Пияз егіп, пайдаға кенелуде
Пияз егіп, пайдаға кенелуде
Айта кету керек, облыста егілген пияз ел аумағы мен Ресей, Иран, Польша, Ауғанстанға экспортталады. Одан бөлек ТМД елдері де қамтылады. Ал еліміздегі жалпы пияздың 75 пайызы біздің өңірде өсіріледі. Аграрлық аймақтың басты брендіне айналған пиязға ел аумағынан да, сырт елдерден де сұраныс жылдан жылға артып келеді. Өнімді молынан жинаған аудандардың ішінде Шу, Жамбыл, Қордай және Байзақ аудандары көш бастап тұр. – Өңіріміз пияз егумен талай жылдан бері табысты айналысып келе жатыр. Бұл өнім облысымыздың брендіне айналған. Жылдан жылға егістік алқабының көлемі де ұлғайып келе жатыр. Облыста негізгі 1100 шаруашылық осы пияз егумен толыққанды айналысады. Биылғы жылы 25 мың гектар жерге пияз егіліп, одан алынған өнім 1 миллион 153 мың тоннаны құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Пиязды еккен шаруалардың ішінде рекордты өнім алған шаруалар да бар. Олардың өнімі гектарына 150 тоннадан айналды. Бүгінгі күнге 800 мың тоннаға жуығы еліміздің басқа да облыстарына және шет мемлекеттерге экспортталып отыр. Бұл шаруалардың еңбегінің ақталғандығы және су үнемдеу технологиясының нәтижесі. Былтыр 24 мың гектардан 677 мың тонна өнім жиналған. Биыл орташа өнімділігі 1 гектардан 460 центнерді құрады. Бұл дегеніміз жылдан жылға пияз егу технологиясын біздің шаруалар жетік біліп, оны ары қарай жетілдіруде деген сөз. 340 мың тонна өнім өңірдегі 240 сақтау қоймасына орналастырылды. Қалғандары ауыл тұрғындарының үй-жайында жиналып отыр. Бүгінде пияздың 25 мың гектары толығымен жиналып бітті. Өнім егістік алқабының басында 35 теңгеден сатылса, қазір қоймадағы бағасы 50-60 теңгені құрайды. Алдағы жылы да осы қарқынды жоғалтпай, ұстап тұрамыз деген жоспарымыз бар, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов. Пиязды сақтау жұмыстары бүгінде Қордай, Байзақ, Шу, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында қызу жүріп жатыр. Былтыр құрылған пиязшылар ассоциациясы да басқармамен бірлесіп, бағаны тұрақтандыруға айтарлықтай атсалысуда. Осы ретте біз мол өнім жинаған аудандардың бірі Байзаққа арнайы барып, шаруалардың қуанышымен бөлісіп қайттық. Соның бірі – өңірде пияз өнімімен қырық жыл айналысып келе жатқан Несіпкүл Байжанова. Жергілікті жүз адамды жұмыспен қамтып отырған оның шаруа қожалығы биылғы көрсеткішпен тоқтап қалмай, алдағы уақытта егістік алқабының көлемін ұлғайтуға ниетті. – Пиязымызды қазір тараздықтар Шымкентке, еліміздің әр өңіріне алып кетіп жатыр. Пияз еккеніме қырық жылдан асып кетті. 1998 жылдан бастап шаруа қожалыққа жетекшілік етіп келемін. Биыл өнім мол жиналды. Қоймамызда 600 тонна өнім сақтап отырмын қазір. Біз секілді шаруаларды қолдап отырған Президентімізге рақмет. Үкіметтің қолдауын көрудеміз. Жеңілдетілген жанар жағармай, субсидия, «ҚазАгрофинанстан» трактор алып жатырмын. Шаруа қожалығымда 66 гектар жер бар. Тамшылатып суаратын үш техникам бар. Соның арқасында Құдайға шүкір биыл су да үнемделді, өнім де нәтижесін беріп отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшыларымыз жүзден асып кетеді. Тұқым да жергілікті. Былтыр 60-70 тоннадан алдық гектарына, ал биыл 120 тоннаға айналды. Өзімде бар егіс алқабымен тоқтап қалмаймын. Жанымыздағы шаруа қожалықтарымен бірлесіп, егіс көлемін әлі де ұлғайтатын боламыз, – дейді «Байжанова» шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанова. Жасыратыны жоқ, облысымыз судың 80 пайызын көршілес Қырғызстаннан алып отыр. Десек те аграрлық аймақ тіршілік көзінен тапшылық көрмей, тамшылатып суаратын жаңа технология әдісімен осындай олжаға кенеліп отырғаны көңіл қуантады. Облыс аумағы бойынша пияз егілген 25 мың гектардың 20 мыңына тамшылатып суару жүйесі қосылған. Пиязды сақтау жұмыстары келер жылдың мамыр айына дейін жалғаспақ. Салалық басқарма алдағы уақытта дәл осы пияз өнімі секілді әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі картоп пен сәбізді де жоғары көрсеткішке жеткізуді көздеп отыр.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