- Advertisement -

Ғалымға құрмет көрсетілді

402

- Advertisement -

Халқының қасиет-қалыбын тереңнен зерделеп, ұрпаққа ұран еткен аға буынның жүріп өткен дара жолы кейінгілер үшін өлмес өнеге, айнымас қазық. Қазақ ғылымы мен руханиятының өркен жаюына қомақты үлес қосқан тұлғалар хақында сөз қозғағанда халқымыздың біртуар азаматы, физика-математика ғылымдарының докторы және профессор, академик Нарғозы Данаев туралы айтпай кетуге болмайды.

Нарғозы Тұрсынбайұлы 1948 жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңмен қатарлас келіп, бала болса да көптеген қиыншылықты бастан кешірді. Жастайынан білім сүйген, ғылымға құштар, ізденімпаз қазақтың қара баласы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, үлкен өмірге қадам басады. 1972 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқуға түсіп, «Қолданбалы математика» мамандығын алып шығады. Нарғозы Тұрсынбайұлының ғылымға деген ынтызарлығы студенттік өмірдің алғашқы күндерінен санасын жаулаған десек, артық айтқандық емес. Ғалым жылдар өткен сайын ғылым мен ілімнің тұңғиығына бойлай берді.

Н.Данаев өзінің тынымсыз да берекелі еңбегінің арқасында ғылым шыңына көтеріліп, абыройға кенелді. Артында өшпес із қалдырды. Сондықтан халқының жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған Нарғозы Тұрсынбайұлының өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету аса маңызды. Ғалымның есімі мен еңбегін насихаттау, жастарға үлгі ету мақсатында туған жері Жамбыл облысында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, Тараз қаласындағы №51 орта мектепке биыл ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі №204 қаулысына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігінің 2022 жылғы 16 тамыздағы №188 қаулысына сәйкес Нарғозы Данаевтың есімі берілді. Ал жуырда аталған білім ошағында Нарғозы Данаев атындағы конференция залы ашылды. «Ғұламалығы мен ағалығы біртұтас тұлға – Нарғозы Данаев» тақырыбында өткен шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаева, профессор, ғалымдар, Нарғозы Тұрсынбайұлының туысқандары және мектеп ұжымы қатысты.

Салтанатты шара басталмас бұрын кеш жүргізушілері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың және «Astana IT University» ректоры Ахмет-Заки Дарханның құттықтау хатын оқып берді.

Мұнан кейін құттықтау сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков шараның маңыздылығына тоқталып, Нарғозы Тұрсынбайұлының отандық ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Ғұмыр бойы кемел білім мен келелі тәжірибелерін келешек ұрпақ жолына бағыттап, отандық ғылымның отымен кіріп, күлімен шыққан тұлғаның өнегелі өмір жолы ғылым жолын таңдаған талапкер жастарға ғибрат болуы тиіс. Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Нарғозы Тұрсынбайұлы секілді алыптарымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – деген Махметғали Нұрғалиұлы игі іс-шараны өткізіп жатқан мектеп басшылығына үлкен ризашылығын жеткізді.

Ал ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының кандидаты Нарбота Данаев саналы өмірін ел болашағына арнаған ағасының қайраткерлік жолына қысқаша тоқталып өтіп, шараны ұйымдастырушыларға ыстық ықыласын білдірді.

Жалпы тағылымы мен тәлімі мол шара барысында ғалым атындағы конференция залы ашылып, «Өнегелі өмір» тақырыбында көрініс сахналанып, Нарғозы Данаевқа арналған бұрыш таныстырылды.

Сондай-ақ мектеп оқушылары шараға қатысқан қонақтармен кездесіп, еркін пікір алмасып, көкейлеріндегі көп сауалына жауап алды.

Салтанатты шара соңында Нарғозы Данаев атындағы орта мектептің директоры Жанна Оңғарбаева білім ошағында алдағы уақытта физика-математика бағыты бойынша тереңдетіп оқыту жоспарланып отырғанын айта келіп, құрметті қонақтарға өз алғысын білдірді.

 

Айман АБДРАСИЛОВА,

Нарғозы Данаев атындағы

орта мектептің математика

пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support