Дәуір дарабозы

25

Мақұлбек Малдарбеков облыстық «Aq jol» газетінде 20 жыл бойы еңбек еткен ардагер журналист. Биыл 70 жасқа толып отырған журналистің 2 қараша күні Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Жүрек жылытқан жылдарым» атты шығармашылық кеші өтеді. Мерейтой иесінің Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы жазған «Дәуір дарабозы» атты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сұрапыл күштен жасқанбай желге қарсы самғап ұшқан дауылпаз іспетті қайран Шераға! Дауылға да қанаты қайырылмаған қайран қаһарман аға! Қаптаған текетірестің ортасында тауы шағылып,қайраты қайтпаған арыстан жүректі абызым! Қараорман қалың қазағының бар ауыртпалығын, тағдырлы қиын кезеңін иығымен көтеріп, мыңқ етпеген ақ маңдайлы арысым!

Халық ықыласына бөленген қаламгерді жұрт атын атамай Шераға деп құрметтеді, данагөй қариясындай сыйлады, сөзіне құлақ салды, жүректерінен орын берді. Қаламгер ағамыз сол құрмет биігінен аласармай, асқақ қалпында жұртының алдында жарқыраған ғұмыр кешті.

Қазақ баспасөзінің тұтас дәуіріне татитын қайталанбас із қалдырған ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақ журналистикасының жалауын биікте желбіретіп, абыройын асқақтатқан айбарлы да адуынды шақтардың бәрінде Шерағаңның қолтаңбасы айдай жарқырап тұрғандығы анық. Көзіқарақты қазақ оқырманы осы құбылыстарды айтпай-ақ таныды, жүректерімен зерделеп, ой қазанында қорытты.

Кеңестік қоғамның кесірлі кезеңінде елдің сөзін айтып, ұлттың жоғын жоқтап, мүддесін жоғары қойып, үнемі шындықтың шырағын жағып, отын маздатты. Ұлттық рухымызды қалғытпай сергек ұстап, азаттық жолындағы ұлы мұратқа бастап, Алаш қайраткерлері секілді рухани күш беретін жетекшімізге, жалынды жолбасшымызға айналды.

Елі мен жерінің тағдыры үшін жанын пида етуге, ұлты үшін у ішуге әрдайым даяр екендігін білдіріп, күрескерлік жолды таңдап, айқастардың қалың ортасында жүрді. Ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында бетпе-бет келген сансыз сауалдар мен салмағы мың батпан күрделі мәселелерді шешуге барынша атсалысты. Мәжіліс депутаты болып, мемлекет ісіне араласқан жауапты шақтарда айрықша белсенділік танытып, туған халқына қалқан боп, өз Отанын өз ата-бабасындай иемденіп, қорғап-қорғаштады. Азаттығымызға сызат түсіріп, ұлт мүддесін аяқасты етуге тырысқан зұлым күштерге арыстанша айбаттанып, қарсы шапты.

«Біздің Конституциямыздың бісмілләсі «Біз Қазақстан халқы» деп басталады. Кезінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қабылданған Конституцияны талқылау кезінде депутаттар арасында осы екі сөзге қиян-кескі айтыс туғаны есімде.

Неге Қазақстан халқы? Қырғызстан халқы деген халық жоқ. Қырғыз халқы бар. Өзбекстан халқы деген халық жоқ. Өзбек халқы бар. Ал біз неге қазақ халқы емес, Қазақстан халқымыз? Сөйтсек, Қазақстан көпұлтты мемлекет екен. «Қазақ халқы және Қазақстанды мекендеген басқа халықтар өкілдері…» деген біздің ұсынысымызды депутаттардың көпшілігі қабылдамай тастады. Жеңіліп қалғаныма өкіндім. Ренжідім. Сонда мені мұндай ренішке жетелеген не? Енді ойласам, ұлттық сана-сезім, жаратылыстан біткен түйсік екен».

