қиын мәселелерді де баяндайды.

Тұрғындар тарапынан жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалардың ойын алаңдарын соғу, ирригация жүйесі, қоғамдық көлік қатынасы, жабайы иттердің көбейіп кеткені, басқа да көптеген мәселелерге қатысты сауалдар мен ұсыныстар кездесуде. Қалада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, бірақ тұрғындардың барлық талап-тілегінен шығу уақытты және қаражатты қажет ететіні тағы бар.

No 6 аумақтық округ бойынша бас инспектор Айбас Бибосыновтың айтуынша, биыл көше бұрылыстарының көбі асфальтталды. Дегенмен округте күрделеніп тұрған басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешілмек. Мәселен, Смоленский көшесі, оның 1-бұрылысы, С.Дәненұлы, Ж.Қамбаров көшесі, Ташкент көшесінің 5-бұрылысы, Крылов, Пірімқұлов, Глинки, С.Тұрысов көшелері, Қойгелді көшесінің бұрылысы, Трудовой көшесінің 2-ші, 4-ші бұрылыстары, Әйтеке би көшесінің 3-бұрылысы, Қонаев көшесінің 1-бұрылысы жолдары күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ал Сәрсенбаев, Жүнісалиев және Репин көшелеріне орташа жөндеу жүргізу қажет екен. Сондай-ақ бірқатар көшелерді, сонымен қатар 58 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспей тұр. Әйтеке би көшесіндегі No 2 көпқабатты үйді қайта жаңғыртудан өткізу, No7 үйдің балалар ойын алаңына турник қою, Қойгелді көшесіндегі No 209 үйдің ауласына автотұрақ жасау, бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру қажет.

Қазыбек би, Желтоқсан, М.Х.Дулати көшелеріндегі бос тұрған ғимараттарды шара қолданып, қолданысқа беру, Желтоқсан көшесіндегі No146 үйден Дулати көшесінің қиылысына дейін арық жүйесін тарту қажеттігі туындап отыр.

Қаладағы әр округ тұрғындарының саны кішігірім аудан халқының санымен тең деуге болады. Мәселен No7 аумақтық округте 32482 халық тұрады. Бірнеше мектеп, балабақша, шағын орталықтар, арнайы мектептер, денсаулық сақтау мекемелері, мәдениет ошақтары, спорт нысандары, мешіттер бар. «Штатта өзімнен басқа тағы бір маман бар. Учаскелік полиция инспекторымен бекітілген аумақты жиі аралаймыз.

Біздің негізгі міндетіміз – округтегі жұмысты ұтымды ұйымдастыру. Өзім бас инспектор болғалы 3 ай болды. Кейбір көшелерде ауыз су құбырлары ескірген, әр жерден бір тесіледі, соны тұрғындар көп көтеріп жатады.

Биыл шешілген ауқымды жұмыс туралы айтар болсақ, Өзбек көшесінің 1-бұрылысы түгел жарықтандырылды. Былтыр ескірген су құбырлары жаңартылып, биыл асфальтталды.

Енді Наманган көшесі бар, су құбырлары жаңартылып, келесі жылы асфальттанады деп отырмыз. Магистральды көшелерді тазалау біздің міндетімізге жатады, онымен айналысатын 10 қоғамдық жұмысшымыз бар. Күн сайын азанмен сағат 8-де округті аралауға шығамыз. Алдымен жұмысшыларды көше- көшеге бөліп жібереміз.

Сол жерге арнайы техника келеді. Әрине, проблема баршылық, ол туралы 27 қазанда болған кездесуде тұрғындар тарапынан көтеріліп, орындауға тапсырмалар берілді. Қаңғыбас иттердің мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Биыл біздегі 124 көпқабатты тұрғын үйдің біреуі ғана қайта жаңғыртудан өтті. Енді қаладағы ең биік 12 қабатты үй келесі жылы күрделі жөндеуден өтпекші», – дейді округтің бас инспекторы Жарас Алтынбеков.

Тұрғындар қаншалықты таниды?

Бас инспекторлар туралы сөз болғанда «Оларды аумақ тұрғындары қаншалықты таниды?» деген сауал туындайтыны сөзсіз. Соңғы кездері әр аумақта инспекторлар туралы толық мәлімет көрсетілген ақпараттар көптеп іліне бастаған. Әрине, біз аралаған округтер қаланың орталығында және оған жақын орналасқандықтан, қаланың шет аймақтарына қарағанда анау айтқандай күрделі проблемалар көп емес. Дегенмен біз сөзге тартқан бірнеше тұрғындардың шағымы көп, билікке деген сенімі аз екенін байқадық.

Қаланың No 7 округіне қарайтын Сағындықов көшесіндегі No 36 үйдің тұрғыны, 74 жастағы Дүйсен Тайланов ақсақалдың бас инспектордың ғана емес, жиі ауысатын қала әкімдерінің жұмысына көңілі мүлдем толмайтын болып шықты. «Жамбыл-су» коммуналдық кәсіпорны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Тараз қаласына тарту ретінде соғып берген шағын демалыс орнындағы жақын маңдағы тұрғындар, соның ішінде зейнеткерлер жиі бас қосатын көрінеді. «Осында бас қосамыз, басқа баратын жеріміз жоқ.

Былтыр осы төңірекке гүл егіліп еді, биыл ол да жоқ. Суғармайтын болған соң қайдан шықсын?! Есесіне осындағы талдардың біразын кесіп кетті», деді зейнеткер.

Дүйсен ақсақалдың өзі округ инспекторын танымайтын болып шықты. «Бұрынғысын да ақыры көрмей кеттік. Бірнеше рет бардым, жұмыс орнынан таппадым. Ақыры қоя қойдым. Сол маңда тұрып біз жолыға алмаймыз, алыстағылар қайтпек екен? Қазір жаңа бас инспектор жігіт келіпті деп естідік, әлі көрген жоқпын.

Осы жерге бір рет келіп кетсе, күнде 10-15 қария отырамыз, бәріміз проблемамызды айтар едік. ПИК туралы айтатынымыз көп. Не болмаса, тұрғындар көп жиналатын осындай жерге хабарландыру іліп қойса болар еді ғой. Жақында қаланың жаңа әкімі келіп, тұрғындармен кездесу өткізген екен. Біз оны да естімей қалдық», деді ренішін жасырмаған қария.

Біз қаланың орталық аумақтарында орналасқан 3 округтің тұрғындарымен тілдесуге тырыстық. Сөзге тартқан қалалықтардың айтары: «Істеліп жатқан жұмыстар әлі де мардымсыз. Мәселе болса шаш етектен! Айтылып-айтылып жауыр болғандары қаншама?» десе, бас инспекторлар: «Қазір телефонға тыныштық жоқ. Күніне қаншама адам хабарласып жатады. Жұмыс орнымызға іздеп келетіндер де жетерлік. Әдетте, біз округті аралап кеткенде, орнымыздан таппай қалғандар реніштерін айтып жатады», дейді.

Бас инспекторлардың проблемасы не?

«Біздің проблемамыз – қоғамдық жұмысшылардың аздығы. Айлығы мардымсыз болған соң ба, бұл жұмысқа құлшынып тұрғандар жоқтың қасы. Бізде 20 шақты қоғамдық жұмысшы қабылдау қарастырылған, дегенмен олардың саны он адамнан аспай жатады. Қоқыс шығаратын бір көлігіміз бар.  Жұмысшыларға қажетті киімдер жағынан да мәселе баршылық. Үстіне киетін жилеттерін ауыстырып тұру керек, күрек, тіпті қолға киетін қолғаптан да кемшілік көріп жатамыз. Жаңбырда үстеріне киетін су өткізбейтін сырт киім жетіспейді. Қазір менің округімде 7 қоғамдық жұмысшы ғана жұмыс істеп жүр. Маған дейін көше бұрылыстарына еш жөндеу жүргізілмеген екен, келгелі соны тиісті орындарға қайта- қайта айтып, биыл біразы асфальтталды, – дейді No6 аумақтық округтің бас инспекторы Айбас Бибосынов.

Әмірхан Қанаев осыдан 26 жыл бұрын қаладағы 10 округтің біріншісіне қала әкімінің өкілі болып тағайындалған екен. Содан бері 8 әкімнің басшылығымен жұмыс жасаған. Қазір No3 аумақтық округ бойынша бас инспектор. «Округте 23500 халық бар.

Екі тұрғын алқабы бар, 7 орта мектеп, 9 балабақша, музыкалық мектеп, мектеп- интернат, 1 аурухана, 2 емхана, 2 медициналық орталық жұмыс істейді. Қала орталығы болған соң коммерциялық құрылымдар көп. Соңғы кезде қала басшысы жиі ауысатын болды ғой. Өткен жылы бұрынғы қала әкімі барлық инспектордың орнын ауыстырып, ротация жасады. Енді осы округте жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. Халықпен тығыз жұмыс жасаймыз, тұрғындардың мұң- мұқтажы, қандай проблемасы барын біліп, тиісті орындарға жеткізу, солардың шешілуін қадағалау үнемі назарымызда.

Биыл Ташкент, Мәмбет батыр көшелеріне жөндеу жүріп, «Ауыл-Береке» базарының аумағындағы көше кеңейтіліп жатыр. Мердігердің тарапынан біраз кемшіліктер орын алған еді, қазір сол олқылықтар жөнделуде. Округте 3900 жеке, 6 көпқабатты тұрғын үй бар. Телеорталық аумағында былтыр 3, биыл 5 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Балалар ойын алаңшасына байланысты көп сұрақтар болды, қаражаттың жоқтығына байланысты биыл бізде 1 ғана балалар алаңшасы салынатын болды. Көшеней көшесіндегі No78 үйдің ауласында басталған бұл жұмыстың өзі созылып кетті. Тендер кеш ойнатылды, қаражат кеш бөлінді дегендей мәселелер туындады», деді бізбен әңгімесінде Әмірхан Тоқтасынұлы.

– Проблема өте көп, әр көшеге, әр аулаға кірсеңіз кездеседі. Қаланың ортасында отырып, әлі жарық орнатылмаған көшелер бар. Осы жағын қала әкімі қолға алып жатыр. Әлі күнге асфальт төселмеген оншақты көше бұрылыстары тағы бар.

Магистральды көшелерімізде тиісті мекемелер жыл сайын жылу құбырларын ауыстырып жатады. Содан жұмыстары біткен соң қалай болса солай жаба салады. Көп ұзамай дұрыс жабылмаған көше жабындысы «отырады» да, иқы- жиқысы шығып кетеді. Сол көше бүгінге дейін әлі қалыпқа келмеді. Неге? Жұмыс істеген фирма ақшасын алып алған соң, әні- міне деп сөзбұйдаға салып келеді. Енді сотқа беріп жатыр. Көшеней көшесінің 6-бұрылысы мен Сыпатай батыр көшесінің ортасында да жылу құбырлары ауыстырылған, ал көше әлі жөнделмей, тұрғындарға қиындық тудыруда. Мен келгелі осы мәселені жиі-жиі көтеріп жүрмін. 26 жылдай өтілімде қаланың бес аумағында жұмыс жасаған екенмін. «Шалғай Қарасуда», қазіргі аумағы үлкен, проблемасы көп No10 округте 5 жыл жұмыс істедім. Сондағы тұрғындармен әлі күнге байланысып тұрамын. Халықтың барлығына бірдей жағу мүмкін емес, біреуі мақтайды, біреулер даттайды. Дегенмен мүмкіндігімізге қарай жұмысты жүргізіп жатырмыз», деген округ әкімі: «Бір проблемамыз – штат санын көбейтсе, өйткені талап өте көп, сұраныс күннен күнге көбейіп жатыр. Ең ақыры әскери комиссариат та бізге өз жұмыстарын жүктегісі келеді. Сайлаудың да біраз тіршілігі мойнымызда, қазір сайлау учаскелері туралы күнделікті есеп беріп отырмыз. Тазалық мәселесі де біздің жауапкершілігімізде. Халықтың көтерген мәселесін аптасына бір рет қала әкімшілігіне жеткізіп отыру міндеті бар. Күніне 5-6 проблема айтылады, жұмыс орнына келеді, қоңырау шалады. Соларды тиісті орындарға жеткізіп, шешілуіне ықпал етеміз. Қапал, Сеңгірбай, Түйте деген магистральды каналдарымыз бар, олардың да мәселелері жетерлік. Бір жаққа су жетпей жатса, бір жақта тасып жатады, енді бір үйді су алып кетеді. Көпқабатты үйдегілер жылу болмай қалса да, құбыр жарылса да бізге хабарласып жатады. Мүмкіндігімізге қарай жедел шешуге тырысамыз, қолдан келмейтін жағдайлар да кездеседі», дегенді қосып қойды.

ТҮЙІН: Расында да, кейінгі жылдары жарты миллионға жуық халқы бар облыс орталығына басшы көп тұрақтамай жүргендігі жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Оның да өз себебі бар. Дегенмен де, әр әкімнің келуімен халықтың жаңа үміті оянып, жақсы күнге деген сенімі арта түсетіні анық. Мұндай үміттен тараздықтардың да
шет қалмайтыны сөзсіз. Бұл ретте қала басшысымен қатар, осындағы 11 аумақтық округтің бас инспекторларына да жүктелер міндет, артылар сенім аз болмасы белгілі. Олай болса, өз округіндегі тұрғындардың сенімі мен қолдауына ие болудың бірден бір жолы, ол – халықпен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, жалпы қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосу. Осындай игілікті істердің жүзеге асырылуына округ тұрғындарының көптеп қатысуын ұйымдастырып, жауапкершілік жүгін сезінуге қол жеткізсе, құба-құп.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support