- Advertisement -

«Жақсымын»деп мақтанба!

104

- Advertisement -

Жалған дүниеде жалпы адамзат баласы мақтағанды және мақтанғанды жақсы көреді. Әсіресе ақындарыңыз бен жазушыларыңыз, актер-режиссерларыңыз, әнші-күйші, композиторларыңыз, ғалымдарыңыз, спортшыларыңыз мақтағанды да, марапаттағанды да айрықша ұнататыны аян. Бәрі емес, әрине. Несін жасырамыз, бұл тізімде біздер журналистер де бармыз. Рас, шығармашылық адамын шабыттандырмаққа, ынталандырмаққа қажет бұл. Сол себепті, ардақ тұтып алқалап, арқадан қағып, сый-сияпат жасап, қошемет-құрмет көрсетіп, мерейтойларын өткізіп, мерейлерін тасыту – елдіктің белгісі дейміз. Оның үстіне, жұмыр басты пенделердің жаны, қарым-қатынасы қатыгезденген кезеңде жылы сөзге, шынайы пейілге, ыстық ықыласқа кім де болсын қазіргідей зәру шақта. Мақтамақтық пен мақтаншақтықтың мың мәрте миын шағып жүрміз.

Әлбетте, қай салада да жеңістерді, жетістіктерді, озықтарды бағалай білгенге, шын бағасын бере білгенге, көкжиекті кеңейтушілерді қошеметтегенге, бір-бірімізді марқайтып, бауыр тартқанға, батыр дескенге не жетсін?! Бірақ бәріне де өлшем болмағы ләзім. Өлшеуінен, мөлшерінен асқан істің оңғаны бар ма?! Сіз бен бізді бос мақтан мерейлі мемлекеттік белестерге шығара қоймайды.

Бұл қадаммен биік беделдерді иемдене алмаспыз. Шынтуайтында, «ең үлкен кесір – мақтаншақтық» қай салада да сананы сансыратып, сапаны төмендетеді. Шектен тыс мақтангөйлік пен кеудемсоқтықтың «құрбанына» айналып, «өз-өзін» жоғалтқан атақтыларымыз аз ба? Ал басқаларымыз бұл кесапаттан саумыз ба?!

Жақында ауылға жол түсті. Биыл алғаш рет қайта тойланған Республика күнінде ауылда болдым. Ұлттық мерекеге орай жан-жақта жан бағып жүрген ауылдың жастары жиналып, көкпар берді. Тату елге тоқшылық нәсіптің дәлелі бұл. Ол күндері тұлпарлар тұяғымен жер тарпыды, балуандар белдесті. Бәрі тамаша өтті. Дүбірлі додаға дейін дастарқан жайылып, жастар жағы үлкендердің батасын алды. Сол дастарқан басында ауылдас бір көкем бүй деді: «Әй, журналист бала! Осы сендер жұмыс істейтін газет-журнал, теледидарда қарапайым адам бар ма? Әлгі бір тілші: «Мен №1 журналистпін», – депті ғой. Ал сен қай нөмірлі журналиссің?» Мен үндемедім. Дайын тұрған жауабым да жоқ. Бірақ лайықпын ба, жоқпын ба әйтеуір, әлгі әріптесім секілді «№1-ші» болғым келді. Ел-жұрт солай айтса екен деп, қиялдадым. Қайтейін, тұяғы бүтін тұлпар емеспін ғой. Армандап отырғаным сол еді, тағы сол үлкендер жақтан:«№1-шімін депті. Бүкіл қазақ мойындаған батыр Баукең мен Шерағаң қалай жер басып жүрді екен?! Е, олар мақтаншақтыққа бой алдырмаған алыптар ғой», – деген дауыс естілді. Осы сәтте өз-өзімнен ұялдым да, көктен жерге «түстім».

Ғажабы сол, бес рет қоршауда қалып, жеті рет жарақаттанған, үш рет контузия алған қазақтың қаһарман батыры Баукең де, Тұрар туралы терең-терең зерттеп, ерен-ерен еңбек жазған Шерағаң да мақтаншақ болған жоқ. Қос алып хәкім Абай айтқан бес дұшпанның қақ ортасындағы осы бір кеселге қарсы абзал қасиетті қандарына қалтқысыздықпен құйып, сүйектеріне сүйіспеншілікпен сіңіріп ала білді. Иә, Баукең өзі туралы: «Нөмірі бірінші Бауыржанмын», – деді. «Нөмірі бірінші Батырмын» деген жоқ. Сенбесеңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» қайта парақтаңыз. Ал халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Тұрар Рысқұловты қайта «тірілткен» Шерағаң «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының соңғы кітабы «Тамұқты» түйіндерде: «Бұл кітап сіздің зәулім тұлғаңызға лайық деп айта алмаймын. Қолымнан келгені осы болды, көке. Құдай шақтап берген күш-қуаттан, шағын таланттан аса алмадым…», – деп жазды. Бағамдап, байыптап қараңызшы. Мың мәрте масайрайтындай тірлік тындыра тұра мақтанудан аулақ болып өтті. Қарапайымдылығынан танбады, мінезінен титтей де ауытқымады. Иә, екі бірдей таутұлғаның өміріне үңілсеңіз, олардың болмысында бір түйір бос мақтан, яки мақтаншақтық мүлде жоқ екендігіне көз жеткізесіз. Ал біз…

Иә, өтірік мақтану, шексіз мақтангөйлік, даңғойлық жақсылыққа жетелемейді. Әрине, бәріміз де пендеміз. Өсектен де, өтіріктен де, мақтаншақтықтан да сау емеспіз. Десе де, қателікті түзету, кемшіліктен арылу, тәубеге келу қашанда өз қолымызда. Әйтпесе, менмендік, мақтаншақтық – бір отбасын, бүкіл бір әулетті, үлкен ұжымды, айнала-ауылыңызды, көше-көлеміңізді, тұтас аймағыңызды, тіпті түгел өңіріңізді бүлдіріп, былғауы бек мүмкін.

Ауылдағы үлкендердің әңгімесінен ой түйгендей болып, Абай айтқан бес дұшпанның бірін «азаптай» отырып, азғантай ғана айтпағымыз осы еді, әріптес-ағайындар. Артық кетіп, кем шықсақ, айып көрмегейсіздер.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support