Қазақтың Шерханы осылай күңіреніп, осылай шырылдайды.Талай ғасырлар бойы осы жердің иесі болып, қызғыштай қорғап, қасық қаны қалғанша жаумен алысып, осы күнге дейін сақтап келген қазақ халқы аяқастынан Қазақстан Республикасының халқына айналады. Осында жер аударылған және көшіп келген келімсектермен теңесіп, солардың қатарында қалғанын немен түсіндіруге болады? Тарих мұны кешіре ме?

Ұлт мәселесіне келгенде де қайсар ағамыз алдаспандай жарқырап, өткір мінезімен көрінді. «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейханның сөзін бойтұмар етіп жадында сақтап, ұлт мұратын бәрінен жоғары қойды.

Туған тілін жанқиярлықпен қорғаған бір адам болса, ол Мұртазаның Шерханы деп айтуымыз керек. Мәжілістегі сан түрлі айтыс-тартыстың бел ортасында төбе көрсетіп, қазақтың қайыспас қара нарындай бар жауапкершілікті мойнына алып, айтар сөзін бүкпейтін наркескеннің нақ өзі болып еді-ау! Тіл мәселесі көкпарға түскенде Шерағамыз қасқайып отырып, «Қазақ тілі мен орыс тілі мемлекеттік тіл болсын» деп езеуреген біреулерге «Қос тіл жыланда ғана болады. Бізге бір тіл керек, ол – қазақ тілі» деп ақырып айтқаны дүйім жұртқа кең тараған жоқ па?! Ақырында халық қалаулылары да осы тоқтамға келіп, тіліміз мемлекеттік мәртебесін сақтап қалды емес пе?!

«Кейде мен өзімді айдаһардың алдында отырған көжек сияқты сезінемін. Айдаһар талай-талай күштілерді жұтып жіберіп еді-ау!» деп толғанады торықпаған, ештеңеден қорықпаған Шерағам. Сол кезде билік басында ауыздарын айға білеген талай айдаһарлар отырды емес пе?! Тіл тағдыры шешілер тұста тарлан ағамыз оларды пысқырған да жоқ. Тағдырлы кезеңде тілін тартқан да жоқ. Алдында мың айдаһар тұрса да, бір кем сескенбей дауылпаз құстай ағысқа қарсы жүзді. Беті қайтпады, қанаты талмады. Депутат деген миссиясын абыроймен атқарып, оған адалдық танытты. «Қазақтың Шерханы» деген халықтың жүрегінен орын алды.«Мыңмен жалғыз алыстым,кінә қойма!» деп күңіренген ұлы Абайдың өзіне айналды.Ол жасқанбай, жалтақтамай шындыққа ғана табан тіреп, ақиқаттың ақ туын биікке көтерді.Қалам иесінің ерлікке тең әрекетіне,айбарлы үніне бас иесің.

Туған елінің гүлденген ғажап елге айналуын ғазиз жүрек аңсамады деймісің? Аңсағанда қалай! Көзі тірісінде кең байтақ елінің ұжмақ елдің қатарында болуын армандамай қалай өмір сүрді дерсің?! Сол арманға жету үшін шарқ ұрып, жаны тыным таппады. Қаламын қару етіп, сөз майданының жауынгері болып, шығармаларын бұрқыратты. Соның бір дәлелі «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген еңбегі.

Бұл шығарманың дүниеге келуіне түрткі болған Камал Смайылов ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген /25.06.1996ж./ «Қазақстан. XXI ғасыр» атты көлемді мақаласы еді. Камал ағамыздың айтуынша, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің жаңа ғасырда жетуге болатын табыстары мен мүмкіндіктері өте мол екен. Атап айтқанда, Қазақстан жері миллиард адамды асырай алатындығын, қазір егінжай аумағын 40-50 миллион гектарға жеткізіп, сол жерден бір жылда 250 миллион тонна астық алуға болатындығын, еліміздің қазба байлықтары 10 триллион доллар екендігін, Каспий жағасындағы құрлықтан жылына 100-150 миллион тонна мұнай шығару мүмкін екендігін айта келіп, озық елдердің үлгі-өнегесімен жүру керектігін алға тартады.

