Экономика

Шаруалар қолдаудан шет қалмайды

Шаруалар қолдаудан шет қалмайды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Меркі ауданына жұмыс сапары агроқұрылымдардың күзгі жиын-терін жұмысымен танысудан басталды. Әуелі аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округіндегі «Қуан және Д» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабында болды. Қожалық жетекшісі Жұмагүл Молдағұлованың айтуынша, шаруашылықтың суармалы 158 гектар алқабы бар. Оның 50 гектарына қант қызылшасы отырғызылған. Бүгінгі таңда алқаптан жиналған балтамыр «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тасымалдануда.

Аймақ басшысы келесі кезекте Меркі ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ ауылы іргесінде орналастырылған «Жеміс-жидек» ЖШС-дегі құлпынай алқабын көрді. Серіктестік өкілі Бақытжан Қожабайдың айтуынша, биыл 10 гектар алқабына тамшылатып суару арқылы құлпынайдың альбион сұрыбын көшеттен отырғызған. Сонымен қатар 10 гектар алқапқа таңқурай орналастыру үшін дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін серіктестік өз қаражаты есебінен 90 миллион теңге инвестиция салған. Кәсіпкер бұрын «Плодовоягодное» аграқұрылымы құлпынай өсірумен айналысқанын, алдағы уақытта сол тұстағы ауыл даңқын қайта жаңғырту үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. – Өскіндерді тамыз айында орналастырдық. Алда бұл алқаптан жылына 100 тонна өнім жинау жоспарымызда бар. Биылдың өзінде жаңа өскіндер өнім бере бастады. Қазір бір килограмын 1000-1500 теңгеден өткерудеміз. Бір атап өтерлігі, құлпынайдың бұл түрі төрт жыл үздіксіз өнім береді. Енді құлпынай өскіні қыстық ұйқыға кетеді, ал көктемнен бастап өнім жинаймыз деп үміттеніп отырмыз, – деді ол. – Пияз сияқты құлпынай алқаптарының да бір ортада шоғырланғаны жақсы. Өйткені алушыларға өнімді бір ортадан тонналап артып кеткен тиімді. Алда осы мәселе аудан басшылығының назарында болуы тиіс. Содан кейін тоңазытқышпен жабдықталған қойма салып, өнім қаптау цехын іске қосса, өзге шаруашылықтар бір орталыққа жиналып, бір жерден өнімін өткерген тиімді болар еді, – деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан кейін облыс әкімі осы округте жұмыс істеп жатқан «ECO MERKE» шаруа қожалығының да құлпынай алқабында болды. Қожалық екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шаруа қожалық жетекшісі Бекжан Жүзбаевтың айтуынша, құлпынай бес гектар алқапқа орналастырылған. Жылына 20 тонна өнім жинау көзделген. – Құлпынай алқабы тамшылатып ылғалдандырылады. Өнімі мол құлпынай көшеттерін Италия мен Испания елдерінен алдырдық. Алқапқа 130 мың альбион, 60 мың клэри, 40 мың кабрило сұрыптары орналастырылған. Жалпы бұл жобаның жүзеге асырылуына 70 миллион теңге қаржы салдық, – дейді ол. Кәсіпкер биыл бұл алқаптан 20 тонна өнім жинап үлгерген. Өнімін Тараз бен Алматы қаласына өткеруде. Аймақ басшысы сонымен қатар Ақарал ауылында орналасқан «Гүлдер» шаруа қожалығының көкөніс, жеміс-жидек қоймасының жұмысымен танысты. Қожалық жетекшісі Александр Бондарьдың айтуынша, жоба құны 170 миллион теңгені құрайды, ал жалпы сыйымдылығы – 1100 тонна. 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер қазіргі таңда жеміс-жидектің басым бөлігі өткеріліп, шамалы алма қалғанын айтты. Қойма алдағы жылы тиісті көкөніс пен жеміс- жидек қабылдауға дайын екенін айтты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Ақарал ауылындағы No5 мектеп-гимназиясының құрылыс жұмысымен де танысты. 1975 жылы пайдалануға берілген 640 орындық білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу құрылыс жұмысын «ТаразЭлитСтрой» ЖШС жүргізуде. Серіктестік өкілі нысанды желтоқсан айында пайдалануға беретінін айтты. Сонымен қатар Ойтал ауылында салынып жатқан 180 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмысын көрді. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС директоры Нұрболат Әбдірәсілов нысанды жобаға сәйкес алдағы жылдың наурыз айында тапсыратынын жеткізді. Қазіргі таңда құрылысшылар ғимараттың шатыр жабынын жабуда. Облыс әкімі Ойтал ауылында «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның қоймасында болды. Зауыт алаңында облыстың барлық аудандарынан жеткізілген балтамыр таудай болып үйіліп жатыр. Зауыт директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, зауыт қосылған күннен бастап өңделген балтамырдан 3700 тонна қант шығарылған. – Бүгінгі таңда қанттың зауыттан өткеру бағасы 450 теңге болып белгіленді. Биыл қант қызылшасының өткен жылға қарағанда өнімділігі жоғары. Негізінен қазір Жамбыл мен Байзақ аудандарынан тәтті түбір үздіксіз жеткізілуде. Бір ғана Шу ауданынан 55 мың тонна балтамыр қабылданды. Әлі осы көлемде тәтті түбір келуі керек. Жақында қамыс қантын өндіруді іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деп серіктестік директоры алдағы жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы «Меркі қант зауыты» ЖШС жұмысының жолға қойылуына Үкіметтің айтарлықтай қолдау көрсеткенін баса айтты. «Зауыт қуаттылығын алдағы уақытта 400-450 мың тоннаға жеткізу қажет. Зауыт толық қуатына шыққан кезде Тараз қант зауытын іске қосамыз. Олардың жылдық қуаты 70-80 мың тонна. Ендігі жерде шаруалар жақсы өнім жинауы үшін зауыт тұқым мәселесін өз мойнына алуы керек. Сол кезде өнім де мол, жұмыс та қарқынды болады. Зауыт шаруаларды осылай қызықтырып, өнімділікті арттыруы тиіс. Билік тарапынан қолдау қашанда жасалады, – деді Нұржан Нұржігітов. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасына бұған дейін ауданда Сұрат ауылдық округі енген болса, енді Ақермен ауылдық округі қосылып отыр. Округ әкімі Ғани Байдаулетовтың айтуынша, аталмыш қанатқақты жобаға округтегі 441 отбасы қатысуға ниет білдірген. Оның 310-ы үй іргесіндегі жер телімін игеруге қатысса, 137-сі ет және сүт бағытында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Атап айтсақ, бірінші бағыт бойынша 16 миллион теңге, мал санын арттыруға 341 миллион теңге қажет. Ал кооперативке 10 ауыл шаруашылығы техникасымен қатар тіркемелерін алуға 172 миллион теңге сұралуда. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан жеті жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, оның екеуі наубайхана, екеуі жылыжай ашуға, бұдан бөлек қолғап тігу, құмблок құю мен жүн өңдеу цехтарын ашу жоспарланған. – Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қанатқақты жобаның мақсаты жан-жақты түсіндірілуде. Жобаға қатысуға ниетті округ тұрғындарының қатары артып келеді. Кооперативке мүше болып ірі-ұсақ шаруа қожалықтары да кіруде. Соның бірі округтегі ірі агроқұрылым «Ильяс» шаруа қожалығы да техникасымен кіруге әзір, – деді округ әкімі. Нұржан Молдиярұлы жобаның маңызына тоқтала келіп, округте жұмысты жандандыруды тапсырды. «Осы жобаны жүзеге асыру барысында ауыл тұрғындары көтерген мәселені де шешіп кетуге тиіспіз. Жердің құнарлығын арттыру үшін тыңайтқыш алу аса қажет. Содан кейін су ұңғымаларын қазып, суармалы алқап көлемін тамшылатып ылғалдандыру арқылы көбейту қажет. Ал ауыл округі әкімі енді барлық жұмысқа араласып, қанатқақты жобаның сәтті жүзеге асуына себепші болуы керек. Сөйтіп, біз жоба аясында округтегі барлық мәселені шешіп, келесі округке ауысып кетуіміз қажет», – деп облыс әкімі жобаның маңызын тарқатып айтты. Келесі кезекте өңір басшысы No48 орта мектептің мәжіліс залында Ойтал ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, соңынан азаматтарды жеке қабылдауды. Мұндай жиын Сұрат ауылындағы мәдениет үйінде де өтті. Жиын сұрақ-жауап түрінде басталып, ауыл тұрғындары көкейінде жүрген сауалдарын аймақ басшысына еркін қойып, жауап алды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл азаматтары тарапынан қойылған барлық сауалға жауап берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Меркі ауданы.