Оқырманның ойын қозғаймыз
Оқырманның ойын қозғаймыз
«Ақ жол» көптің көкейіндегіні айтатын басылым» дейді қордайлық оқырмандар
Өз оқырмандарымен кезекті кездесуін «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова, фототілші Ақәділ Рысмахан және осы жолдардың авторынан құралған топ сейсенбі күні қордайлықтармен өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залына ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, зейнеткерлер мен кәсіпкерлер жиналған. Аудан әкімі Қайрат Досаев көпшілікке қонақтарды таныстыра келе, алғашқы сөзді басылымның басшысына берді.
– Тоқсан жылдан аса тарихы бар облыстың бас газетін сіздерге таныстырып жатудың қажеті шамалы, осы залға «Ақ жолдың» кіл жанашырлары жиналды деп ойлаймын, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы. – Алғашқы нөмірінен бастап газет облыс өңірінің шежіресін хаттап, жаңашылдықтың жаршысы болып, көкейкесті мәселелерді көтерумен келеді. Биылғы сәуір айынан бері басылымның бейнесін өзгертіп, мазмұнын тереңдетіп, тақырыптар ауқымын кеңейту жолында ізденістер жасап жатырмыз. Мәселен, «Тарих ақтаңдақтарын» ақтарғанда» айдарымен «Ақ жол» газетінің арнайы экспедициясымен алғашқы бір сапарымызда осы Қордай ауданының Қаракемер, Қарасай ауылдық округтеріндегі Кенесары ханның соңғы соғысы өтіп, ақтық демі үзілген жерлерде болып, қырғызбен шекараға дейін барып қайттық. Журналистік зерттеулер жүргізіп, бұрын айтылмаған, жазылмаған тың жайларға да қанықтық. Ең маңыздысы хан қаза тапқаннан кейін сүйегі жасырын көмілген жерді нақты білетін адамдардың барын білдік.
Сәтін салса, осы ізденісті жалғастырып, Шудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайындардың айылдарына дейін барып қайту жоспарымызда бар. Байқасаңыздар, қазір газетте өміршең, маңызын жоғалтпайтын мақалаларға көбірек орын берілуде. Көкейкесті тақырыптар бойынша арнайы беттер жарық көре бастады. Сондай-ақ, үштұғырлы тіл саясатына орай, ағылшын тілін меңгерем деушілерге газет бетінде арнайы маманның дәрісі беріліп келеді. Газеттің интернет сайтының ашылуы өз алдына үлкен жаңалық болды. Онда газетте жарияланған материалдармен қатар, басқа да қызықты бейне клиптерді тамашалай аласыздар. Басылым бетіндегі бұл өзгерістердің барлығы көзі қарақты оқырмандарымыздың тарапынан қызу қолдау табуда. Бүгінгі таңда өмірімізге ғаламтор жүйесі дендеп еніп, баспасөз басылымдарының электрондық нұсқалары пайда болуда. Көрермендер мен тыңдармандар ғасыры келді деп жатамыз. Дегенмен, күн сайын ертеңмен пошташы үйіңізге әкелетін, баспахана иісі аңқыған газетті қолға ұстап тұшынып оқудың жөні қашанда бөлек. Ауданда «Ақ жолдың» екі жарым мыңға жуық оқырмандары бар екен, бұл біз үшін үлкен күш. Әйтсе де 145 мыңдай халық мекендейтін үлкен ауданда газеттің таралымын үш мыңнан да асырудың мүмкіндіктері бар деп сенеміз. «Ақ жол» – облыс әкімдігінің ресми органы. Демек, мемлекет саясатын жүргізуші тетіктің бірі. Елбасымыздың аттан түспей дүниежүзін шарлап жүргендегі мақсаты – елдің қамы. Елімізде ұрыс-керіссіз тыныштық болса екен, халқымыз қиналмай бақуатты