Жамбылда не жаңалық?

Мәртебені асырып, мерейді тасытқан

Мәртебені асырып, мерейді тасытқан

Елдіктің, егемендіктің тойы – Республика күні биыл 13 жылдан соң қайта тойланды. Ұлттық мереке – ұлттың мәртебесін асырып, мерейін тасытты. Мерекеге орай облысымызда көптеген іс-шаралар өтіп, бірқатар нысандар ашылды.Жуалы ауданы

Ауылдарға газ, ауыз су берілді

 

Республика күні қарсаңында Жуалы ауданындағы 450-ден аса тұрғыны бар Рысбек батыр ауылына газ берілді. Газ тарту жұмыстарын «SAT Constrution» ЖШС жүргізген. Газ құбырының ұзындығы 4,24 шақырымды құрайды. Жалпы, ауданда 49 елді мекен болса, биыл оның бесеуіне газ тартылады деп жоспарланған. Оның ішінде Рысбек батырдан басқа, Қызтоған, Ақтасты, Қаратас және Қошқарата ауылдары бар. Келесі қуаныш ауданның Қоңыртөбе ауылында болды. Ұлттық мерекеге орай, мұнда тұрғындар көптен күткен ауыз су жүйесі іске қосылды. Су құбырының ұзындығы – 6 шақырым. Енді ауылдағы 700-ден аса тұрғын, таза ауыз суды тұтынатын болды.

 width=

 Байзақ

Жаңа нысандар ашылды

Республика күніне орай, Байзақ ауданында бірқатар жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Мәселен, Темірбек ауылдық округіне қарасты Шахан ауылында шағын футбол алаңы пайдалануға берілгені ауылдықтарға тамаша тарту болды. Спорт алаңы «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының және осы топырақтың алыс-жақындағы түлектерінің демеушілігімен үш айдың ішінде бой көтеріп, мереке қарсаңында қолданысқа берілді. Сонымен қатар ауданның Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Учаскелік полиция пункті кеңсесі мен инспектордың отбасына арналған қызметтік тұрғын үй бірге қамтылған жаңа ғимараттың ауданы 108 шаршы метрден асады. Кеңседе телефон және интернет байланысы тартылған, жиһаз, тұрмыстық техника және жұмысқа қажеттінің барлығы бар. Жақаш елді мекені құрамында Қосы батыр, Көкөзек ауылдары бар округтің орталығы болып табылады. Учаскелік полиция пункті «Жұртқа жақын полиция» қағидаты және полицияның сервистік жұмыс моделі шеңберінде ашылып отыр.

 width=

Т.Рысқұлов

10 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында

Ауданда алғашқы модульдік полиция пункті ашылды. Аудан тұрғындары көп шоғырланатын орталық алаң мен «Жеңіс» саябағының ортасында орналасқан жаңа пунктте полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, аумақты патрульдеу, азаматтарды қабылдау үшін тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады. Бұл азаматтарға кез келген уақытта көмекке жүгінуге немесе толғандырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауданда мереке қарсаңында «Достық үйі» ашылды. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша қысқа мерзімде бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отыр. Бүгінгі таңда ауданда 20-дан астам өзге ұлт өкілдері тату тіршілік кешуде. Енді осындағы 10 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында өздерінің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, қоғамдық келісімді сақтау жолында белсене еңбек етпек. Сарысу ауданының Жайылма ауылында да мерекеге орай спорт алаңшасы ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.

