- Advertisement -

Халық қалаулысына құрмет

104

- Advertisement -

Мейрамбек ініміз туралы ойласам болды, осы бір жағдай көлбеңдеп көз алдымнан кетпей қояды. Себебі Мәжіліс депутаттығына үміткер болған күндердің бірінде борандатқан қыста бір топ қолдаушыларымен, журналистермен бірге келіп, қазақы дәстүрмен «Жол болсын!» бата сұрады. Дұрыс. «Қайық кемеден, жас көнеден бата сұраса, Тәңірі демеген», деген екен. Шын пейілді Жаратқан жолындағы үлкендік ниетімізді бере тұрып:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Мәжіліс, мәслихаттың біраз депутаттығына кандидат болған қалаулы азаматтарға сенімді өкілі болған екенмін. Бағытымыз дұрыс болып көбі сүрінбеді. Саған сенемін, Мейрамбек! Мен сені бала жасыңнан, өсу дәуіріңе дейін көріп-біліп, жақсы істеріңе қол соғып келемін. Бата алу арқылы маған да ар алдында үлкен жауапкершілік тастап бара жатсың.Сенген сайлаушыларыңды жерге қаратпа! «Ойдағың ойдағыдай болсын!» – деген тілекпен аттандырып жібергенім есімде!

…Кеше қазақтың қайыспас қайсар семсері болған Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын Әулиеата-Жуалы-Талапты жерінде ел зиялылары бас болып тойлап қайтысымен Президентіміз Республика күні қарсаңында бірқатар белгілі тұлғаларды еңбегіне орай орден, медальдармен марапаттағанын оқыдық. Соның алдыңғы сапында Мәжіліс депутаты Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепбергеннің де «Құрмет» орденімен марапатталғанын біліп қуандық.

Шын мәнісінде Мейрамбек төсбелгінің атауы алаулатып тұрғандай құрметке лайық азамат еді. Ол мен білетін өсу жолында еліне, халқына шын жүрегімен адал қызмет еткенін көріп, біліп жүрдім.

Оны жерлесіміз ретінде, қаламгер шәкіртім ретінде, елін сүйген қалтқысыз іскер, ілімді азамат ретінде қол соғып, талай қуандық.

…Әлі есімде өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Сарысу аудандық газетінде қызмет етіп жүргенімде Түгіскеннен келіп түсіп жататын хаттарды редакция поштасынан алып, Ә.Көпбергенов (бұл дос та кейін Парламент Мәжілісіне екі шақырылымына қатарынан екі мәрте депутат болды), Б.Мәуленов, М.Өткелбаев, Б.Жаппаров, Б.Жаңқабаев және мектеп оқушысы осы Мейрамбектің мақалаларын көп қорыттым. Ауданның он кеңшарынан, әсіресе Түгіскен мен Коммунардан хат көп келетін.

…Балауса қалам иесі, жастығына қарамастан ауылдағы мәселелерді де көтеріп қалатын…

Мектеп бітірісімен Мейрамбек Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп кетті. Екінші курсында бүгінгі танымал жазушы Қали Сәрсенбай, белгілі журналистер Болат Жаппаров, Сүндетулла Әбілов, Оңал Арзықұловалар газетке тәжірибеден өтуге келді. Бұл толқынның кейін осалы болған жоқ. Тындырымды, тың тақырыптарды көтере білетін әрекеттері бізді жаңашылдығымен елең еткізетін.Бұлар балауса қанатын кеңге сермеп түрлі салаға араласып кеткенде көңіліміз толып марқайып жүргенімізді қалай айтпайын.

Әсіресе Мейрамбек ініміз Парламенттің «Халық кеңесінде», «Жетісуда», «Егемен Қазақстанда» қызмет еткенде енді менің жолдаған хаттарымды қорытып осы басылымдарға кешіктірмей жариялап отыратын болды. Кейін Жамбыл телерадиокомитетіне басшы болып келгенде эфиріне шақырып және журналистерін жіберіп сұхбаттастырып жүрді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлығында және кәсіподағының төрағалығында да өзінің танымалдығын арттыра білді. Мейрамбек қай салада жүргенде елі үшін қолынан қаламы түспейтін журналист болды.Ол бала жасынан жаны сүйген осы кәсібін құрметтеді, қадір тұтты. Шаршаса қаламгерлік пен ел алғысынан қуат алған ол өзгермелі қоғамның сан тақырыбына бастамашылығымен көрінгені көптің көңілін толтырды.

Қоғам, сайлаушылары қалап депутаттық креслосына нық отырғаннан бастап елжандылығы мен көпшілдігін жанына серік еткен халық қалаулысы мінберден көтерген сайлаушылар ойындағы бұрын ешкімнің тісі батпайтын мәселелердің шешілуіне көмек қолын созып, сайлаушыларын қанағаттандырады.

Енді жұрт М.Төлепбергенді құр сөздің емес, істің адамы екеніне көздері жетті. Құрметтеді. Бұл «Құрмет» ордені азаматтың, депутаттың ел алдындағы еңбегінің қайтарымы.

Сонымен қатар көптен зерттеп жүрген «Шерхантану» саласындағы ғылыми зерттеу ізденістері ұлы сөз зергерін жаңа қырынан да танытты.

Ол діттеген биігінен орын алғаннан кейін басқаша сергек жұмыс істеуге кірісті.

М.Төлепберген қолы қалт еткенде облыс, аудандарының, алыс елді мекендердің сайлаушыларымен кездесіп, проблемаларын түртіп алып, кейін оны қойын дәптерінде ғана қалдырмай, мінберден көтеріп жатады. Депутат әлеуметтік желілердің белсендісі. Халқына, сайлаушыларына үнемі желі арқылы да есеп беріп жату тәжірибесін қолданып елең еткізеді.

Халық қалаулысының, әсіресе сайлауалды бағдарламасының жауапкершілігі бірінші кезекте. Әсіресе жастармен болған кездесулерде патриоттық тәрбиедегі жастардың ролі, тіл, ұлтты сүюдің ең қажетті ұстанымы туралы жиі айтады. Халықтың 45 пайызы шоғырланған алыс ауылдар проблемасы, олардың әлеуметтік жағдайы, әлі қолға алынбай отырған жайы да айтылады. Үш ауысымнан құтыла алмай тұрған білім саласы, бастауыш және негізгі мектептердің жөнделмей, салынбай жатқан құрылыстары, Тараз қаласындағы экология мен су жүйелері, қысқа дайындықтың кейбір мекемелер мен мектептердегі мәселені көтерген тұрғындардың жанайқайы, мәдени орындардағы мәселелерін қамтиды.

Кейіпкеріміз жаңа Қазақстанның халық қалаулыларының қазір де, алдағы уақытта да қандай болуы үшін мүмкіндігі келгенше әрекеттенуде.

Міне, бойда бар біліммен жауапкершілігін, халыққа берген бағдарламалары төңірегінде мүмкіндігінше тынбай еңбектеніп келе жатқан депутатымыз – Мейрамбек Мылтықбайұлын жуырда алған «Құрмет» орденімен шын жүректен құттықтаймын!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейде біз атқа мінгендер мен әкімқаралардың және халық қалаулыларына өз бағасын беруге сараңдық жасап жатамыз. Олар да өз еңбектері жайлы басқаның алғыс пікірін біліп жатса, несі мін.

 

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,

 Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі, Сарысу ауданының

Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support