Ауылдар да автобусқа мұқтаж
Ауылдар да автобусқа мұқтаж
сөз болды. Тақырып аясында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, басқарма тарапынан облысаралық 13, ауданаралық 25 бағыт ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда, облысымызда халық тарапынан сұранысқа сәйкес, Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8, Шымкент қаласына 3, Қарағанды мен Астана қалаларына бір-бірден автобус бағыты ашылған. Тараз қаласы мен сегіз аудан орталықтарын жақындастыратын қала және ауданаралық бағыттар жұмыс істеуде. Сонымен қатар Тараз қаласын аудандардың елді мекендерімен қосатын 14 бағыт ашылған. Ауданаралық 25 бағытта әлеуметтік маңызды екі бағыт бар. Олар «Шу-Мойынқұм-Ақбақай», «Тараз-Шығанақ» бағыттары. Оған бюджеттен 35,5 миллион теңге қарастырылған. Алдағы жылы қосымша ауданаралық төрт автобус бағытын субсидиялау жоспарланған. Облысаралық 13 бағытқа қатынайтын 184 автобуспен 8 тасымалдаушы, ауданаралық 25 бағытта 194 автобуспен 10 тасымалдаушы серіктестік халыққа қызмет көрсетеді. Ал ауданішілік жолаушылар тасымалында 53 бағыт бар. Оның ішінде 13-і әлеуметтік маңызы бар бағыттар. Жамбыл және Қордай аудандарында ауданішілік бағыттар ұйымдастырылмаған. Ал Тараз қаласын қосқанда 371 елді мекеннің 220-сы ғана тасымалмен қамтылып, ол 61,9 пайызды құрады. Облысымыздың тұрғын саны 100 адамнан асатын елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін қосымша 54 ауданішілік бағыт ашуды қажет етеді. Тараз қаласында жолаушы тасымалымен 9 тасымалдаушы мекеме айналысады. Олар 34 автобус бағыты бойынша 340 автобуспен қызмет көрсетеді. Аппаратта аймақ басшысы алдағы үш жылда 54 автобус бағытын ашып, облыстың 371 елдімекенін толық қамту қажет екенін айтты. Бүгінгі таңда Байзақ ауданында екі бағыт ашылып, Тараз – Сарыкемер бағытында қатынауда екен. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзге аудандарға Байзақ ауданының жұмысын үлгі етіп алуды тапсырды. «Көп мәселе Тараз қаласына байланысты. Оқушы тасымалы мұнда қалай шешілуде?» деп сұрады қала әкімінен. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қалада 15 бағытқа сұраныс бар. Ол сұранысты қамтамасыз ету үшін 200 автобус қажет екен. Оның шешімін тек жаңа автобус сатып алып қана шешуге болады. Бірақ ол үшін кәсіпкерлер субсидия сұрап отыр. Субсидия қаралса ғана бұл мәселені шешуге болатынын айтты. «Автобустарды жаңалау кәсіпкерлер үшін қиындық тудыруда. Қала ішіндегі ұзын автобустардың қозғалысы теміржол үсті шағын ауданында көшелердің тарлығынан жол қозғалысына қиындықтар туғызуда. Тасымалдаушылар болса жаңа автобустар алуға ниетті, бірақ ол үшін субсидия керек. Бүгінгі таңда 29 автобус алу жоспарланған. Ол автобустар шекарада тұр. Оның біреуінің ұзындығы 10,5 метрді құрайды. Алдағы уақытта көшелердің тарлығы мен автобустардың қымбаттығына байланысты ұзын автобустардан бас тартқалы отырмыз», деді Тараз қаласының әкімі. Бұдан кейін аппарат кеңесінде жолдардың қысқа дайындық барысы қаралып, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков хабарлама жасады. Оның айтуынша, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын биылғы қараша мен желтоқсан айларында күтіп- ұстауға 189 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 23 мердігерді тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда анықталған мердігерлермен 186 бірлік жол техникасы, әртүрлі тіркемелер мен жабдықтар, 7010 тонна құм мен 890 тонна тұз дайындалған. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова қыс айларына жолдарды күтіп-ұстау бойынша дайындық барысынан хабардар етті. Оның айтуынша, жолды қардан тазалау үшін 51 техника дайындалған. Жол бойында 11 жылыту пункті орналастырылып, онда 150 жолаушыны қабылдауға мүмкіндік жасалған. Жолда қалғандарды ыстық тамақпен қамту да қаралған. Жалпы жолға қажетті инертті заттармен қамтуды 15 қарашаға дейін толық аяқтау көзделген. Басқарма жергілікті ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесе отырып, ауа райы жағдайына байланысты облыс тұрғындарын желі арқылы 112 қызметінің хабарын тарату, құбылмалы ауа райында жолды жабу барысын да көтерді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қыс айларына жолдың дайындығын аудан әкімдерінен жеке-жеке сұрап, дайындықты қазірден тиісті талаптарды сақтай отырып қамтамасыз етуді тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