Шерхан ағамыз «Осы байлықтың иесі кім, алтын сандықтың кілті кімде?» деген сауалмен Камалға жауап хат жазады. «Қазақстан жеріне көз алартып отырғандардың бар екендігін, Солженицын, Жириновский дегендердің қазақ жерін қашан аламыз деп құзғын тазқарадай құлқын қағып жүргендерін, қазақтың дүркін-дүркін қырылып, өспей қалғанының бір қырсығы – осыншама жерге өзгелердің өзеурей қарағандығынан емес пе еді», деген сауал тастайды. Осындай күдік сұрақтар негізінде жалғасқан әңгіме жұртты елең еткізді.

Қос қаламгер елімізде қалыптасқан қадау-қадау мәселелерді ой елегінен өткізіп, Алаш зиялыларының ұлы мақсат-мұраттарына адалдық танытып, қазақтың кең байтақ даласы мен рухани байлығын сақтап қалу керектігін елдің есіне салады.«Сатылмаған не қалды?» деген күрделі сұрақты да Шерағамыз тайсалмай қоюдың өзі шындықты шыңғыртып айта білген нағыз жүрек жұтқан қаламгердің батылдығы емес пе?! «Өтпелі кезең өкіндірмесін», – дейсің. Өкіндірді. Әлі де өкіндіре берсе, өкініш түбі өртке айналады.

Өкініш – ашу-ызаның алғышарты. Теңізде дауыл тұрса, кемеге отырмас болар. Ашуға басу болсын. Ол үшін жемқорларға, парақорларға, ұрыларға қарсы қаһарлы күресті Президенттен бастап, әрбір адал ниетті азамат аяусыз жүргізуі керек. Қазақстан тәуелсіздігі сонда сақталады. Қазақстан сонда өркен жаяды» деген Шерағамның сөзі Елбасыға арналып тұрған жоқ па? «Бәрінен түңіліп, торыққанда түсер пайда не? Өз Отаныңды, өз жеріңді өкпелеп тастап кете алмайсың. Еліміздің ертеңіне сенейік» дейді Камал досы.

«Елім,саған айтам» деп, еліне айтарын айтты. Ал Елбасы тыңдады ма? Қаламгер қадап-қадап айтқанда, ел тізгінін ұстағандар бұған құлақ асты ма? Міне, мәселе осында. Қаламгер не айтса да, қауіп еткеннен айтады. Шырылдаған дауысты естімегенде не болады? Өрт болады, азан-қазан дүрбелең болады. Дүрліккен дүниеде береке болмайды. Шерағам бекер айтпаған екен, көрегендікпен айтқан екен! Ауызы дуалы, қайран Шераға!

Шындық айтқанды кім жақсы көрсін? Әсіресе билігі бар жуан қаралар. Өйткені жемқорлығы мен ұрлық-қарлығының әшкере болғандығын ешкім қаламайды. Құдіреттілер жендет жалдап, өлтіре салуы әбден ықтимал. «Әр жерде шыншыл журналистерді атып кетіп жатқаны рас. Қайда барып тығыласың? Шындықтың жолы– қиын жол. Біздің тағдыр Аспан компьютерінде жазулы тұр. Қашан, қай жерде, қай күні, қай сағатта, қай минутта. Ол ноқтадан ешкім қашып құтыла алмайды», – дейді Шерағам досына жазған хатында.

Жарық дүниеде адал дос болып, хат жазысып сырласқан қос қаламгердің бірінің татар дәмі таусылды. Камал досы дүниеден өткенде қатар жүрген Шерханы қатты қайғырып, жоқтауын жалпақ жұртқа жария етті.

