Нұрлы жолға бастау, ауқымды іске арқау
Нұрлы жолға бастау, ауқымды іске арқау
«Нұр Отан» даму көшін алға сүйрей береді
Бейсенбі күні Тараз қалалық мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, партия қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, бірқатар облыстық және қалалық мекемелер мен кәсіпорын басшылары, жастар қоғамдық бірлестіктері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік Әнұранмен ашылған алқалы басқосуда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер және «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің 2012 жылдың қазаны мен 2014 жылдың қазаны аралығында атқарған жұмысы туралы мәселе күн тәртібінен шығарылды. Бұл бойынша партия қалалық филиалының төрағасы Қаржаубай Бекболатов баяндама жасады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатты жүзеге асыруға бағытталған Жолдауын «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген Саяси кеңесінде жариялауы партияның алдына асқаралы асулар белгілеп берді, – дей келе Қ.Бекболатов Жолдаудың негізгі басымдықтары мен одан туындайтын міндеттерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, партия қалалық филиалы саяси кеңесінің 2012 жылдың қазаны мен 2014 жылдың қазаны аралығында атқарған жұмысына жан-жақты талдау жасады.
Бүгінгі таңда партия Тараз қалалық филиалы – 62 бастауыш партия ұйымы мен 14791 партия мүшесі бар облысымыздағы ең іргелі саяси ұйымдардың бірі. Есепті мерзімде партия Жарғысына сай атқарылған істер мен ішкіпартиялық тәртіпті нығайту нәтижесінде, партия қатары саяси ерік-жігері қалыптасқан саналы азаматтармен толыға түсті. Нәтижесінде соңғы екі жылда 319 адам өз тағдырларын «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыстыру жөнінде шешім қабылдады. Бұдан қала тұрғындарының «Нұр Отанға» деген сенімі мен беделінің артып келе жатқанын анық көруге болады. Соңғы жылдары партия қатарында қабылданған жастардың, әйелдердің және шағын, орта бизнес өкілдерінің санының көбеюі соның айқын дәлелі. Ал керісінше сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен заң бұзушылық әрекеттері үшін 14 адам партия қатарынан шығарылып, 16 партия мүшесіне сөгіс және 1 партия мүшесіне ескерту жасалды. Екі конференция аралығында партия қалалық филиалы мен оның құрылымдары партияның 12 жобасын іске асыруда үлкен ұйымшылдық танытты. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық», «СТОП, қылмыс», «Партияның 50 тұлғасы», «Бақытты отбасы», «Сәтті қадам» сияқты аса маңызды жобалары қалалықтардың үлкен қолдауына ие болды. Жобалардың шеңберінде көптеген қоғамдық-саяси және танымдық шаралар өткізілді. Осы жобалардың ішінде, бір ғана партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және оларды жұмысқа орналастыру мақсатында он рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 38 азамат тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік алды. Осындай игілікті істерді іске асыруда өз ісіне адал және партия саясатына шын берілген қатардағы партия мүшелері мен партия белсенділерінің қосқан үлесі өте зор. Өйткені, партия қалалық ұйымы соңғы жылдары барлық жұмыстарын бастауыш партия ұйымдары мен топтарына арқа сүйей отырып жүргізуі өз нәтижесін беруде. Бұл, партияның тірегі, оның мүшелері екендігінің тағы да бір дәлелі. Осы орайда баяндамашы қаладағы «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл-ГРЭС», «Облыстық туберкулезге қарсы балалар ауруханасы», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты», «Минералды тыңайтқыштар зауыты», «КазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл филиалы», «№1 қалалық емхана» және «Қазпошта» АҚ» сияқты белсенді партия ұйымдарының жұмыстарын ерекше атап өтті. Жалпы қалалық филиалдағы қоғамдық қабылдау бөлімдері соңғы екі жылда тұрғындардың арыз-өтініштерін қарауға, олардың оң шешімін табуға жете мән беріп келеді. Мысалы, 2013 жылы 274 арыз-шағым мен өтініш қаралып, бірқатар мәселелер оң шешімін тапты. Оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 17, жұмысқа орналасу бойынша 54 өтініш қаралып, 39 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Ал биылғы жылдың он айында 535 әр түрлі тақырыпта арыз-шағымдар мен ұсыныстар қаралды. Оның ішінде, қоғамдық қабылдау арқылы мүмкіндігі шектеулі 4 азамат жұмысқа орналасты. Баяндамасының соңын Қаржаубай Бекболатов: – Биылғы жыл «Нұр Отан» партиясы үшін ерекше жыл. Өйткені, партияның саясат сахнасына шыққанына биыл 15 жыл толып отыр. Бұл биылғы жылдың ерекше оқиғаларының бірі деп білемін. Нұрлы жолға бастау, ауқымды іске арқау болып отырған «Нұр Отан» ең бірінші кезекте – халықтың партиясы. