Саябақта
Саябақта
Келмегелі көп болды-ау бұл маңды ықтап,
Келдім бүгін... ып-ыстық мұңнан ұрттап. Бұрнағы жылылықтың жұрнағы жоқ, Мені суық қарсы алды сұрланып бақ.
Кең еді ғой көңілің кем қылма, бақ, Құшағыңды мен тағы келдім қалап. Өзгермепті талдар да, жолдар да анау, Барлығы тұр көзіме менмұндалап.
Ескі жыл есіңде ме, жетімегім, Бір «бұрымға» тым ынтық «кекіл» едім. Бұрымды кеткен еді бұрылмастан, Қайырылмай мен де сонда кетіп едім.
Содан бері дертіме қонбады ем де, (Сор татпауым мүмкін бе ед сорлы әлемде). Күнәсіз біз сезімді жерлегенбіз, Кінәсізбіз, алайда, Ол да, Мен де.
Түсінбейтін мен бе екем өмір заңын, Өмір заңы дегенің - менің зарым. Шерлі бағым, сездің бе содан бері, Сорым - қалың, санам - сыз, көңіл - жарым.
Мендегі күлкі - күннің кілті кімде, Жүрегімнің бір мұз бар кірпігінде. Гүл түбінде жерленген сезіміме, Бір дұға бағыштайын жыр тілінде...
Наурызбек САРШАЕВ, ТИГУ магистранты.