- Advertisement -

Жағымпаздық – жаман дерт

339

- Advertisement -

Ас қадірін ашыққанда білетінің сияқты, мына мың құбылған әлем-тіршіліктегі өмірдің неше бір құбылысын жас келген сайын, ақыл-ой тоқтатқаннан кейін біле береді екенсің. Қазақ халқы көңілі дархан, құшағы кең, пейілі ашық, дастарқаны мол, достыққа берік, өте кеңқолтық, сенімді халық екенін бізді білетін ел-жұрт мойындап отыр десек қателеспеспіз, сірә. Ежелден келе жатқан ұлттық көне салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, сыйластық, орынды әзіл-қалжың қандай, шіркін! Сол інжу-маржандай ғажайып қасиеттерді ой елегінен өткізе отырып жүрегің жылып, көңілің марқаяды, қазақ болып дүниеге келгеніңе мақтанасың.

Тәуба, ата-бабамыз сандаған жылдар бойы аңсаған, арман еткен егемендікке қолымыз жетті, тәуелсіз ел болып, қатар жатқан көрші мемлекеттермен тереземіз теңелді, көк Байрағымыз көкке көтерілді, кеуде кере Әнұранымыз шырқалуда. Енді, міне, өткен жылдарымызға зерделей қарап, сараптап, өткен-кеткен қателіктеріміз бен кемшіліктерімізді жою мақсатында бар мүмкіншіліктерімізді пайдалана отырып, «Жаңа Қазақстан» атты бағдарлама қабылдап, еліміздің әлеуметтік және экономикалық ахуалын жаңартуға, жақсартуға көпшілік болып бет бұрдық. Ел болып бірігіп, түсіністікпен қарап, құрыштай күш жұмсасақ, алар асуларымыз аз болмасына кәміл сенеміз. Ол үшін бізде барлық мүмкіншілік мол.

«Даласына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі» деген қазақта қанатты сөз бар. Заманына, уақыт талабына, қоғамға сай қазіргі адам психологиясы, мінез-құлқы, пейілі мен нысабы, көзқарасы едәуір өзгерістерге ұшырады. Қоғамымызда жаңа орта қалыптасуда. Талабымен, білімімен, алғыр қабілетімен көзге түсіп, болашағынан зор үміт күттіретін жігерлі, жанкешті, саналы жастар өсіп келеді. Тек олардың беттерінен қақпай, қанаттарын қайырмай, аяқтарына тұсау салмай дұрыс, оңды бағыттарынан тайдырмай, әркез ақылмен қолдап отырсақ, еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз баянды боларына сенемін.

Өкініштісі, қазіргі қоғамда жиіркенішті қылықтар мен теріс мінездер көбеймесе, азаймай тұр. Біразымыз билік алдында жалпақтап, құрдай жорғалап, өтірік мақтап, жалған мадақтап, әйтеуір көзіне түсіп, көбірек «ұпай» жинауды дәстүрге айналдырдық. Орынды-орынсыз атақ алуды, наградаға ие болудың жолын іздеп, боскеуделікке, даңғазалыққа бой ұрдық. Обал-сауапты ұмыттық. Ниетіміз бұзылды. Үлкенді сыйлаудан, кішіге жөн айтудан қалдық. Ар-намыс, ұят деген асыл қасиеттер жоққа айналды. Ашкөздік, тойымсыздық, жебірлік, көзбояушылық, қасиетсіздік жаппай белең алды. «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас», «Мұрның барда, бір сіңбір» дей жүріп, құндылықты құлдыраттық. Бүгінгі адамдардың басты мақсаты – дүние жинау, жолын тауып байлыққа қол жеткізу, байлыққа шылқып, шалқып өмір сүру болып кетті. Ел арасында берекесіздік, алакөздік, енжарлық, тоңмойындық, екіжүзділік, жалған сөйлеу, жағымпаздық, айтқан уәдеде тұрмау, алдап-арбау, жанашымастық, мейірімсіздік, қатыгездік көбейді. Тіпті билікке ие болу мақсатында арын ғана сатпай, бойындағы барын сатуға баратындар табылады.

Жағымпаздық деген жаман қасиеттің қашан, қалай пайда болғанын кім білсін, ол адамзат баласымен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келе жатқандай. Өйткені жағымпаздықтың астарында адамның әлсіздігі, табансыздығы, тұрақсыздығы және ең алдымен, арсыздығы тұрады.