 width=

Он екі отбасы баспаналы болды

Республика күніне орай облыста «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 2, Жамбылда – 1, Жуалыда – 1, Сарысуда – 1, Таласта – 2, Т.Рысқұловта – 3, Шу ауданында 2 тұрғын үй қолданысқа берілді. Биыл Байзақ ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 13 үй салынуда. Ұлттық мереке күні екі бірдей ауылдың тұрғыны аталған жобаның шарапатын көрді. Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылының тұрғындары күш біріктіріп, көпбалалы әке Асылжан Сайлауовқа 4 бөлмелі баспананы сыйға тартты. Бұл үйді салу үшін ауыл әкімшілігі 15 сотық жер бөлді. Көптің көмегімен салынған тұрғын үй жылу жүйесімен, таза ауыз сумен, газбен қамтылған. Бұдан бөлек, тұрмыстық техникалар мен жиһаздар бар. Қоныс тойын тойлаған шаңырақ иелері көпшілікке алғыстарын жеткізді. Бұл елді мекенде осымен үшінші жыл қатарынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыға тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен мәдімарлық ағайын асарлатып үй салуда көпке үлгі көрсетіп келеді. Ұлттық мереке күні ауданның Жалғызтөбе ауылдық округінің Аққия ауылының тұрғыны Бейімбет Бекберов те 3 бөлмеден тұратын баспана кілтіне ие болды. Бүгінде тұрғын үйді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 width=

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында 25 қазанды ұлттық мереке деп бекіту туралы заңға қол қойғаны белгілі. Осы ұлтымыздың ұлық мерекесінде Жамбыл ауданының Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Жасөркен ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бір отбасы қуанышқа кенелді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің қолдауымен 3 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Эльмира Төлтаеваға үш бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. Бір жыл ішінде бой көтерген тұрғын үйге 9 миллион теңге қаражат жұмсалған. Жуалы ауданының Шыңбұлақ ауылында да жаңа баспана пайдалануға берілді. Жетітөбе ауылдық округінің тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер көпшіліктен жиналған 4,5 миллион теңгеге Ардақ Әбілханұлының баспанасын кеңейтіп, күрделі жөндеуден өткізіп берген. Мереке күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза баспана кілтін табыстап, шаңырақ иелерін қуанышымен құттықтады. Талас ауданында өткен жылы «Асарлатып үй салу» жобасымен 8 үй тұрғызылып, баспанаға мұқтаж отбастарына берілген болатын. Биыл Республика күні Қаратау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Сандуғаш Итеноваға баспаналы болу бақыты бұйырды. Бес баланың алаңсыз өсуін ойлаған жомарт жандар қаражат қарастырып, 4 бөлмелі үй тұрғызып беруді ұйғарыпты. Көпбалалы ана осы іске бастамашы болған азаматтарға алғысын білдірді. Бұл күні қоныс тойын тойлау Берікқара ауылдық округі, Үштөбе қыстағының тұрғыны, көпбалалы ана Айна Таңатоваға да бұйырды. Республика күнінде Т.Рысқұлов ауданында үш отбасы баспаналы болды. Көгершін, Қарақыстақ және Жаңатұрмыс елді мекендерінде асарлатып салынған үйлердің кілті иелеріне салтанатты түрде табысталды. Бұл күні көгершіндік Нұрлан Кездікбаевтың қуанышында шек болмады. Бес балалы әкенің ұзақ жылғы арманын ауылдастары орындады. Олар 12 жыл бұрын басталған үйдің құрылысын аяқтап, тіпті ішін жиһазға толтырып берді. Жалпы биыл ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 13 үй тапсыру жоспарланса, жыл басынан бері 4 үйдің кілті табысталған. Ал қалған үйлердің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, мұқтаж отбастарына рет-ретімен берілмек.

 width=

Мереке күні Шу ауданында да екі отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Өндіріс және Ескі Шу ауылдық округтерінде тұрғызылған тұрғын үйлер асар дәстүрімен соғылып, пайдалануға берілді. Өндіріс ауылдық округінің тұрғыны, 5 баланың анасы Балзия Тұрғынбаеваға баспана кілтін аудан әкімі Сәкен Арубаев тапсырды. Дәл осындай қуаныш Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында да орын алды. Ауыл тұрғындары демеушілік жасап, ауыл имамына баспана соғып берді. Айта кетейік, биыл облыста «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 121 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Баспаналар ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің, шаруа қожалығы иелерінің ықпал етуімен бой көтеріп, жыл соңына дейін мұқтаж жандарға табысталатын болады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП