Құқық

Әлихан Смайылов заңнаманы бизнеске қойылатын артық талаптардан «тазартуды» тездетуді тапсырды

Әлихан Смайылов заңнаманы бизнеске қойылатын артық талаптардан «тазартуды» тездетуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын негізсіз талаптарды қайта қарау және қысқарту жөніндегі жұмыс барысы қаралды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 44 қызметтің 26 саласында реттеуші актілерді талдау жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл жұмысты 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда. Бұл ретте мемлекеттік органдар бұрын талданған 18 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай өндіру, көлік және сауда бойынша құқықтық және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсіміне кірісті. Премьер-Министр басқа салалардағы реттеуші актілерді талдауды тездету қажеттігіне назар аударды және осы жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, бизнеске қойылатын артық талаптарды жою үшін заңнамалық өзгерістер жедел енгізілуі тиіс.

Сондай-ақ кеңесте бизнестің проблемалық, оның ішінде Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында көтерілген мәселелерді шешу бойынша тапсырмаларды орындау барысы қаралды.

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың жұмысындағы мәселелер бойынша нақты кесте құруды және жыл соңына дейін олардың Ұлттық палатамен бірлесіп қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов және т. б. қатысты.