Мамандыққа деген махаббат

Мамандыққа деген махаббат
Бүгінде осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген, тағдырдың тауқыметін тартқан қайсар жандарды бейімдеп, емдеуге негізделген орталықтар елімізде аз емес, соның бірі – Ақкөл ауылындағы №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы. Орталық 2022 жылдың 7 ақпанында ресми түрде ашылған. Мекеме директоры – «Әлеуметтік саланың үздігі» Гүлнар Бектасова. Осы аталған мекеменің әлеуметтік бөлімінде жалпы 19 маман қызмет көрсетеді. Бүгінде бұл орталықта 200 адамға қызмет көрсетіледі. Орталықта мамандар күні-түні мұқтаж жандарға қарайласып, жәрдемдеседі. Бұл орталықта психикалық дамуы тежелген, ақыл-есі кем адамдар емделеді. Ал ол жандармен тіл табысып, күнделікті күтім жасау қиынның қиыны. Мұндай күрделі істі тек мамандығын жүрекпен таңдаған қызметкерлер ғана еңсереді. Әлеуметтік қызметкер – әлеуметтің әлсіз өкілдерінің жанашыры, жақыны, тіпті туысы. Бұл мамандар әр науқастың жан-дүниесіне үңіліп, сырласады, жан-жақты көмек береді. Сол сауапты да, салмақты еңбекті атқарып жүрген жандар төл мерекелерін атап өтуде. Себебі олар өздерінен бұрын, жақындарына айналып кеткен науқастар үшін уайымдайды, жанашырлық танытады. Халықтың әлсіз топтарына көмектесетін, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын – осы әлеуметтік жұмыс мамандары. Сондықтан тек мереке қарсаңында ғана емес, еңбегін елеп, нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлерді әрқашан құрметке лайықты дер едім. Әлеуметтік жұмыстың салмағы өзгеге білінбейтін, біліктілікпен бірге кең жүректі қажет ететін күрделі сала.
Ш.ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ,
№6 аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер
ұсыну орталығының
мәдени ұйымдастырушысы.
Талас ауданы.