Жаңалықтар

Сүрлеуі бөлек Сейілбек

Сүрлеуі бөлек Сейілбек

Алты Алаштың арысы, аңыз адам, биыл 110 жылдығын атап өткен Дінмұхамед Қонаев ел басқарған және 100 жылдығын тойлаған Асанбай Асқаров облысты басқарған жылдары қатар еңбек етіп, замандас, пікірлес болған қадірлі азаматтың бірі – Сейілбек Әбдиевтің де жүз жылдығы. Димаш ата елге келгенде Секеңді іздеп тұратын еді. Ал Асанбай Асқаровпен қан майданда жаумен бірге шайқасқан. Жас кезінен еңбекке ерте араласқан Секеңнің өмір жолы – өнегелі жол болып қалыптасты. Сүрлеуі– даңғылға айналды. Еңбегі еленіп, елінің қадірлісі болды. Бірақ кеуде қақпады. Қарапайымдылығымен халықтың, еңбек адамдарының ортасында болды. Төбесі көрінсе төңірегі түгел құрметтеп, төріне шығарды.

Өткен сенбі күні «Бақ сарайы» мейрамханасында Сейілбек Әбдиевті еске алу шарасы өтті. 2007 жылы қаңтар айында «Сейілбектің сүрлеуі» бірінші кітабының тұсаукесері өткен болатын. Бұл жолы «Сейілбектің сүрлеуі» екінші кітабының тұсаукесері өтті. Алғы сөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер-журналист Баттал Жаңабайұлы. Кітаптың тұсауын еңбек ардагерлері – Секеңнің көзін көрген, Талас ауданының қадірлі қариялары – Тыныс Сейдуанов, Мәдібек Мылтықбаев, Төлеубек Есдәулетов қиып, көзкөргендер естеліктерімен бөлісті. Құран оқылып, ас берілді. Келген көпшілікке Секеңнің бауыры Қанжан Әбдіұлы, үлкен қызы Кәмшат Сейілбекқызы, үлкен ұлы физика-математика ғылымдарының кандидаты Қали Сейілбекұлы алғыс білдірді. Сейілбек Әбдиев 1922 жылы Талас ауданында өмірге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Бостандық орталау мектебінде мұғалім болып бастап, оқу ісінің меңгерушісі, 1942 жылдың наурызына дейін Алғабас орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мамыр айында соғысқа шақырылғанға дейін директор болып қызмет етеді. 1942 жылдың мамыр айынан Қызыл Әскер қатарында, сол жылдың тамыз айына дейін Фрунзе қаласында жаяу әскер училищесінде кіші командирлер дайындайтын курста болды. Одан кейін 1943 жылдың сәуіріне дейін Сталинград майданында соғыста, жараланғаннан кейін әскери госпитальда болды. Соғыс кезіндегі әскери атағы – сержант, қызметі – бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары (226-шы атқыштар дивизиясы, 989-шы атқыштар полкы). Секеңнің әкесі Әбді, інісі Сардан да соғысқа қатысқан. Үшеуі де елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде еңбек етіп, ел абыройына бөленді. Секең елге келген соң «Ынтымақ» колхозында есепші, қоғамдық жұмысы – колхоздағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. 1943-1946 жылдар аралығында Талас аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1946-1950 жылдардың желтоқсанына дейін Талас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1951жылдың шілдесіне дейін Талас аудандық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, осы жылдың шілде-желтоқсан айларында Кеңес Әскері қатарында. Әскери атағы – лейтенант, қызметі – көпір құрылысы батальоны, рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары. 1952-1953 жылдар аралығында Красногор аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1953-1954 жылдары Талас аудандық партия комитетінің хатшысы, 1955-1959 жылдары Меркі қой совхозы партия ұйымының хатшысы, 1959-1962 жылдары Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы, 1962-1963 жылдары Еңбекшілер депутаттары Талас аудандық советі атқару комитетінің төрағасы, ал 1963-1984 жыл аралығында зейнетке шыққанға дейін «Бостандық» кеңшарын 21 жыл басқарды. Шаруашылықты ірі совхозға айналдырды. Секеңнің қол астында еңбек еткен азаматтар қатарынан 11 совхоз директоры шықты. Сонау жетпісінші, сексенінші жылдары Талас ауданында үш азаматтың есімі қатар аталатын. Олар – «Үшарал» қой совхозының директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев, «Ойық» қой совхозының директоры Әнуарбек Тәжімбетов және «Бостандық» совхозының директоры Сейілбек Әбдиев. Секеңнің інісі, марқұм, өнер майталманы Болат Бекжановтың сөзін де, әнін де өзі жазған «Үш таған» әні төменгі Таласқа белгілі Әнуарбек Тәжімбетов, Жамаубай Айтқұлов және Сейілбек Әбдиевке арналған болатын. Бұл ән бүгінде ағайын-туыстың әнұранына айналғандай. Өмір жолы өнеге, еңбек жолы еңселі Сейілбек Әбдиевті еске алу шаралары Алматы қаласында жалғасады.  

Есет ДОСАЛЫ