Әдебиет

Бес кітаптың тұсауы кесілді

Бес кітаптың тұсауы кесілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы міндеттемелерді жүзеге асыру мақсатында «Ардагерлер» үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің көшпелі кеңесі өтті. Жиын барысында ел өміріндегі маңызды науқан – сайлауға қатысты оралымды ойлар айтылды.

– Қандай да бір қоғамдық істердің басы-қасында ардагерлердің жүруі заңды. Алда келе жатқан сайлау барша қазақстандықтар үшін тарихи кезең. Халық өзінің азаматтық міндеті ретінде сайлауға белсене қатысуы керек. Әрине, бүгінгідей әлемде геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған кезде дұрыс таңдау жасай білуіміздің маңызы өте жоғары. Сондықтан мұндай тарихи кезеңде бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек,– деп, басқосуды ашып берген республикалық «Ардагерлер ұйымының» орталық Кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов көпшілікті сайлауға белсене қатысуға шақырды. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев баяндама жасап, ұйым тарапынан атқарылған жұмыстарды тарқатып айтты. Кеңес отырысына келген қонақтарға да сөз тізгіні берілді. – Мен бүгінгі басқосуда Президенттің Жолдауындағы «Рухани үндестік–бірліктің бастауы» деп аталатын төртінші қағидаға кеңірек тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар» екенін атап көрсетті. Осынау қағидалы сөздердің астарында рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін, жаңа қоғамдық қатынастар талабына қарай бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру маңызды саяси мәселе деп есептеймін. Президентіміздің бүгінгі таңда жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатын халықтың басым көпшілігі қолдап отырғанын күнделікті өмірімізде, жиын кездесулерде байқап жүрміз,– деді Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов. Жиын барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы бірқатар ардагерлерді «Еңбек ардагері», «Құрмет белгісі» төсбелгілерімен және «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Басқосу ауқымды іс-шараға жалғасып, кеңес отырысына келген қонақтар Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 5 монографияның, 4 ғылыми есеп берудің, 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы, ақын, сазгер, ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Жыр жолымен», «Қоршаса ойлар...», «Шақырса шабыт», «Белестерге жалғасып жыр жолдары», «Мотивы вечности» кітаптарының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Кітаптың тұсаукесерінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев автордың шығармашылығына толайым табыстар тіледі.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