Бәйтерек жапырағымен көктейді
Бәйтерек жапырағымен көктейді
Тоқберген Нұралиев 1922 жылы киелі Жамбыл топырағында туып-өсіп, осынау қасиетті даланың кеңдігін, тарихтың әр кезеңінде өзін таныта білген қайсарлығын бойына сіңіріп ер жетті. Қасиетті Әулиеата өңірінің ардақты азаматы, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. Ол 1941 жылы 19 жасында Қызыл армия қатарына шақырылып, оңтүстік батыс майданының 61-ші армия құрамында, 350-ші атқыштар дивизиясының 917-артиллериялық полкінің сапында Ворошиловград және басқа да көптеген шабуыл операцияларына қатысты. Қызыләскер Тоқберген Нұралиев 1943 жылдың 25 тамызында Сталинск облысындағы Краснополье селосы үшін болған қиян-кескі соғыста жау нүктелерін жойып, кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты. Сонымен қатар фашистік Германия басқыншыларымен болған шайқастардағы жауынгерлік ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы ордендері және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. Туған жеріне оралысымен ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында бел шешіп жұмыс істеді. Зейнетке шыққанға дейін совхозда қоймашы, қамбашы және ферма жетекшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Тоқберген ата мен Бәтіш апаның тұңғышы Бейсеналы жастайынан оқуға зерек, өте алғыр болып өсті. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Ресейдегі Қазан университетінің астрофизика факультетін бітіріп, Алматыдағы обсерваторияның ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Кейінгі жылдары Ғылым академиясының Ленинградтағы әлемге әйгілі Пулковская обсерваториясының жанындағы аспирантурада оқыған. Шын мәнінде Бейсеналы аспан әлемін зерттеумен шұғылданатын қазақ қауымынан шыққан саусақпен санарлық ғалымдардың бірегейі болатын. Ол 1989 жылы енді ғана толысып, кемелденіп келе жатқан шағында, 39 жасында Ленинград қаласында зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген кезінде қаза болды. Тірі болғанда бүгінде егемен еліміздің аспан әлемінің зерттеушісі болып отырар ма еді, кім білсін?! Бейсеналының қазасы Бәтіш ана мен Тоқберген ақсақалдың жүрегіне қатты батты. Алайда тағдырдың ісіне қарсы келер күш қайда, амалсыздан Құдайдың басқа салғанына көнген еді. Сол бір қайғылы оқиғадан кейін Тоқберген ата 1993 жылы дүниеден өтті. Ал Бәтіш ана ұл-қыздарының, немерелерінің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп, 2009 жылы 83 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Өнегелі қариялардан тараған ұрпақтары: Дүйсеналы, Фариза, Абдалы, Әбжан, Әсия, Гүлзия, Эльмира, Нұржан – бәрі-бәрі бүгінде өмірден өз орындарын тапқан, өз орталарында сыйлы азаматтар. Өкінішке қарай, қыздардың үлкені Роза 2012 жылы науқастанып 60 жасында бақилық болды. Тоқберген ақсақал мен Бәтіш апа – ұл-қыздарын тек қана өнегелі, өрісті істерге тәрбиелей білді. Ұйымшылдыққа, жанашырлыққа, мейірімділік пен қайырымды болуға баулыды. Тоқберген ата балаларына ұдайы өнегелі әңгіме айтып отыратын. Отбасындағы осындай үлгілі тәрбие ұл-қыздарының мәңгі жадында қалған. Бұл күнде осы әулетте 34 немере, 80 шөбере өсіп-өніп келеді. Тәуелсіз Қазақ елінің уығын көтеріп, керегесін кеңейтуге аянбай атсалысып жүрген Нұралиевтар әулетінің абзал азаматтарының ілкімді ісі ел-жұртқа үлгі. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Артында қалған ұрпақтары туғанына жүз жыл толып отырған Тоқберген ақсақалға арнайы ас бергелі отыр. Сондай-ақ әке мен ана рухына тағзым етіп, ұл-қыздары перзенттік парызын өтеп келеді.
Есет ДОСАЛЫ