Қолөнерші неміс қызы
Қолөнерші неміс қызы
Сарысу ауданында 30-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың арасында неміс халқының өкілдері Жаңатас қаласында, бұрынғы Байқадам (қазіргі Саудакент) және екінші Коммунар (қазіргі Өндіріс) аталған ауылдарға көптеп қоныс тепкен. Бүгінде олар туған бауырдай болып араласады. Тіпті осы жерден өздерінің тарихи Отандары – Германияға қоныс аударғанда қимай қоштасқан немістер бар. Олар осы уақытқа дейін туып-өскен, өмірінің алтын бесігіне айналған жері Сарысудағы ағайынмен, достарымен әлі күнге хабарласып, өздерінің сағыныштарын білдіріп отырады. Аудан орталығы Жаңатаста да біршама немістер тұрады. Олардың өмір жолы осы қаламен тығыз байланысты. Жаңатастың іргетасы қалана бастаған кезде келіп, еңбек жолын, өз бақытын осы кеншілер қаласынан тапқан жандар баршылық. Бүгінде олар аудан тұрғындарымен бірге аймақтың дамуына қал-қадірінше атсалысып, аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе Жаңатас қаласының тұрғыны Лилия Вайсты ерекше атар едік. Лилия Қордай ауданында дүниеге келген. 1966 жылы ата-анасымен бірге Жаңатас қаласына келген. Қаладағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте білім алған. Орта мектепті бітіргеннен кейін кран көтеруші ретінде кәсіптік білім алып, құрылыс саласында жұмыс істеген. Жаңатас қаласында жаңадан салынған көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысқан. Кейіннен Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) химия өндірісінің операторы мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, тау-кен өңдеу комбинатының орталық байыту фабрикасында жұмыс істеген. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр. 2005 жылдан бері неміс ұлтының мәдениетін, тілін, дәстүрін жаңғырту және сақтау мақсатында 90-шы жылдардың бас кезінде құрылған неміс этномәдени орталығының жетекшісі. Бұл орталық аудан өміріне, аудандағы қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласады. Он саусағынан өнер тамған Лилия орталықтың жұмысынан және күнделікті тірліктен бір сәт қолы босай қалғанда түрлі қолөнер бұйымдарын, әшекейленген, түрлі сувенирлер мен картиналар жасаумен айналысады. Нағыз қолөнер шеберінің өзі. Бұл шеберлік оның хоббиіне айналған. Қазіргі таңда Лилияның қолынан шыққан бұйымдарға тұрғындар тарапынан сұраныс артқан. – Менің туған жерім – Қазақ елі. Осындай қасиетті жерде туып-өсіп, оқыдым, білім алдым. Жаңатас – менің сүйікті қалам. Мамандық иесі атанып, осы қалада еңбек еттім. Қазір де қоғамнан қол үзген емеспін. Этномәдени орталықтың жетекшісі ретінде ауданда өтіп жатқан түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысамын. Өмір бойы адал еңбек етіп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Болашағымызға еш алаңдамаймын. Өйткені біздің Отанымыз – өсіп-өркендеген Қазақстан, –дейді ақжарқын көңілмен өз сөзінде Лилия Петрқызы. Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр. Тіпті кейбір ұлт өкілдері жер иесі қазақтардан артық тұрады. Түрлі салада еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көргенде қазақтың кеңдігіне қайран қаласыз. Осыдан біраз жыл бұрын тарихи Отандарына кеткен біраз немістер Қазақстанға қайта келді. Қазақтың дархандығы мен кеңдігін және бауырмалдығын Герольд Бельгер көп жазды. Міне, қазақтың өзге ұлтқа деген сүйіспеншілігін осыдан көруге болады.
Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
Сарысу ауданы.