Көбінесе, өз қабілетіне өзі сенбейтін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік-мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдар бойында кездеседі. Жағымпаздықтың әлеуметтік ортаға, қоғамға тигізетін зияны аз емес. Жағымпаздық орын алған әлеуметтік ортада адамгершілік принциптері мен шынайы құндылықтар рөлі төмендеп, адамдар қарым-қатынасында жалған өлшемдер белең алады. Сондықтан халық жағымпаздықты ащы күлкімен шенеп отырған.

…Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы қазіргі замандағы базбір теріс, жағымсыз әдетті біле отырып, былай деп ой толғапты: «Әкемнің бір досы бойындағы өнерін сатып, бір байшыкештің басы байлы құлына айналды. Әкемнің бір досы шенеуніктердің алдында құрдай жорғалайтын алаяқ болып кетті. Әкемнің бір досы тек өзінен басқаны ойламайтын қайырымсыз жан болып шықты. Әкемнің бір досы үлкен қызметте қайта-қайта қалу үшін ар-ұятты ұмытты. Әкемнің бір досы зұлымдық жолмен бәйге алып, қазақтың арқалы ақынының өліміне себепкер болды. Әкемнің бір досы билік халықты зар илетіп, қан қақсатқанда, оларды қорғаудың орнына, бір үлкен шенеуніктің сойылын соғып, ақыр соңында соның сөзін сөйлеп, ұлтын сатты. Әкемнің бір досы билікті қайта-қайта мақтап ода жазып, үй алды. Әкемнің бір досы оппозицияны жамандап, биліктің алдында өзіне әжептәуір «бедел» жинап, күйбең қақты. Әкемнің бір досы көзі тірісінде өзіне көше бергізіп, елге барып, думандатып қайтты. Әкемнің бір досы…» («Жас Алаш» газеті, 01.04.2022 ж.). Барлығы рас. Қазіргі мына сайқымазақ өмірден ойып алынған мысал-сөздер. Жағымпаздың бетпердесін түріп, өмірлік ұстанымын дәлме-дәл шебер суреттеген. Өмір шіркін осындай жиренішті өзгерістерге ұшыраудың себебі неде? Неге солай болып барады? Оған кім кінәлі?

«Жағымпаздық ұйытқымалы уақыттың, құбылмалы заманның, жетесіз сананың, жетімсіз тәрбиенің «жемісі» болды», – депті Махамбет Сапармұратов «Жас Алаш» газетінде (27.08.2021 ж.). Осы ретте украин халқының «Жағымпаз боп күнелткенше, жарлы боп өлген – абырой» дейтiн намысқа, өрлiкке толы нақылы ойға оралады.

Тегінде жағымпаздық адам бойындағы ең бір жағымсыз, жексұрын мінез. Оның өзгелерге әкелер зияны ұшан-теңіз екенін көріп жүрміз. Бір адамды мақтап, көпшік қойып көпе-көрнеу қолпаштау арқылы ол өзінің ішкі есебін іске асыруды көздейді. Әрине, әдетте өзінен мықты билік иесіне, қалталы байшыкеш алдында төселіп төсек, жайылып жастық болып, орынсыз зыр жүгіріп қошемет көрсету. Сол қолпаштаумен қолтығына кіріп алған жағымпаздар өз бас пайдасы үшін ертең оны неше түрлі қылмысқа итергенін аңғармай қалады. Оның зияны қоғамдағы көпшілікке тиеді. Үнемі орынды-орынсыз мақтау естіген адам сол қолпаштауға кәдімгідей сеніп, өзін өзгелерден артық санап, өзін шынында да данышпан, теңдессіз кемеңгер адамға балай бастайды. Ондайлар бұдан кейін өзгелер тарапынан сәл ғана сын айтылса, шыныдай шытынап, сіркесін су көтермейтін жағдайға жетеді. Өйткені өзін данышпан санағандықтан, өзгелердің жол сілтегенін жақтырмайды, ақылды тек қана өзі ғана айтуға тиісті болып көрінеді оған. Бұл бір бүгін ғана қалыптасқан әдет емес, оны біз кеңестік кезеңде де көргенбіз. Қазақ еліндегі орын алған жағымпаздық та сол кеңестік кезеңнен қалған сарқыншақ болып қалды.