өмір сүрсе екен деп аянбай еңбек етіп жүр. Бүгінде еліміз жеткен биіктердің барлығы сол ерен еңбектің арқасында келіп жатыр. Елбасының сарабдал саясатын насихаттап халыққа жеткізу, оны жүзеге асыру жолында облыс көлемінде атқарылып жатқан іргелі істерді көрсетіп, өзекті мәселелерді көтеру, халықтың әлеуметтік жай-күйіне тұрақты назар аудару біздің басты бағытымыз. Елімізде кәсіпкерлікке даңғыл жол ашылды. Қолынан іс келгендер шаруаларын дөңгелетіп жатыр. Бұл да елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасы. Сондықтан ісі алға басқан кәсіпкерлер бұған тәуба келтіріп, Елбасының сөзі, тілі, құлағы болып отырған басылымдарға, оның ішінде «Ақ жолға» жазылымға атсалысулары керек деп білемін. Өз жұмысшыларымен қатар, күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасыларына, зейнеткерлерге газет жаздырып беру ісін қолға алса да құба-құп. Ал өз кезегімізде біз газеттің бір нөмірінен бір нөмірі қызықты болып шығуына, оның ішінде сіздердің өңірдегі жасампаздық істермен қатар, мәнді мәселелерге жиі назар аударып отыратын боламыз, – деп түйіндеді Көсемәлі Сәттібайұлы өз сөзін. Кездесу барысында қордайлық оқырмандар да «Ақ жол» жайлы өз пікірлерін ортаға салды.
Біржан Әлімбет, аудандық мәслихаттың хатшысы: – «Ақ жолдың» ұжымымен осындай жүздесулер өткізу жарасымды дәстүрге айналып келеді. Бұдан оқырмандар да, редакция да ұтады деп ойлаймын. Белсенді даму жолына түскен біздің ауданда жаңалықтар, өзгерістер өте көп. Жаңа мектептер, балабақшалар, жолдар салынып, өндіріс өркендеп келеді. Әлеуметтік жүйе және мәдениет саласындағы жаңалықтар өз алдына. Мұның барлығы көпұлтты қордайлықтардың еңбегімен жүзеге асуда. Оның ішінде жергілікті мәслихат пен оның депутаттарының да үлесі мол. Міне, мұның барлығы газет тақырыптары. Күнде кешкілік жұмыстан үйге келгенде жаңа газеттерге көз жүгіртеміз. Онда өз ауданымыздан жылт еткен шағын хабардың өзі көңілімізді өсіреді. Өңірдің бай тарихынан танымдық мақалалар жазылуын қалар едік. Сондай жақсы хабарлар көп болсын. Ауданымызда «Ақ жолдың» меншікті тілші қосыны ашылуы өте дұрыс болған.
Болат Сырманов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары: – Облыс өмірінің айнасы болып отырған «Ақ жол» газеті бүгінде көптің көкейіндегі түйткілді мәселелерді көтере отырып, оқырмандардың құрметіне бөленуде. Соңғы уақытта газеттің бет-бейнесі жаңарып, ел өмірінен, облыс, аудан аумағындағы жаңалықтармен қатар шешімін күткен проблемалар туралы да көптеп жазылуда. Әсіресе, сіздердің біздің ауданға келіп Кенесары ханның ақырғы соғысы өткен жерлерді аралап көргеннен кейін «Ақ жолдың» бір бетін тұтас алып жариялаған мақалаларыңыз өте қызығушылығымызды оятты. Бұдан басқа да аудан аумағында экспедиция жасауға лайықты тарихи орындар көп. Оның барлығы сіздердің назарларыңызда болғаны бізді қуантып отыр. Аудандағы «нұротандықтардың» басым көпшілігі «Ақ жолдың» оқырмандары екенін айта келе, газеттің Елбасының саясатын жүргізіп, «Нұр Отан» партиясының атқарып отырған жұмыстарын жан-жақты көрсетудегі бастамаларына алғысымды білдіремін.
