Астанада «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланды

9

Елордада Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық форум өтті.

Мәселе өте өзекті және қоғамның назарында.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша әлемдегі жыныстық және еңбек қанауынан зардап шеккендердің 70%-ы әйелдер мен жас қыздар. Әрбір үшінші құрбан – балалар. Бұл мәселе Қазақстанға да қатысты. Жыл сайын елде осындай 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Бұрын бұл көрсеткіш 300-ге дейін жететін. Биыл 4 айда адам саудасының 30-ға жуық фактісі анықталды. Үш ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІІМ «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеуде. Бұл декларативті акт болмауы керек. Ол аталмыш саладағы барлық кемшіліктерді жоюы тиіс, – деп атап өтті ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Жалпы заң жобасы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін құруға, кейбір анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, уәкілетті органдарды және ведомствоаралық үйлестіру мен өзара іс-қимыл мәселелерін айқындауға, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретін бекітуге, адам саудасының құрбандарын, оның ішінде Қазақстанда жәбірленуші болған шетелдіктерді қорғауға және оларға көмек көрсетуге, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді орындауға бағытталған.

Форум барысында адам саудасының құрбандарына көмектесудің нақты тетігін айқындау мен оларға кешенді әлеуметтік құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Comments are closed.