Туған өлкем – қандай көркем

23

Тараздағы №4 кітапхана қызметкерлері «Туған өлкем – қандай көркем» тақырыбында тарих сағатын ұйымдастырды. Іс-шара барысында кітапхана меңгерушісі К.Бөлентаева «Тараз – Әулиеата – Жамбыл» атты кітап көрмесімен оқырмандарды таныстырып өтсе, кітапханашылар 2009 жылы жарыққа шыққан «Шуақты өлке!» атты кітапқа библиографиялық шолу жасады.

Оқырман оқушылар өлкеміз туралы тақпақтар айтып, ән шырқады. Олар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлының, ақындар Баймаханбет Ахметтің, Үміт Битенованың патриоттық өлеңдерін жатқа оқыды.

Тараз туралы қалам тартпаған ортағасыр ақындары кемде кем. Шығыстың жұлдызды шайырлары сұлулықты, әдемілікті, даналық пен пәктікті, инабаттылық пен оқымыстылықтың шыңын Тараз көрінісімен салыстырған.

Қазіргі танымал ақындарымыз да жырына Таразды үнемі қосады. Екі мың жиырма жыл жасаған Тараз –біз өмір сүріп отырған кеңістіктің ең ежелгі тарихы мен бүгінгі тағдырының адам таңғаларлықтай құрыш құймасы,тарихымыздың таразысы,ғажайып айнасы, бұлтартпас айғағы. Қызықты өткен іс-шара үшін оқырмандар кітапханашыларға алғысын білдірді.

 

Замира ОРЫНТАЕВА,

Тараз қалалық орталықтандырылған

көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты

№4 кітапхананың кітапханашысы.

 

 

 

 

Comments are closed.