Мысалы, кеңестік кезеңде үстемдік еткен коммунистік партияның бас хатшылары ел тұрмысындағы кемшілік пен ішкі-сыртқы саяси қателіктерді ескермей, бос мақтануға, көпірме сөзге салынғаны белгілі. Н.С.Хрушевтің «Капитализмді жуық жылдары қуып жетіп, басып озамыз!», «Енді бір аттасақ коммунизмге жетеміз!» деген құрғақ ұрандары түбіне жетті. Өзінен бастап, қасындағы қосшыларына дейін орден мен медаль үлестіруден қолы босамаған Л.И.Брежнев, демократ ойынын ойнаған популист-коммунист М.Горбачев жоғары лауазым мен өзгелердің мақтауынан басы айналып, өздерін ғана емес, бүкіл халықты, бүтін бір үлкен мемлекетті жоқ қылды. Олар мінберден сөз сөйлегенде жағымпаздар аяғынан тік тұрып, қолпаштап, алақандары қызарғанша қол соққаны рас қой? Соңы немен бітті?.. Кеңес одағы бордай тозып, шаңырағы шайқалып, ортаға түсіп, күйреумен аяқталды.

Ашығын айтсақ, егемендік алғалы Қазақстан әлі де жағымпаздықтан құтыла алмай келеді десек қателеспейміз. Тіпті сол кеңестік кезеңнен асып кетпесе, еш кеміс қалған жоқ. Содан да болар елімізде сөз бостандығы шектеліп, артық ашық пікір айтқан адам тым сирек. Тəуелсіздік алған осынау отыз жыл ішіндегі азды-көпті табыстарымызды күн сайын көпіртіп қайталаған бұқаралық ақпарат құралдары ғана жоғарыдан қолдау тапты. Билікке сын айтқан журналистер, оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділері қудаланды, абақтыға жабылды. Әлі де одан арыла қойған жоқпыз. Жағымпаздық індеті ауыл әкімінен бастап, министрлікке, одан да жоғары деңгейге дейін жетті. Мысалы, ауыл әкімі аудан, аудан басшысы облыс әкімі алдында «ләппай, құлдық!» деп құрдай жорғалайды. Депутаттарымыздың сиқы анау. Осылайша тізбек жоғары жалғаса береді. Шындап келгенде, заң бойынша осылардың бәрі де халыққа қызмет етуі, халықтың алдында ғана жауапты болуы керек. Жоқ, мына түрлеріне қарасақ, қарапайым халық оларға ешкім емес, айдауға көнетін топас тобыр ғана. Базбірі әлгі жоғары қызметті әкелері сатып әпергендей сезінеді. Қазір қаланы күнде аралап, тұрғындардың ортасында жүретін басшыларды іздеп таба алмайсыз (облыс әкімі Н.Нұржігітов ауыл әкімдеріне күн сайын ең кем дегенде бір отбасында болып, жағдайларын біліп отыруды тапсырды. Басқаларға өнеге болатын құптарлық іс! Бұрыннан-ақ «Әкім бол, халқыңа жақын бол» делініп келеді емес пе?). Бар бітіретіндері – кеңсесінде отырып, ешқандай нәтиже бермейтін жиналыс өткізу ғана. Одан қалды жоғарыға қағаз жүзінде «қырып жатырмыз, жойып жатырмыз» деп көпіртіп есеп береді. Басшылардың алдына бара қалса, өз пікірін, ұтымды ұсыныстарын айтып, батыл ойын білдіре алмай, басы салбырап отырады. Сөз сөйлей қалса: «Сіздің тапсырмаңыз бойынша», «Сіз атап көрсеткендей», «Сіздің арқаңызда…» дегеннен бастайды. Бұдан кейін сау адамның өзі көп ұзамай «жұлдызды ауруға» шалдығады. Ал «данышпан басшылар» сын ести қалса сазарып, кезеріп, ашуға булығып сол жерде өзінің қол астындағы қызметкерін жеп жіберуге дайын тұрады. Ондай сын айтқан адамның ертеңгі күні белгілі, әрине, қызметінен айырылады. Сондықтан да төмендегілер жоғары басшыларға тәуелді, үнсіз құтылады. Жағымпаздықты тарататын да сол түрлі деңгейдегі лауазымдылар, билік маңында жүрген, солар арқылы пайда көретін ірі кәсіпкерлер. Әкім алдында олар да құрдай жорғалап, кезекті тендерден өзіне қажетті миллиондаған қаржы «ұтып» алу керек. Бұл жерде өздеріне берілген заңды пайдаланып, «Тоқтатыңдар!» деуге жарамаған көпшіліктің де үлесі бар емес пе? Барлық былық көз алдында жүріп жатса да олар үндерін неге шығармайды? Әлде бұл бұзылмайтын тас қамал ма? Біреулердің ақылымен қалыптасқан «жебірлер жүйесі» неге бұзылмайды? Мысалы, сіз бір ұжымда ел қатарлы жұмыс жасап жүресіз. Бар ынта-шынтаңызбен берілген тапсырмаларды уақтылы дайындап келесіз. Әрине, басшыңыз сізді бағалайды, құрметтейді. Алайда жаныңыздағы әріптесіңіз шалқайып, өмірдің рахатын сезініп сіздің терлеп-тепшіп жасап жатқан жұмысыңызға басын ауыртпайды. Іскерлік әңгіме болатын жерде ретін тауып, өзінің жеке басын әңгіме етіп уақытты өлтіреді. Берілген тапсырманы формальды түрде айтса да өзінің не айтып тұрғанын өзі түсінбейді. Алайда бір шешімін тауып мәселені шешу керек. Қарапайым ғана нәрсені түсінбеген сыңай танытып, басшысының үйіне хабарласады. Жеке тірліктерін тындырып береді. Сыйлық сыйлайды. Реті келсін, келмесін мақтайды. Кәсіби жұмысына келгенде нөл. Нағыз сын сағатта сіз өз күшіңізбен, өз біліміңізге арқа сүйеп аман өтесіз. Ал әріптесіңіздің іс-әрекеті адамның күлкісін келтіреді. Адам емес маймылға айналып кеткендей. Жиіркенішті. Бірақ ақыр соңында басшыңыз сізді емес, әлгі әріптесіңізді сізден жоғары бағалайды. Себебі оның өткізіп қойғаны көп. Әлгі сыйлы басшыңыздан көңіліңіз қалды ма? Қалды. Әлгі жағымпаз әріптесіңіз жұмысы бітіп, күні түскен басқа біреуге баяғы әнін айтып жүр. Жай кеткен жоқ, басшыңызды парақор етіп көрсетіп, әңгіме жайып жібереді. Кейде ойлаймын да, «өмір көрген салиқалы деген басшылардың өзі адам танымайды-ау» деп. Сізге деген шынайы ықыласпен шектен тыс қошеметтеуді қалай айыруға болады? Сіздің айналаңызда бар ма сондай адамдар? Жағымпаздық орын алған ортада адамгершілік құндылықтардың төмендеп кететіні несі? Өмірді жеңілдету үшін біз де өмірге жеңіл қарауға тиіспіз бе әлде?

…Таяуда әлеуметтік желіде Сапарбаевтың Жамбыл облысы әкімі қызметінен кетіп бара жатқанында, оны шығарып салуға жергілікті әуежайға бір топ қызметтес болғандар мен қолдаушылары, тіпті ондаған ардагерлер жиналып, абыр-дабыр жарыса сөйлеп, құшақтарына алып, оның облысты 2 жыл басқарған қызметіне рақметтерін айтып, ақ жол тілеп, гуілдесіп жатты. Тіпті қимастық сезімдерін білдіріп, көздеріне жас алғандары да болды. Экс-әкім де сол сәтте көңілі босағандай болды. Құдды бір қыз ұзатудай әсер қалдырды. Әрине, ердің табысты, жемісті еңбегін бағалаған дұрыс та шығар. Бірақ соншама халықты әуежайға жинап, шоуға айналдыру қажет пе еді? Ол кімге керек болды? Ол жерде шын көңілден шыққан тілек-лебіздер айтылды ма? Ойланыңызшы, осы жерде әлгі етегімізге жабысып, қанымызға терең сіңіп бара жатқан орынсыз қолпаштаудың, жағымпаздықтың салқын лебі мен ұшқыны есіп тұрған жоқ па? Ойды ой қуып, ой қаузап кете бардым…

Белгілі журналист Бекет Момынқұловпен бірде әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда, сөз ауаны бір сәтте жағымпаздыққа ауысқаны бар. Сонда ол:

– Осыдан 3-4 жыл бұрын Бауыржан Момышұлы атамның ескерткішін Тараздағы драма театр жанынан

