Денсаулық

Кәсіпкерлер қолдаудан кенде емес

Кәсіпкерлер қолдаудан кенде емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында журналистердің басын қосқан кезекті тақырып – «9 айдың қорытындысы: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеген және қорғаған жобалар туралы» болды. Баспасөз конференциясына палата директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Әбдіқадыров, директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпорындары арасында проблемалық мәселелерді, кадр тапшылығын анықтау мақсатында онлайн сауалнама жүргізген. Нәтижесінде 530 ұйымға 4 252 маман қажет екені, алдағы 2022-2024 жылдар аралығында 10 мыңға жуық маман қажеттілігі анықталады. Маман тапшылығы 17 сала бойынша бар екені белгілі болған. Сауалнама барысында мұнымен қоса, бизнестегі ең негізгі мәселелер де айшықталған. Олардың ішіндегі ең бастылары – кәсіпке айналым қаражатының жетіспеушілігі, тұрақты сатылымның болмауы, шикізат проблемалары және әкімшілік кедергілер. Биыл жыл басынан бері палатаға 173 өтініш түсіп, 90 345 561 теңге сомасына құқықтар қорғалған. Негізгі проблемалардың қатарында сатып алу, жер қатынастары, субсидиялау және несиелеу секілді мәселелер басым. Жергілікті отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында кәсіпкерлер палатасы тарапынан бүгінгі күнге дейін жергілікті өндірушілердің тауарларына 159 СТ-КЗ сертификаты, 3 индустриялық сертификат және экспортталатын тауарларға 3 927 шығу сертификаты беріліпті. Сондай-ақ кәсіпкерлер палатасы жанында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» да ашылған. Бүгінгі күнге дейін 424 әйелге 1 432 қызмет түрі көрсетілген. Менеджер-кеңесшілер тарапынан 185 шағын орта бизнес өкілдеріне бизнес жоспар жазылып, қаржы институттары арқылы 37 кәсіпкер жалпы сомасы 263 миллион теңгеге қаржыландырылып, өз кәсіптерін ашқан. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымына 1,8 миллиард теңге бөлініп, 356 жоба қаржыландырылған. Брифинг соңында спикерлер журналистер сауалдарына жауап берді.  

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА