Аймақ

Ақсайда қандай сыр бар?

Ақсайда қандай сыр бар?

Бастауын Талас Алатауынан алатын «Ақсай» мен «Көксай» өзендері ауданның тіршілік көзі. «Ақсай» өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылады. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты.

«Ақсай» мен «Көксай» каналдары бүгінгі таңда «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы «Ақсай» өндірістік бөлімшесіне қарайды. «Ақсай» өндірістік бөлімшесі 6347 гектар алқапты сумен қамтамасыз етуде. Атап айтсақ, оның 1990 гектары Ақсай, 1684-і Көксай, 1819-ы Теріс, 854 гектары Күркүреусу суландыру жүйесі бойынша ылғалдандырылуда.

 width=

1960 жылы «Ақсай» өзеніне су электр стансасы салынған. Ол 1972 жылға дейін аудан тұрғындарын электр қуатымен қамтыған. Ондағы тастан соғылған су электр стансасының бас ғимараты әлі күнге сол бастапқы қалпында сақталып қалған. Есік-терезеден жұрдай демесең, ғимаратты реконструкциядан қайтара өткізіп, ел игілігіне жаратуға болады. Су электр стансасына суды шатқалдағы тоспадан жуан бетон құбыр арқылы жота жағалай су шығарып, электр өндірген. Ол су жүйесі әлі күнге іске жарап тұр. Тек кейбір тұстарында бетон құбырда тесік пайда болып, суы ақтарылып, арнаға құлап жатыр. Ал электр құралдары станса ғимаратының жоғарғы жағында орналасыпты. Бірақ талан-таражға түскен стансаның құрал-жабдықтары тоналып, ол ара төбешік болып жатыр. Ал шатқалдың батыс-солтүстік бетінде бірнеше тас үйдің орны қалқайып тұр. Үйлер жарым жартылай қиратылған.

 width=

Жуалы орманшылығының орманшылық басшысы Қалымхан Аманқұлұлының айтуынша, стансаның орнындағы құрал-жабдықтар күні бүгінге дейін тұрыпты. «Стансадағы құрал-жабдықтардың қолды болуына тоқсаныншы жылдардағы қиындық себеп болды. Сол тұста темір жинайтындардың қарасы артып, солар біртіндеп, бүтін тұрған дүниені кесіп, қиратып, түгін қалдырмай ұрлап алып кетті. Ал электр стансасының бас ғимараты мен жағадағы тастан соғылған үйлердің толық бұзылып кетпеуіне «Ақсай» шатқалының «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорығына берілуімен байланысты», дейді ол. Қазір «Ақсай» шатқалына кіреберісте қорықшы үйі мен бекет орналасқан. Ал мұндағы суландыру жүйесі 1979 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ақсай магистральды каналы бетон лотоктан жасалған. Оның ұзындығы – 12,24 шақырым. Магистральды каналдан кейінгі тәуліктік су реттегіштің (ТСР) су жинау көлемі 50 мың текшеметр. Тәуліктік су реттегіштің сол жақ тармағының ұзындығы 13,16 шақырым, канал темір-бетон жерасты құбырдан жасалған. Ал су өткізгіштігі 1 текшеметр, оның суын Ақсай ауылдық округінің тұрғындары пайдаланады.