«Жеңіс» саябағына ауыстыратын болды. Сол іс-шараға Алматыдан оның келіні Зейнеп Ахметованы арнайы шақырған болатын. Жеңгемді күтіп алып, үйге әкеліп шай беріп, таңертең «Жеңіс» саябағына жеткізіп салдым да, әлдебір жедел шаруамен кетіп қалдым. Түстен кейін үйге соқсам, Зейнеп жеңгемнің қатты қапаланып отырған кейпін көрдім. «Оу, жеңеше-ау, не болып қалды, көңіл-күйіңіз пәс қой?» деп әңгімеге тарттым. Сонда ол: «Мына тараздық ақсақалдарыңа не болған?!. Ескерткішті қайта ашу салтанатына жиылған көпшілік арнайы қойылған орындықтарға, скамейкаларға орналасып, танитындары келіп сәлем беріп, мамыражай күйде отырғам. Кенет, қойға қасқыр шапқандай, отырғандар ду етіп, орындарынан көтеріліп, асығып-аптығып облыс әкімі Асқар Мырзахметов келе жатқан жаққа лап қойды. Орындықта тек мен қалдым. Басқалар бір-бірімен таласа, иіліп, бірін-бірі қағып-соғып, әкіммен қол берісіп, амандасып жатты. Қариялардың бұл істеріне өзім таң болдым. Не сонда, әкімге сол сәтте сәлем бермесем, ертең қызметсіз қалам, орынтақтан айырыламын деп іштері қуыстана ма? Неге соншама барлығы жағымпаз болып кеткен? Мені олардың бұл қисынсыз қылығы намысыма тиді, көңілімді қалдырды. Сол әсерден әлі де арыла алмай отырмын, – деп қобалжыды. – Көріп жүрміз, «асыл қариялар», «ардақты қариялар» деп барынша бағалап, аса сыйлап жүрген қарияларымыздың бұл күндері кімдерге айналып бара жатқанын. Олары несі екен? Түсіну қиын, – деді Бекет өз ойымен бөлісіп.

Билік тізгінін ұстағандар жан-жағында жағымпаздардың қол қусырып жорғалап жүргенін жақсы көреді. Жұмсаған жерге желдей ұшады, жауына сілтейтін семсер, қауіп-қатерге қорған болады. Билік бетіне тік қарайтын қайсар жандарды ит қосып, қуып салады. Тіпті басына ақырзаман орнатудан да тайынбайды. Аса мәртебелі ақжағалының беделін көтеріп, мәртебесін өсіріп, атағын асқақтатып, ән шығарған, дастан жазған әнші-ақындар Мемлекеттік сыйлық алады, депутат болып сайланады, ретін тауып ректор, ойынан шығып жатса, облыс әкімі, министр орынтағына қонжияды.

Кейде Мемлекет басшысы, базбір министрлер, облыс әкімдері зиялы қауыммен кездесулер өткізеді. Сол кездесулерге негізінен бұрыннан белгілі, қызметтен зейнетке шыққан кілең «той генералдары» шақырылады. Соларға алдын ала келіскендей, «сценарий бойынша» кезекпен-кезек сөз береді. Олардың не айтатыны қалың жұртқа мәлім. Кемшіліктерді, орындалмай жатқан уәделерді, шешілмей жатқан күрделі мәселелерді айтудың орнына, жалпақтап, билік иелерінің қызметін жаппай мақтап, басшының қолтығына су бүркіп, тіккен туын желбірете түседі. Одан қоғамға, ел-жұртқа не пайда? Ондай кездесулер не үшін өткізіледі? Көзбояушылық осындайдан туындамай ма? Ой таразысына салсақ, неге сол кездесулерде халықтың мұңын, жоғын ашық айтпаймыз?! Халықтың билік иелеріне сенімсіздігі өршіп бара жатқан себептерінің бірі осыдан емес пе? Әрине, жалпы қарапайым жұрт мұндай шараларға ырза емес. Сондықтан олардың көңілі толмайды, күйінеді.

Атақты кинорежиссер Шәкен Айманов: «Мен мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын» деп осындайда айтқан болса керек. «Марапаттау идеясы – қоғамдық сананың ойлап тапқан ойыншығы» (А.Камю) екенін біле тұра, маңдайы кереқарыс қайраткер кісінің төсіне таққан жылтыр темір-терсекке толқып кетіп, тізерлеп, биліктің қолын сүйгені елдің есінен шыға қойған жоқ. Сонша не көрінді? Одан ол не ұтты? Қайран Шерағаңша айтқанда, бір кем дүние.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support