«Қайран Камал! Біз екеуміз бір-бірімізге хат жазысып, бір-бірімізге ұдайы жақсылық тілеуші едік. Елдің, қазақтың арманы мен аңсарын айтып, ол хаттар «Егемен Қазақстан» атты аға газетте жарияланып жатушы еді. Енді не болды? Заманның дидары мен кепиеті туралы сырларымды енді кіммен бөлісемін? Сен тым ақкөңіл, адал едің ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшіліктерді мен ашына жазғанда, сол қоғамдағы зәредей жақсылықтарды тізбелеп, маған басу айтушы едің. Заманның, қоғамның алдағы күндерде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететінін дәлелдеп, ұдайы да үміт отын жандыратынсың. Кім енді менімен сыр бөлісіп, армандар, тілектер айтысып, кім енді маған хат жазады? Әттең, дүние… Екеуміз жұп жазбай Ұлытауға барып-қайтып жүретін заман-ай! Сенсіз дүние– бір кем дүние», – деп қабырғасы қайыса айтқан жоқтауы жүректерді шымырлатып еді-ау!

Шерхан ағамыздың 60 жылдығы өзі туып-өскен Жуалы жерінде кеңінен тойланды. Сол жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін атқарған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз той төрінен табылып, мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Жеңіл автокөлік, әдемі ер-тұрманы бар бірнеше арғымақ пен шудалары желбіреген бірнеше түйе сыйға тартылып, құрмет көрсетілді.

Қаламгер ағамыз өзінің мерейтойында қатты толқыды. Тебіреніп сөйледі. Еліне, халқына, өзіне құрмет көрсетіп жатқан ағайын-туыстарына жүрек сөзін арнады. «Абыройымды асқақтатып, биікке көтеріп жатқан сый-құрметтің барлығын көтере алам ба, жоқ па? Асып-тасып кетпеймін бе? Соны көтере алатын бір Алладан күш-қуат тілеймін. Сыйға берілген малдың бәрін Алматыға апарып, балконда ұстаймын ба? Осында қалдырамын. Оның бірін ауылдың мектебіне, тағы бірін балабақшаға беремін. Қалғанын кемтарларға бөліп беріңдер», – деді жаны жайсаң жампоз ағамыз.

Көрнекті жазушының 80 жылдығы Жуалының жасыл баурайында бар сән-салтанатымен атап өтілгені елдің есінде. Әбіш Кекілбаев ағамыз Шерағаның әдебиет айдынында айдай жарқыраған тұлғасын көркем сөзбен керемет кестеледі. Сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ақжарма тілегін арнап, Алматыдан үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Шерхан ағамыз біраз жыл Таразда тұрды. Бірнеше рет жүздесіп, үйінде қонақ та болдым. Қаламгермен сұхбаттасып, ішкі жандүниесіне үңіле түсіп, әңгімеге тарттым. Әдебиет пен мәдениетіміз, ұлтымыз бен тіліміз, дініміз бен діліміз жайында терең толғанды. Өткен өміріне шегініс жасап, ауыр кезеңдер мен қиын-қыстау шақтарда белі бүгілмей,сағы сынбаған сәттерін есіне алып еді Шераға. Айтатын әңгімесі таусылмайтын сияқты болып көрінген. Кейде ауыр күрсініп, терең ойға батып, үнсіз қалушы еді.

Шерағам шерін тарқатқандай болып, бір жеңілденіп қалғаны бар. Мен кетуге ыңғайландым. Өз дәуірінің дауылпазы болып, ешкімге дес бермеген қайраткер ағам орнынан көтеріліп, қабырғада тұрған кітаптарына қарады. «Менің бар байлығым да, асыл қазынам да осы кітаптар. Одан басқа дүнием жоқ. Шерхан Мұртаза болып, атым шықты. Одан не пайда? Шерхан Мұртаза деген фамилия менімен тоқтайды», – деді ауыр күрсініп. Менің жүрегім сыздап қоя берді. Қайсар ағаның қамыққанын көріп, қиналдым. Жұбататын сөз таба алмадым. Іштен тынып, іштен күйзелдім. Ол кісі теріс бұрылып, тағы да терең ойға берілді. «Бір кем дүние» деген, бәлкім, осы болар?!

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі.

 

 

Comments are closed.