Қазақ поэзиясының ақ гүлі

19

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың поэзиясы туралы ақжарма пікірлер уақытында көп айтылды. «Күләш жырлары мені қатты қуантты», – деп жазды ірі ақын Әбділдә Тәжібаев. Ол көңіліне түйген шындықты сүйіншілеп, бар даусымен ақтарыла білдіретін. «Күләштің поэзиялық отауында төл жиһаз… бар», – деді өзіне де, өзгеге де қатаң қарайтын әйгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов. «Күләш Ахметова – көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын», – деп таныды терең талғамды Қадыр Мырзалиев. «Күләштің жыры жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын…» деп қуанды Әбіш Кекілбаев кең толғаммен сыр шертіп. «Оның өмірі де, өнері де – өлең. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Өлең оның бүкіл болмыс-тіршілігіне айналып кеткен. Ол – жаңа жауған қардай жаны таза, жүрегі ізгілік пен иманға толы, барша адамзат баласын құшағына сыйдырғандай, қылдай қиянаты жоқ, ақ тілеулі ақын», – деді академик Мырзатай Жолдасбеков. «Өз басым кейінгі жас ақындарға қарап, тіпті екпіндеріне қауіптене қарап отырамын. Сондай қауіптене, сүйсіне қарайтын азғантай топтың ішінде Күләш бар», – деп толғанды Фариза Оңғарсынова.

 «Нағыз ақын» (Қ.Мырзалиев)

Осынау өнер шоғырынан асырып ой айту мүмкін бе?! Өлең оқудың, ой қорытудың оңай еместігін Күләш ақынның туындыларын оқи отырып көңілге түйгендейміз. Өлең – проза емес. Соңына дейін оқып, бір-ақ демалатын. Әр өлеңнен соң ерікті-еріксіз кідіріп қаласың. Екінші бір өлең басқа көңіл-күйге, тіпті қарама-қарсы полюске жетелей жөнеледі. Адамның жаны қаншалықты күрделі, әр қилы болса, ақынның өлеңдері де сондай. Әр алуан бояуда, әр алуан нотада.

«Сен – қазақсың!..»

«К.Ахметова тәуелсіздікке дейін лирикалық өлеңдерімен елге танылса, тәуелсіздік алғаннан кейін біржола азаматтық әуенге көшті» (М.Жолдасбеков) деген пікірде шындық бар.

Жұбан ақын «Мен – қазақпын!» деп жырлады. Әбділда ақын «Біз – қазақпыз» деп драма жазды. Күләш ақын Тәуелсіздік алған кезеңінде «Сен – қазақсың!» деген өр рухты, қуатты өлеңін оқырманға бағыштады.

Неге? Оның түп астары тереңде болатын. 300 жылға жуық патшалық және кеңестік Ресейдің отарлығында болған елдің рухы әлсіреп, құлдық сана бойға дендей еніп, жұтылуға қарай бет алған халық болатынбыз. «Мың өліп, мың тірілген қазаққа» Жаратқан Ие тағы да өз мүмкіндігін ашты. Ұлттық рухтың әлсіреп, кейбір саналарда көмескіленгенімен, біржола жойылып кетпегенін 1986 жылғы жастардың Желтоқсан сілкінісі көрсетті. Міне, Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық рухты жырлау, қалың қазақтың жүрегіне «елім», «жерім», «ұлтым» деген ата- баба аманатын ояту қажеттілігі күн тәртібінде тұрды. Ақындардың тарапынан көптеген өлеңдер жазылды. Соның ішінде қайраткер, күрескер ақын биігіне көтерілген Күләш өлеңдерінің орны ерекше.

Сен – қазақсың!

Қазақ деген Ел бөлек,

Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек.

Сен – қазақсың!

Бір Алланың құлысың!

Адамға адам құл болғаны – құрысын.

Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай

Қалған ұлтсың. Қаһармансың, ұлысың, –

деп басталатын өлеңнің әр жолдары өткен тарих пен ұлттық дәстүрдің шындығына суарылған. Жігерлі үн, асқақ рух бойында қазақтық қаны бар адамның санасын сілкіп оятқандай. Жүректерге от тастағандай. Біз кімнен кембіз? Ұлан байтақ даланы аманаттаған ата-бабамыз қандай еді? Бұрынғы дәстүр-салтымыз, бір-бірімізге деген туыс-бауырлығымыз, жанашырлығымыз бен бірлігіміз қандай биік болатын? Өлеңде өміршең сауалдарға жауап ізделіп:

Сен – қазақсың!

Қазақ едің туғанда!

Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,

Ата жұрттан, Ана тілден айырылма,

Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда! –

деп түйінделеді. Бұл қылаудай жалғандығы жоқ ақынның шын сөзі, бүгінгі ұрпаққа айтқан аналық аманаты болатын. Әбділда ақынның Күләштің көрікті өлеңдерін «плакатқа айналдырып, көпшілік жиналатын жерлерге іліп қояр едім» дейтіні бар. «Сен – қазақсың» өлеңінен келтірілген үзінділер әр үйдің шаңырағына ілініп, жүректерде жатталса, қанеки. Жершілдіктен, жүзге бөлінуден әлі де арыла алмай жатқан қазақтың ұлттық ұйысуына сеп болып жатса, қанеки.

Азаматтық лириканың осылай жүрекке жақын қабылдануын көптен ұшыратпап едім. Бәлкім, қолыма тимеген болар. «Елім», «жерім», «ұлтым» деген көптеген өлеңдерді оқыдым. Бірақ бірдеңесі жетпей тұрады. Содан соң тез ұмытылады. Ал Күләш ақынның азаматтық лирикасы ұмытылмайды. Ойыңда берік сақталады. Көңіліңе нұрлы сәулесін құяды. Жігеріңді жаниды. Мұның сыры неде? Ол – өлеңнің шыншылдығында. Әсіре даурығу, жалаң ұраншылдыққа бару жоқ. Жүректің түкпірінен, мың толғаныстан соң, үлкен жауапкершілікпен дүниеге келеді. Осы өлеңнің өн бойынан ақынның туған елін, жерін сүйген шын азаматтық тұлғасы көрінеді. Ә. Кекілбаевтың Күләш ақын туралы мақаласында «Бүгінде тар майдан, тайғақ кешу, талқы заман ғой. Сәті түсіп, тәуелсіздік алғанымызбен, арылып, азат бола қалғанымыз жоқ» дейтіні бар. Ендеше, бүгінгі ұрпақтың иығына зор жауапкершілік жүктелген. Ал олар рухани, білім-ғылым, азаматтық тұрғыдан ешкімнен кем болмай, кім-кіммен де иықтаса тік тұруы керек-ақ. Күләш ақынның азаматтық лирикалары олардың қолына тиіп, жүректеріне жетсе, қанеки. Ақынның парызы да осы. Оның «Қазақстаным», «Отанды сүю», Алматы, Астана, қазақтың жер-сулары, туған жер, халық туралы өлеңдерін тебіреніп оқисың.

Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,

Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.

Бір нәрсе жетпейді деу қате болар,

Өзіңдей ұлан-байтақ далам барында,

Паң далам – Қазақстаным! («Қазақстаным»)

Әр тасың жай тас емес, жауһар маған,

Жақсы әтір – жалбызың мен қалампырың.

Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де,

Сүйемін сағынышпен, сағынышпен. («Отанды сүю»).

Міне, ақынның елін, жерін сүйген үлкен жүрек лүпілі. Қарақан басының қамынан асып, шырқау биіктен ой толғайды. Елінің, жерінің амандығын тілейді, бүгінгі ұрпақтың можантопай болмай, өр рухты, асқақ арманды болуын аңсайды.

Су симфониясы

Ақынның қайбір өлеңдері көңіліңе образ болып құйылады. «Субұрқақтар – шаһарлардың шаттығы» сондай өлең. Қазақтың даласын, өзгерген өңір мен жаңарған қалаларды, тамаша табиғат аясын асқақтата жырлау – Күләш ақын өлеңдерінің басты тақырыптарының бірі. Мұндай өлеңдерінен перзенттік қуаныш пен мақтаныш байқалады. Ақынның суреткерлік бай дүниетанымы мен ұшқыр қиялы көрінеді.

Аққұйын су атқылайды алапат,

Қадалады қыздың көзі қарақат.

Қайнап тұрған аңызақта, аптапта,

Судың сұлу сыңғырлары рахат!

Жанға ләззат жасампаздық күй кешу,

Әуезия әлемімен үйлесу.

Бүлдіршіндер күлкісіне қосылып,

Сыңғырла су, еркеле су, биле су!

Қайта әуеле! Көңілімді қоса өрлет,

Рахман нұры себілгендей әсерлі ет.

Алматының қолқа, өкпесін тазартып,

Төгіл, тула, найзағайлат, нөсерлет!

Бұл – Алматы субұрқағының көрінісі. Тамаша емес пе?! Ақын мен оқырман арасында жанды байланыс орнайды. Оқырманның да жандүниесімен, тұла бойымен сезінген сұлулығы, рақаты мен ләззаты құдіретті өлең жолдарына айналған. Динамика қандай! Су – байлық, тіршілік арнасы. Автор субұрқақтың адамға сыйлаған ғажайып әсерін, тартуын жырлаумен шектелмей, табиғатты аялауды, қадіріне жетуді де қозғайды. «Судың әнін суырылған тереңнен, Теңеп айтсам, әуезия дер ем мен» деп жаңа мән табады. «Алматыны Алла нұрға малып тұр!» деп қуанады.

Ел мен жердің сұлулығын, халықтың жомарттығын жырлаған мұндай өлеңдер К.Ахметова шығармашылығында мол.

«Жапырақ – жаздың жүрегі»

Мықты ақындардың шығармашылығында символдық мәнге ие болған ұғымдар кездеседі. Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі «Асау тұлпар», Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы дала, күй ұғымдары, Қасым Аманжолов лирикасындағы дауыл бейнесі, тағы басқалар.

Жапырақ – Күләш ақынның өлеңдерінде тіршілік философиясына айналған. Тіршіліктің сұлулығы, мәңгілігі мен өткіншілігі, уақытпен жарысып жаңарып, жасарып отыруы жапырақ образымен танылады.

Жапырақтар,

Әртүрлі ән құрарсыңдар,

Алдарыңда әртүлі тұрар сындар.

Нәзіктерім, сендермен сырласайын,

Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар, –

деп басталады цикл өлеңдері. Жаз жайнаған жапырақтың ғұмыры мезгілмен байланысты. Уақытқа бағынбайтын не бар. Адам ғұмыры да жапырақ тәрізді. Көктемде бүршік атады, жазда жасыл желекке оранып, шулайды, билейді, күзде сарғаяды, толысады, ал күздің аяғы, қыста құлап жерге түседі.

Тыңдаңызшы!

Тым жақсы әндетеді,

Айтады олар:

Дүние сәнді екенін.

Бір жаманы –

Бұл ғұмыр қысқа екенін,

Бір жақсысы –

Тіршілік мәңгі екенін.

«Қараңызшы, дірілдеп қуанады,

Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп» дейді.

«Сабағынан сарғайып үзілгенше, Өмір биін билейді жапырақтар» деп ой түйеді. Ақынның көңілі сезімтал. Табиғаттың тылсымынан сыр түйеді. Табиғатпен, жаратылыспен өзін бір санайды. Альбом ішінен табылған сарғайған жапырақ ұлы ақынның өлеңіне айналған. Мұқағали Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайың» өлеңі ойға оралады. Күләш ақынның өлеңдері олармен үндесіп жатқанмен, өз алдына бөлек дүние.

Жапырақтар өртеніп жатыр сайда…

Жабырқаймын күзгі күн батырса ойға.

Ағаштарға дәл мендей іңкәрлікпен

Қарамаған шығар-ау Хокусай да.

 

 Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

Comments are closed.