Өңір шаруаларының өнімі саудаланды
Өңір шаруаларының өнімі саудаланды
Бұл күні жәрмеңкеде жалпы құны 101,2 миллион теңгені құрайтын 169,1 тонна ауыл шаруашылығы тауары шығарылған еді. Оның 18 тоннасын ет өнімдері құрады. Яғни, жоғары сұрыпты жылқы, сиыр, қой және тауық еті. Бұдан бөлек, 3 тонна шұжық, 7,3 тонна сүт өнімдері болды. Тауық фермалары 7 мың дана жұмыртқа жеткізген. 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері де халықтың талғамынан шықты. Тұз, балық, ұн, бал мен бақша өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болды. Бұл жәрмеңкенің өзінде 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс саудаланды. Халық картопты қабымен алып жатты. Бір ғана Жуалы ауданынан 20 тонна картоп жеткізілген екен. Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, ауданнан жәрмеңкеге 15 шаруа қожалық өз өнімін ала келіпті. «Жәрмеңкеге екі мүйізді ірі қара, бес қой, 420 килограмм тауық еті, шұжық пен басқа да өнімдер, бір тонна ірімшік жеткізілді. Екі тонна алма мен 20 тонна картоп, 230 литр сүт пен қымыз бар», – дейді ол. Ал таластық «Бекен» шаруа қожалығы бес қой мен бір сиыр етін әкеліпті. Қожалық жетекшісі Нұржапар Исахметов бірнеше жылдан бері жәрмеңкенің тұрақты қатысушысы екенін айтты. «Облыс орталығы Тараз қаласындағы және Қаратау қаласындағы жәрмеңкелерге тұрақты қатысып келемін. Өзім мал шаруашылығымен айналысамын. Мал бордақылап, етін сауда орталықтарына өткеремін. Астана қаласында өткен жәрмеңкеге де мүйізді ірі қара мен бес қой апарғанмын. Бүгінгі таңда мал етіне деген сұраныс жоғары. Бір сәтте қой мен сиыр еті өтіп кетті. Енді қалғаны он килограмм ғана. Әр жәрмеңкеге қатысқан сайын тұрақты алушыларым да пайда болып, бүгін де келесі жәрмеңкеге тапсырыс беріп жатқандары бар. Еңбек етсең, әрине, оның табысы болады. Ең бастысы – жәрмеңке арқылы арадағы делдалсыз өз өнімімізді өткеруге мүмкіндік алдық», – дейді ол. Меркі ауданының Кеңес ауылынан келген Дана Сағындықова сүт өнімдерін өткеруде. Биыл Тараз қаласында өткізіліп жатқан жәрмеңкеге ол үшінші рет қатысуда екен. «Халықтың сүт өнімдеріне деген сұранысы жоғары. Әкелген сүттеріміз өтіп кетті. Сүттен бөлек, сары май, алма мен қымыз ала келгенбіз. Ол заттар да түгесілуге таяды. Бүгін тауарымыз жақсы өтуде», – деді ол. Түске дейін жалғасқан жәрмеңкеден қала жұрты көңілді тарқады. Соның бірі – қала тұрғыны Майра Шәкір. «Жәрмеңкенің орталық алаңда ұйымдастырылғаны жақсы. Өйткені мұнда халық көп жиналады. Бүгін картоп, ет, басқа да керек-жарағымды алып, үйге көңілім толып қайтып барамын. Бағасы да жүйелі. Жәрмеңке үзбей апта сайын жалғасып тұрса», деген тілегін де айтқан еді ол.
Тараз қаласы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.