Мойынқұмды түлеткен тарлан еді...
Мойынқұмды түлеткен тарлан еді...
Ер есімі – ел есінде
Мойынқұм ауданында іскерлігі аңызға айналған Айтбай Назарбековтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жиынға Астана мен Алматы, Тараз қалаларынан қайраткердің ұл-қыздары, немерелері, қызметтестері мен шәкірттері, жалпы ағайын-жанашырлары жиналды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, қоғам қайраткеріне деген үлкен құрметін білдірді. Жиын Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық музейді аралаудан басталды. Жаз-атаның мұраларынан бөлек мұнда ауданның бүкіл шежіресі көрініс тапқандықтан, Айтбай Назарбеков жайлы да мол мәліметтер, арнайы үлкен бұрыш бар. Жалпы, ол аудан басқарып тұрғанда Мойынқұмға атбасын бұрған алып тұлға Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Тұманбай Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов, Бибігүл Төлегенова мен Роза Бағланованың сапары жайлы да мәліметтер мен фотосуреттер жақсы сақталған. Тойға келген қонақтар музейді аралап, мәліметтерге кеңінен қанықты. Мұнан соң жиналған қауым Айтбай Назарбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оқылған Құранға қол жайды. Сондай-ақ Айтбай Назарбековтің 21 жыл қызмет атқарған ғимаратына қойылған тақтайшаның ашылу рәсіміне қатысты. Аудандық мәдениет үйінде қайраткердің 100 жылдығына орай өткен «Мойынқұмды түлеткен тарлан еді...» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның мәні мен маңызы терең болды. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Басқосу барысында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Айтекеңнің басшы ретіндегі асыл қасиеттеріне, іскерлігіне кеңінен тоқталды. Айтекеңнің туып-өскен жері Сарысу ауданынан келген ел анасы Алтын Досжанова, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, білім саласының ардагері Мақсат Сейдалиев те қайраткер тұлға турады жылы сөздерін аямады. Келесі кезекте А.Назарбековтің қызы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Назарбекова толғана сөйледі. «Әкем Мойынқұмның халқы деп, осы ауданды гүлдендіремін деп еңбек етті. Біз, тіпті ұзақ апталар бойы әкемізді көрмеуші едік. Сонда Айтбике анамыз барлық жағдайымызды жасап, асқар тауымыздың айбынын асырып отыратын. Сіздердің жылы лебіздеріңізге толқып тұрмын. Сіздердей халқы, тілеулестері бар кезде әкем тірі. Ол сіздермен бірге деп есептеймін», – деді толғана. Мұнан соң белгілі ғалым, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков пен журналист Сүндетулла Әбілов бірлесіп жазған «Адамдық пен адалдықтың шамшырағы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Айтбай Назарбековтің өмір жолына арналған (әзірлеген Айбол Қараш) деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ бірқатар азаматтар «Айтбай Назарбековтің 100 жылдығына шығарылған арнайы мерекелік медальмен марапатталды. Олардың арасында ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы мен жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы да бар. Қайраткердің 100 жылдығына арналған іс-шара аясында аламан бәйге ұйымдастырылып, төрт салмақ бойынша қазақ күресінен облыстық турнир де өтті. Жалпы, перзентін сағынған мойынқұмдықтар бұл күні барлық іс-шараға белсенді қатысып, дара тұлғаның рухынан құрметтерін аяған жоқ.
Әсет бас жүлде алып, Алинаның тұсауы кесілді
Айтулы тұлғаның 100 жылдығына арналған іс-шара «Мойынқұмды түлеткен тарлан еді...» атты облыстық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Жыр додасын аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ашып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Аудан басшысы бұл аламанға Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева секілді елімізге кең танымал айтыскерлердің келгеніне, қазылар құрамында белгілі айтыскер, айтыскерлердің облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, танымал жазушылар Көсемәлі Сәттібайұлы мен Оралхан Дәуіт, қаламы жүйрік журналист Нұрболат Әлдибектің отырғанына қуанышты екенін білдірді. Келесі сәтте облыстық ақындар айтысы сарысулық Талғат Құсайынов және таластық жас айтыскер Айсұлу Жүнісбектің арасындағы сөз додасымен басталып кетті. Қалай десек те бұл сөз барымтасында таластық 11-сынып оқушысы Айсұлудың сөздері ұтымды шығып жатты. Тәжірибелі Талғат Құсайынов та жас қызды көтермелеп, жетелеп отырды. Екінші кезекте байзақтық Әсет Дүйсебаев пен Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы арасындағы айтыс та әзіл-қалжыңға құралған өрелі сөз сайысы болды. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен шулық Бақытбек Жұмабеков, тараздық Төлеби Тәңірберген мен шулық Әділет Медетқұл арасындағы айтыстың да ұтымды сәттері аз болмады. Таластық Нұржан Манатбек пен мойынқұмдық Динара Әбілқайырова, шулық Айым Көшербай мен байзақтық Ернұр Бейсеновтың да айтыстары елдің жүрегіне жетті. Байзақтық Алтынкүл Қасымбекова да таластық қарсыласымен жарасымды айтыс жасай білді. Айтбай Назарбековтің он ұл-қызының жақсы тәрбиесін жырлай келе Алтынкүл: «Осы күні көптеген көкелер де, Айтекеңдей үлгілі бола алмай жүр. Бір әке он баланы бағып-қақса, Он бала бір әкені баға алмай жүр» деп өзекті мәселені де қозғап өтті. Шулық Ғабит Есдәулетов пен жуалылық Әуезхан Үркімбаев арасындағы айтыс та әдемі жарасым тапты. Ғабит Айтекеңдей тұлғаның еңбегін тарихпен астастыра отырып, керемет тақырыпқа бойлай білді. Әрине, қызықты сөз тартысы көп болғандықтан, айтыстың шешімін шығару қазылар алқасына оңай соққан жоқ. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі байзақтық Әсет Дүйсебаевқа бұйырса, Жамбыл ауданының жүйрігі Алина Айдаралы бірінші жүлдені иеленіп, үлкен додада тұсауы кесілді. Жүлделі екінші орындар мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов пен таластық Нұржан Манатбекке бұйырды. Байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен тараздық Төлеби Тәңірберген үшінші орыннан көрініп, жүйріктер қатарынан табылды. Өзге қатысушылар да сый-құрметтен шет қалған жоқ. Айтысты Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков және Ахметжан Өзбеков бастаған қазылар алқасының мүшелері қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді диплом және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы.