- Advertisement -

Алаш арыстарына айрықша құрмет

137

- Advertisement -

Қордай ауданына қарасты жалпы 47 мектептің 27-сіне Алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының есімі берілді. Оған дейін бұл білім ошақтары нар тұлғаларымыздың атымен емес,
жай ғана нөмірмен аталып келген болатын. Осылайша қордайлықтар өр тұлғаларымыздың өнегелі жолын өскелең ұрпаққа насихаттап отыр. Игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Тәуелсіз еліміздің киелі көне тарихында
«қара қазан, сары бала қамы үшін» қалтқысыз қызмет етіп, ақтық демі қалғанша азаттық жолында жанкешті тағдыр кешкен тұлғалар аз емес. Бүгінгі бағындырған белестеріміз үшін қиын-қыстау заманда тар жол, тайғақ кешкен азаматтардың есімі енді тек кітап беттерінде ғана оқылмай, әрбір өскелең ұрпақтың өнеге даңғылына айналатын болды.

– Бұл мәселе 2020 жылдың қыркүйек айында көтерілген болатын. Мектептерге ұлт зиялыларының атын берудің алдында әр ұжым арасында толыққанды талқыланды. Педагогикалық кеңестің күн тәртібіне қойылды. Соның шешіміне сәйкес, әрбір мектептің атауын осылай өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Нәтижесінде ұсыныс облыстық тілдерді дамыту басқармасына жолданды. Ол жақта барлық құжаттар әзірленіп, республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. Комиссия егжей-тегжейлі қарап, Үкіметке ұсынды. Осылайша Үкіметтің қаулысы шықты. Бұған дейін мектептер нөмірмен аталып келді. Қазақтың біртуар азаматтарын, елге, халыққа қызмет еткен бабаларымыздың атын ұрпаққа өсиеттеу
мақсатында ауданның 27 мектебіне есімдері берілді. Бізде кісі атауымен аталатын мектептер бұған дейін де болған. 1-ші мектеп-гимназияға Дінмұхамед Қонаев атамыздың, 4-ші мектеп- лицейге Балжан Бөлтірікова апайдың аты берілді. Президенттің жайлы мектеп жобасы бойынша ауданға жаңа үш мектеп салу жоспарлануда. Ауданның шығыс аймағындағы елді мекендерде мектеп жоқ болатын. Ол жерге 1200 орындық мектеп салынбақшы. Құрылыс басталғаннан кейін бұл мектепке де мемлекетіміздің белді
тұлғаларының есімі беріледі деп отырмыз. Тура осы секілді Қарасу мектебіндегі Пушкин атындағы 7 мектеп үш ауысымды болса, осы жерге 300 орындық мектеп салынбақ. Сол секілді екі елді мекеннің ортасына салынатын білім ошақтарымыз да бар. Жаңа мектептерімізге де тарихи тұлғаларымыздың есімдерін беру арқылы олардың өнегелі жолын жалғауды мақсат етіп отырмыз, – дейді Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков.

Қазіргі таңда Масаншы ауылында жиырма мыңға жуық тұрғын бар. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, жыл сайын осы ауылдың өзінен мектепке жаңадан 200-ге жуық бала келеді екен. Өз кезегінде біз аталған ауылға да арнайы атбасын бұрдық.

– Масаншы ауылында тұрғындардың көп болуына байланысты бала саны жылдан жылға артып келеді. Жаңа мектепті қолданысқа былтыр берді. Ал ескі ғимараттағы мектепте 540 бала оқыған болатын. Қазір мұнда 1141 бала екі ауысымда оқиды. 109 мұғалім жұмыс істейді. Жыл сайын қазақ сыныптарына сұраныс артып жатыр. Білім ошағымыз осы күнге дейін No50 орта мектеп деп аталып келді. Ұжым болып ақылдасып, әл-Фараби бабамыздың атымен атауға бел будық. Ата-аналар да зор ықыласпен қабылдады, – дейді әл-Фараби атындағы орта мектептің директоры Біржан Биенбаев.

Қазіргі таңда заманауи зәулім мектепте сапалы білім алуға толығымен жағдай жасалған. Басым көпшілігін өзге ұлт өкілдерінің балалары құраған күннің өзінде, барлығы бір үйдің баласындай білім нәрімен сусындауда. Мектептің жаңа атауына оқытушылар да, оқушылар да дән риза.

– Мектебіміздің әл-Фараби бабамыздың атымен аталғанына қатты қуаныштымыз. Сыныбымда 21 оқушы бар. Соның ішінде бір ғана қазақ баласы оқиды деп айта алмайсың. Себебі барлығы қазақша сөйлейді. Оған қоса мектеп формамыз көкшілдеу, ата-аналардың өздерінің ұсынысымен қосымша қазақы ою-өрнектелген көкірекше киеміз. Өзге ұлт өкілдері көп болғанымен мектебімізде қазақилық басым. Мұнда дүнген ұлтының ұстаздары да қазақша пәндерден сабақ береді. Алдағы уақытта оқушыларымыз әл-Фараби бабамыздың жолын қуып, атына кір келтірмей, еліміздің болашағын жарқын ететін тұлға боларына сенемін,– дейді аталмыш мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әсем Қалдар.

Айта кетсек, аудандағы No6 негізгі мектебіне Шерхан Мұртазаның есімі, No9 орта мектепке Әлихан Бөкейханның, No11 мектепке Спандияр Көбеевтің, No13 мектепке Міржақып Дулатұлының, No21 мектепке Сәкен Сейфуллиннің, No24 мектепке Мұхтар Әуезовтің, No25 мектепке Санжар Асфендияровтың, No40 мектепке Смағұл Сәдуақасұлының, No47 мектепке Мұхаммед Хайдар Дулатидің, No49 мектепке Оралхан Бөкейдің, No50 мектепке әл-Фарабидің, No51 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, No30 мектеп гимназиясына Шерхан Мұртазаның, No1 мектепке Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Алдағы уақытта да бұл игі іс жалғасын табатыны көңіл қуантады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support