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы – елінің сенімін, халқының үкілі үмітін ақтап келе жатқан еліміздің басты саяси органы. Алдағы жылы қала көлемінде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» атты жобасы өз жұмысын жандандыруы қажет. Бүгінде облыс орталығында 137 Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады. Сондықтан, Жеңіс солдаттарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына талдау жасауды және қолдау көрсету жолдарын зерделеуді бүгіннен бастап қолға алу – біздің міндетіміз. Сондай-ақ, Елбасы ендігі жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Бұл маңызы зор мәселе кешегі Жолдауда да айрықша көрініс тапты. Партияның қалалық ұйымы осындай маңызды міндеттерді іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайтын болады, – деп түйіндеді. Есепті баяндама аяқталған соң оны талқылауға кезек берілді. Алғаш болып сөз алған делегат, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева жастарға білім беретін оқу орындарының партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудағы рөлі ерекше екендігін, 276 мүшесі бар колледждегі партия тобының партия қалалық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған мазмұнды, тағылымды іс-шараларға белсене қатысқанын тілге тиек етті. Мұнан соң сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Балабек Нарбаев, «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» директоры Леонид Франгулиди Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан күтілетін нәтижелер, партия сайлауалды тұғырнамасының жемісі, алдағы айқын мақсаттар туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Келесі кезекте жарыссөзге шыққан партияның қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директоры Эльмира Мырза-Ғали өз ойын «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтастыра өрбітті. «Кейбір кездерде үміттен гөрі күдікке бой алдырғыш, сенімнен гөрі күмәнді серік еткен ағайынның келмеске кеткен Кеңес өкіметін аңсап, «Бізде біртұтас идеология жоқ» деп кері тартып отыратынына қайран қаласың. Осындайда Махмұд Қашқаридың «Құдықтағы суға иттің тұмсығы жетпейді» деген даналық сөзі еріксіз еске оралады. Әйтпесе, Елбасымыздың жыл басында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мұрат еткен, кешегі «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында тағы да ерекше мән беріп, еске салған «Мәңгілік Ел» идеясынан асқан қандай идеология керек?!» – деді Э.Мырза-Ғали. Мұнан соң мінбеге көтерілген орыс ұлтының өкілі, «Мерей» өнер студиясының құрылтайшысы Светлана Бойко да мемлекеттік тілде сөйлеп, «Біз, «Нұр Отан» партиясы қатарындағы жастар «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттап, «Нұрлы Жолмен» бірлігімізді сақтап өтейік» деген тілегін жеткізді. «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі, делегат Бақкелді Тұрсынбектің де жалынды сөздері замандастарын жігерлендіріп тастады. Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйледі. – Тарихы терең Тараз қаласының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан «нұротандықтар» үшін бұл басқосудың орны ерекше. Есепті мерзімде партия жұмысының мазмұндылығын арттырған айтулы оқиғаларға толы болды. Партияның ХV съезінде қабылданған Саяси Доктринамыз еліміздің жасампаз болашағын қамтамасыз етуге бағдарланған. Жалпыұлттық бағдарлама «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын іске асырудың идеологиялық тірегі ретінде бекіді. Осы орайда өзара сабақтасып жатқан ең бірінші ұлт мұраты – «Қазақстан-2050» Стратегиясы болса, екіншісі саяси идеологиялық рөл атқаратын Доктринамыз және үшіншісі партияның сайлауалды тұғырнамасы. Осы бас бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы біздің халық алдындағы уәделеріміздің үдесінен шығудың, олардың жарқын үмітін ақтаудың бірегей жолы. Күні кеше ғана Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында сайлауалды тұғырнаманың орындалуын талқылап, бүгінгі дағдарыс жағдайындағы жаңа экономикалық саясатты жариялады. Бұл саясат нақты көрсеткіштерге қол жеткізетіні сөзсіз. Оған біздің әлеуетіміз де, күш-жігеріміз де, тәжірибеміз де жеткілікті. Осы тұрғыдан жергілікті атқарушы органдар мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілуде,– деді К.Көкірекбаев. Алқалы басқосуда партия қалалық филиалы саяси кеңесінің есепті мерзімде атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді. Сонымен қатар ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Алдымен партия Тараз қалалық филиалы саяси кеңесінің құрамы бекітілді. Облыс әкімі К.Көкірекбаев партия қалалық филиалы төрағалығына қала әкімі Нұржан Календеровтің кандидатурасын ұсынды. – 1998 жылдан бері «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының пилоттық жобасына сәйкес, республика бойынша партия Тараз қалалық филиалының төрағасы ақылы негізде қызмет атқарып келді. Бүгінде партия Орталық аппаратының ұйғарымымен Тараз қалалық филиалының аппараты еліміздегі бірыңғай құрылымдық жүйеге келтіріліп, филиал төрағасы қоғамдық негізде жұмыс атқаратын болады. Осыған орай, ақылы негізде қызмет атқарып келген филиал төрағасының өкілеттілігі тоқтатылады,– дей келе Кәрім Нәсбекұлы Нұржан Календеровтің өмірбаянымен таныстырды. Делегаттар ұсынылған кандидатты жақтап, бірауыздан дауыс берді. Сонымен қатар өңір басшысы көп жылдардан бері партия Тараз қалалық филиалының төрағасы қызметін атқарған Қаржаубай Бекболатовқа алғысын білдіріп, жаңа төрағаның қызметіне табыс тіледі. Басқосуда сонымен қатар облыстық филиалының ХIV есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Конференция жұмысы аяқталған соң партия қалалық филиалы саяси кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».