 width=

Ал ТСР-дің оң жақ тармағының ұзындығы 14,889 шақырым, бұл канал да темір-бетон. Оның да су өткізгіштігі – 1 текшеметр, ол Көкбастау бағытында орналасқан. Ақсай суландыру жүйесі Ақсай, Мыңбұлақ, Көкбастау, Қарасаз және Б.Момышұлы ауылдық округтерінің шаруа қожалықтарының су пайдаланушыларын сумен қамтамасыз етеді. Бұрын Ақсай өзенінің суы мол болып, арнасы әудем жерді алып жатса, қазір Алатаудағы мұздықтар жыл сайын кеміп, су мөлшері де едәуір түсіп кеткен. Оның үстіне тәуліктік су реттегіш арқылы су бетон каналдарға бұрылғандықтан, арна құрғап қалған. Арнасы кеуіп, орнында тастар теңкиіп жатыр. Осы арнамен төмен түскенде ескі арнаның екі жағында екі түйетас бар. Ара қашықтығы 200-300 метр. Осыған қарап ертеректе Ақсай өзенінің суының қаншалықты мол болғанын бағамдай беріңіз. Түйетастың бірі кішілеу, жерге шөгіңкіреп кетсе, екіншісі үй орнындай үлкен. Ақсай аңғарындағы үй орнындай шомбал тастарды бір кезде мұнда сел домалатып әкеліп тастады ма, жоқ әлде, аспаннан түсті ме – ол арасы белгісіз. Өздері шөгеріп тастаған түйеге ұқсайды. Бір қарағанда Ақсай өзенінің асау толқынын кешіп өте алмай қос жағалауда қалып қойған бота мен ақнарды көз алдыңа елестетеді. Біріне-бірі қос жағадан қарап, өзеннің асау арынының басылуын күтіп шөгіп жатқан, ақыр аяғында тасқа айналып кеткен ойсылқара тұқымы ма дерсің. Әркім әрқалай атап та жүр, бірі «Түйетас» десе, енді бірі «Ақтас әулие» дейді. Бұл «Түйетас» немесе «Ақтас әулиеге» қатысты аңыз да көп. Көнекөз кісілердің айтуынша, Ақсайдың ауызында ауыл болыпты. Сол ауылдың жігіттері атпен ауданға ары-бері қатынап жүргенде жолда осы түйетастардың әулиелігін сынап көрмек болады. Сөйтіп жігіттердің бірі қасындағыларға қарап: «Бұл тастарды неге Ақтас әулие дейді. Бұл түйетастардың не сиқыры бар екенін сынап көрелік. Қазір қасынан шауып өтейік. Сол кезде қоржынымыздағы жолға алып шыққан барлық ыдысымыз түсіп қалсын. Бірақ сынбасын», дейді. Сөйтіп бір топ жігіт ат сауырына қамшы салып, Ақсай арнасымен шауып өтеді. Айтқандай-ақ қоржындарынан ыдыстары жерге шашылып түседі. Жігіттер қайта айналып келіп қараса, шашылып жатқан ыдыстарының бірде-бірі сынбапты. Бұл оқиғадан кейін елдің сенімі арта түскен. «Ақтас әулиенің әулиелігі көп» дейді Қайрат ауылының тұрғыны Кеңесбек Шымкентбаев. Ол кісінің айтуынша, бала көтермеген әйелдер, еміне шипа іздеген сырқаттар Түйетастың басына барып, Құран оқып, дұға тілеп, Алладан медет сұрайды екен. Адамдардың келгенін түйетастың айналасына жинап қойылған жұмыртқадай тастарға қарап байқау қиын емес. Кім білсін, ғасырлар бойы Ақсай өзенінің қос арнасында шөккен түйетастарға ғаламшардан бір тылсым энергия құйылып тұрған да болар. Ең бастысы, осындағы халықтың сенім-нанымына нықтап орныққан түйетастың «Ақтас әулие» атануында сыр бар. – Бұл тастардың қашаннан бері Ақсайдың арнасында жатқанын ешкім білмейді. Бала кезімізден үлкендер екеуін қосарлап «Ақтас әулие» деп атайтын. Ақсай өзенінің қос жағалауында бір параллельде жатқан тастардың бірі үй орнындай үлкен, екіншісінің кіші болуы да таңғаларлық құбылыс, – дейді Кеңесбек ата. Ақсай арнасының солтүстік батысындағы түйетастың қазіргі бейнесі біраз бүлінгеннен кейінгі пішімі екен. Әйтпесе, ол – мойынын жерге сала шөккен қос өркешті аруананың айна-қатесіз көшірмесі болған екен-мыс. «Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Жуалы өңіріне Ресейден қоныс аударған орыс мұжықтары көп болды. Атам айтып отыратын, Алатаудан тас таппағандай осы тасқа көзі түскен орыс ұстасы Түйетастың тасын кесек-кесек, сом-сом етіп жіліктегендей бөліп, диірменіне пайдаланғысы келіпті. Сөйтіп, темір сүймен салып, тастың әр тұсынан қолақпандай-қолақпандай тастарды үзіп түсіреді. Ал Түйетастың өркеш тұсынан салған бес темір сүймен қанжар қадағандай әлі тұр. Осы өркеш тұстан салған сүйменнен ұшқан кішкене ғана жаңқа ұстаның көзіне қадалып, мерт болады. Әулие тастың киесі ме, әлде басқа себеп пе, осындай жағдай да орын алыпты», деп естелігімен бөлісті қария. Түйетастың өркешіне сіңіре қаққан бес темір қазық өткенді еске салады. Ол араны қына басып, бейне сыналай қағылған сүйменнен қан ағып тұрғандай әсер қалдырады. Жуалы орманшылығының орманшылық басшысы Қалымхан Аманқұлұлы Ақтас әулие туралы басынан өткен қызық жайды әңгімелеп берді. – Ол кезде Ақсайда мал жайлауында отырғанмын. Кешке досым екеуміз аудан орталығына бардық. Үй орнындай Түйетастың қасынан жол өтеді. Сол жолмен «01» маркалы «жигулиіммен» күнде өтіп жүргенмін. Ауданнан түннің бір уағында қайттық. Әбден шаршаппыз. Түйетастың тұсына келгенде аяқ асты шаң көтеріліп, машинамыз жолдан шығып кетті. Есімді жисам, таң атып қалыпты. Айналама қарасам Ақсай өзенінің арнасында тұрмыз. Жол қайда, біз қайда? Айналамыз толған Ақсайдың домалақ қойтастары. Бір таңғалғаным, автокөлікте бір дақ, бір сырылған белгі жоқ. Машина оталып тұр. Маған да, досыма да ештеңе болмаған. Сол кезде арнада су болмағанын айтыңыз. Тұрған жеріміз арнаның қақ ортасы, онда жеңіл көлік тұрмақ жүк көлігі бара алмайды. Бізді әулиелер қаққан екен. Осыдан кейін мұнда бір тылсым күштің барына қалай сенбейсің, – дейді ол. Ақсай өзені, шатқалы, қаңсып қалған төменгі арнасы бәрі-бәрі сұлу табиғатымен, көз тоймас көркімен ерекше. Бүгінде арна орны тоғайға айнала бастапты. Өзеннен су күз және қыс айында түскені болмаса, суғару маусымында арна қаңсып жатады. Оның өзі де, айналасына қос жағалаудағы түйетастар да Ақсай арнасына сұлу көрік беріп, таңғажайып келбетімен туристерді тартып тұрғандай.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Жуалы ауданы.