- Advertisement -

«Құлдықтан» әлі құтылған жоқпыз

204

- Advertisement -

Шетелдік «Заложница» деген фильмді көрген бе едіңіз? Фильмде шетелге барған құрбыларды
алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Ұрланған қыздың әкесі баласын аман қайтару жолында біраз қиындықтарды бастан кешеді. Соңында барлығын жеңіп, қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Ал өмірде дәл кинодағыдай саудаланған адам барлық жағдайда үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түзсіз жоғалғандары қаншама?

Иә, «құлдық», «адам саудасы» дегенде, ең алдымен ерте ғасырлар көз алдымызға елестеуі мүмкін. Бірақ қазіргі дамыған заманда да құлдықтың құрдымға кетпегені ащы да болса шындық. Тіпті дүние жүзінде қару-жарақ сату мен есірткі бизнесінен кейінгі үшінші орындағы көлеңкелі әрі табысты бизнестің түрі де осы – құлдық, адам саудасы екен. Халықаралық «Walk Free» тәуелсіз құқық қорғау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде әлі де 40 миллионнан астам адам құлдықтың құрбаны болып отыр.

Ешкім де өз еркімен құл  болмайтыны белгілі. Сондықтан қылмыскерлер алдымен алдап-арбауға, адам ұрлауға барады. Сосын түрлі мақсаттарда пайдаланады. Жалпы, адам саудасының бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, қылмыстық қанау, қарыздық міндеттеме, балалар еңбегін қанау, «тұрмыстық» құлдық, қайыр сұрауға мәжбүрлеу, бала асырап алу мақсатында балаларды сату, дене мүшелерін трансплантациялау үшін адам саудасы.

Адам сатумен айналысатындар әуелі «жұмыс тауып береміз» деген желеумен адамдарды арбайтын көрінеді. Мамандардың пікірінше, көбінесе іссапарға, рейстерге, маусымдық жұмыстарға тартылған жандар мұндай алдап- арбауға түсіп қалуда. Отбасыларына оралмай қалған нәзікжандылар негізінен ішімдікке салынып жүріп ізім-ғайым жоғалатын көрінеді. Балалар болса, алаяқтардың алдап- арбауына ата-анасымен араздасқан кезде ұрынып қалады екен.

Адам саудасына қатысты “сұмдық” статистикалық сандарды «сөйлетер» болсақ, 2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда 18-25 жас аралығындағы 677, 30 жастан асқан 634 ер мен әйел саудаланған. Ал биыл еліміз бойынша небәрі жарты жыл ішінде адам саудасына қатысты 57 қылмыстық іс қозғалыпты.

Былтыр – 103, 2020 жылы 100 қылмыстық іс қаралған екен. Осы 2020 жылы 1891 адам «сауданың» құрбаны болған.

Мұның ішінде жыныстық құлдыққа тартылғандар саны былтыр – 16, 2020 жылы – 67. Ұрланған адамдарды қылмыскерлер Бахрейнге, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне жөнелтіп отырған. Бірақ шетел асқан азаматтардан гөрі, ел ішінде саудаланғандардың үлесі басымырақ екен. Жалпы, адам саудасы бойынша Қазақстан әлемде 83-орында тұр.

Енді облысымыздағы деректерге көз жүгіртсек. Соңғы 5 жыл ішінде облыс аумағында адам саудасына байланысты 4 қылмыс тіркеліпті. Оның ішінде сексуалдық қанау жасағаны үшін 1 дерек және еңбекті қанауға қатысты 3 дерек Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандарында орын алған.

Адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою бойынша 10 қылмыс, жезөкшелікпен айналысуға арналған жайларды ұйымдастырып, оларды ұстағаны, жеңгетайлық жасағаны үшін 55 қылмыс әшкере болған.

Кәмелетке толмағандар саудасына қатысты 2 дерек, адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу бойынша 1 дерек анықталған. Ал биыл, 9 ай ішінде жезөкшелікпен айналысуға арналған орындардың 4-еуі тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған.

Бұл саладағы «саудагерлердің» көбеюіне алдымен оның табысты көлеңкелі бизнес екендігі сеп болса, екіншіден, интернеттің дамуы да адам саудасын жеңілдете, жеделдете түсуде. Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады екен. Әрі қонақжай, ақкөңіл, сенгіш болып жаратылған болмысымыз да мұнда аз рөл атқармасы анық.

Адам саудасы құрбандарының еселене түсуіне сондай- ақ, тұрмыстық, материалдық қиындықтар да өз әсерін тигізуде. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқтың» кері келіп, ақша табамын деп арбалып жатқан жандардың қарасы жеткілікті.

Осы орайда азаматтарға арналған Egov.kz үкімет порталы адам саудасы құрбаны болудан сақтану үшін ең әуелі шетелде немесе Қазақстанның басқа қаласында жұмыс істеуді ұсынып отырған агенттіктің заңды екеніне, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген лицензиясының бар екеніне көз жеткізуді, жұмысқа орналасу туралы келісімшарт жасасуды, туыстарға қайда және кіммен бара жатқанын айтып, телефон нөмірін, тұрғылықты мекенжайды қалдырулары тиіс екенін ескертіп, «құл саудасы» құрығына түсіп, одан қашып кетуге мүмкіндік туса, еліміздің консулдығынан немесе басқа мекемеден көмек сұрауға шақырады.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support