Төле Сүгірбай, ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер: – Бұл кездесуді редакция өкілдерінің оқырмандар алдындағы есебі деуге болады. Осылай ара-тұра елге шығып жұрттың ойын біліп, ұсыныс тілектерін өз ауыздарынан есту журналистер үшін газеттің жұмысын алдағы уақытта жандандыруға аса қажет. Мен оқу бітіріп келіп қызметке араласқаннан бері облыстық газеттің оқырманымын. Содан бері жарты ғасырдан асты. Қазір де үйреншікті әдетпен газет кешіксе елегізіп, бір нәрсе жоғалтқандай беймаза күйге түсемін. Әрине, көптеген басылымдарды жаздырып алып оқимын. Соңғы кездері бір байқағаным, «Ақ жолдан» кейін басқа газеттерді қараудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, керектінің бәрі осыдан табылады. Ел көлеміндегі, облыстағы, тіпті, «Шартарап» айдарымен дүниежүзіндегі ең мәнді жаңалықтармен таныстырады. Бұрын спорт жағы онша жазылмаушы еді, енді «Алаш-Арена» айдарымен спорт әлеміндегі жаңалықтар кеңінен қамтылатын болды. Қазақ тілінің үлкен жанашыры болған біздің облыстан шыққан абзал азамат Шона Смаханұлының аруағын бір аунатып «Шөкеңнің шошаласы» деген арнайы көңілашар беттің ашылуы да құптарлық іс. Сондай-ақ, «Тылсым дүние» таңғажайып оқиғалар беті де қызықты. Газеттің интернет сайты ашылуы заман талабына сай жаңалық, газетті жарық көрген күні осы сайт арқылы оқуға болады екен. Әйтсе де, біз секілді егде оқырмандарға газетті қолға ұстап отырып, түп нұсқадан оқыған тиімді. Осы жерде бір мәселе бар, «Ақ жол» Қордайға шыққан күні емес, ертесіне келеді. Одан пошта таратушылардың үлгеруіне қарай тағы бір-екі күннен кейін жазылушының қолына тиеді. Ал шалғай ауылдарда екі-үш нөмірді жинап бірге апаратын жайлар да жоқ дей алмаймыз. Осы мәселе алдағы уақытта оң шешімін тапса жөн болар еді.
Зейнеш Әбдімәлікова, зейнеткер ұстаз: – Газеттің тұрақты оқырмандарының бірімін. Басылымды жаздырып алып оқитындардың дені мұғалімдер мен дәрігерлер, бюджеттік сала қызметкерлері. Ал енді осы мұғалімдердің бала тәрбиесіне қосып жүрген өлшеусіз еңбегі жайлы газетте көптеп жазылса. Біздің ауданда ұстаздық тәжірибесі насихаттауға лайықты, шәкірттерінің алды ғылымда, мемлекеттік қызметте, өнерде және спортта еліміздің даңқын асырып жүрген ұстаздар аз емес. Адамның басты байлығы – денсаулығын қорғау қызметінде де тер төгуші дәрігерлер жетерлік. Сондай-ақ, ауданнан асып облыс намысын қорғап жүрген өнер саңлақтарымыз да баршылық. Күміс көмей әнші бір ғана Қарлығаш Қожағазинаның өзі неге тұрады? Халқының сүйіктісіне айналған осынау күміс көмей, жез таңдай әншімізге мемлекеттік деңгейде бір құрмет көрсетілмей отырғаны жанымызға батады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы. «Ақ жол» көптің көкейіндегі осынау тілекке үн қосса екен дейміз. Кездесу соңында «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы қордайлық оқырмандардың ыстық ықыласына, сөйлеушілер тарапынан айтылған жылы лебіздерге алғысын білдіріп, ұсыныс тілектері алдағы уақытта ескерілетінін айтты.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.