- Advertisement -

Салдармен емес, себебімен күресу керек

93

- Advertisement -

Әдетте қандай да бір құрылыс нысанының сапасыз салынғанын, жолдың нашар жөнделіп, жер мен тұрғын үй кезегінен келеңсіздіктер байқасақ, оны бақылайтын органдарды іздеп шығатынымыз жасырын емес. «Неге қадағаламайды, бақыланбаған, шара қолдану керек» деген сыңайда шағымдар айтамыз. Мұның бәрі әлбетте, бақыланады. Тиісті құзырлы орындардың жұмысынан бөлек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі ол үшін арнайы әр аймақтың жемқорлық тәуекелдер картасын да әзірлеген. Картада жолдар мен инфрақұрылым, экономика және қаржы, олигополия, жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй сынды сан сала бар.

Мәселен, облыста жол құрылысы саласында 15 нысанның орташа жөндеу жұмыстары кезінде үстеме шығыстар көрсету, сметалық пайданы асыра бағалау тәрізді деректер мен мердігер мекемелердің сапасыз жұмыстары анықталған. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жүргізген бақылау жұмыстары Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылының жолды салу барысында талаптарға сай келмейтінін, асфальт төсемінің астына битум құйылмағанын көрсеткен. Аталған мәселе бойынша ауыл әкіміне тиісті хат жолданып, мердігер мекеме 50 метр жол төсендісін алып, аталған жолды қайта қалпына келтірген. Осы секілді жағдай Тараз қаласындағы Уәлиханов көшесінде де орын алған.

Сондай-ақ биыл 18 басшы лауазымдағы қызметкер бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 14-і – құқық қорғау органдарының, 2-еуі – жергілікті атқарушы органдардың, 1-і – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, 1-і – квазимемлекеттік ұйым басшысы. Бұл туралы кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

Басқосуға өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов та қатысып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы туралы баяндама жасады.

– Қазіргі таңда агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі – тәуекелдер картасы. Бұл ретте жолдар мен инженерлік құрылыстардың сапасы, ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу үшін қаражат жұмсау мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Сол секілді осы облыстың тұрғындарын бағаның өсуі, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасындағы тәуекелдер, жеке тұрғын үй құрылысы үшін және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бөлу, жерлерді мақсаты бойынша пайдаланбау мәселелері мазалайтыны белгілі болды.

Осы орайда жергілікті атқарушы орган мен жұртшылықтың күш-жігерін, мүмкіндіктерін біріктіру өте маңызды, – деді ол.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Даурен Омаров өңірдегі жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан қызметкерлері үшін басшының жауапкершілігі институтын қолданудың өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тәуекелдер картасына енген салалар бойынша және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қарсы мәдениет қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті басқарма басшыларынан жеке-жеке жауап алды.

– Біз жағдайдың салдарымен емес, себебімен күресіп, алдын алу, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз. Бұған дейін атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, нәтиже ойдағыдай дей алмаймыз. Демек, бұл бағыттағы жұмыстарға жаңаша көзқарас қажет. Аталған департаменттер тиісті басқармамен өзара бірлесіп, ортақ жауапкершілікті сезініп жұмыс жүргізгені дұрыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда балаларға отбасы, мектептен бастап жан-жақты дұрыс тәрбие беру маңызды, – деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support