Мәдениет

Сахна! Қойылым! Ғажап!

Сахна! Қойылым! Ғажап!

4 3Халықаралық фестивальда өзбек пен қырғыз театрларының мерейі үстем болды

«Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған I Халықаралық фестиваль өз мәресіне жетті. Төрт күнге ұласқан театр мерекесі бекзада өнерге сусаған халықтың шөлін басты. Еліміздің әр аймағынан және көршілес қырғыз, өзбек елдерінен келген жеті театр фестивальда барын салып бақты. Актерлік өнерге негізделген фестиваль болған соң әр театр актерлерінің мүмкіндіктерін толық пайдалануға тырысты.

Сонымен шараның соңғы күні қазылар алқасы алдымен қатысушы театрлардың басын қосып, олар қойған қойылымдарға шолу жасады. Қайбір театрлардың фестивальдың шартын дұрыс ұқпағандарына тоқталса, кей спектакльдердің сенімсіздеу шыққан тұстарын ашып айтты. Фестивальдың халықаралық деңгейде алғаш рет өтіп, оның үстіне актер өнерін негізге алғанын ескеріп, кейбір олқылықтарға кешіріммен қарауға болатынын тілге тиек етті. Десек те, фестивальдың ойдағыдай өткенін мақтанышпен жеткізді. Әсіресе, ұйымдастырушы тарапқа деген қатысушылар мен қонақтардың ризашылығы шексіз.

Қазылардың айтуынша жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпапты. Әйткенмен, таланттарды анықтауда қазылар ойы бір жерден шыққан көрінеді. Көпшілік те сол шешіммен келісетініне сенім білдірді. Марапаттау салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Қонақтар мен көрермендер алдымен облыстық қазақ және орыс драма театрлары мен өңірімізге белгілі өнер тарландарының дайындаған көңілді кешін тамашалады. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз сөйлеп, меймандарды театр мерекесімен құттықтады. – Қадірлі өнерсүйер қауым, қонақтар, актерлер! Сіздермен бірге шаһар жұртшылығы төрт күн бойы өнер мерекесінің куәсі болды. Театрды жақсы көретін көрермендерге қуаныш сыйлағандарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да осынау өлмес өнердің өркендеуіне сеп болатын осындай игі шараларымыз жалғасын табатын болады, – деді, Ерқанат Нұрбапаұлы. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев ұйымдастырушылар атынан қатысушы жеті театрдың режиссерлерін алғыс хатпен марапаттады. Одан кейін жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау үшін сахнаға қазылар алқасы шақырылды. Қазақстан Театрлар одағының төрағасы, Халық артисі Тұңғышбай әл-Тарази бастаған қазылар алқасы алты номинация бойынша жүлделерді тапсырды. Нәтижесінде «Классикалық қойылым үшін» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының актері Г.Фигейредоның «Эзоп» драмасындағы Эзоп рөлі үшін Игорь Вербицкий, «Актер өнеріне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабеков У.Шекспирдің «Король Лир» – қойылымындағы Король Лир рөлі үшін марапатталса, А.Ходжакулидің «Дарбадар» драмасын сахналаған Өзбекстанның «Шахрисабз Ешлари» атындағы театрдың актерлері Набдунаби Бобожонов пен Ойгул Халилова екеуі «Үздік актерлік дуэт» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ, Ойгүл Халилова аталмыш қойылымдағы Медея рөлі үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын да жеңіп алды. Сонымен қатар, «Ең үздік әйел адам бейнесіне» екінші болып Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры қойған Сұлтан Раевтың «Меккеге барар ұзақ жол» драма-притчасындағы қыз бейнесін сомдаған Динара Қыдыралиева лайық атанды. Осы қойылымда басты кейіпкер яғни, Император бейнесін нанымды сомдап шыққан Ұлан Зайнидин «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді. Ол ғана емес, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын да жеңіп алды. Осылайша, Тараз төрінде дүркіреп өткен «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған I Халықаралық фестивальда еліміздің театрларынан гөрі көршілеріміздің мерейі үстем болды. Әсіресе, үш аталым бойынша жеңімпаз атанған қырғыз бауырларымыздың жұлдызы биіктен жарқырады.

«Біздің мақсат – Таразды театрлар ордасы ету»

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ, ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегерімен сұхбат:

– Тұңғышбай аға, фестивальдың басты фигуранты ретінде айтыңызшы, өнер мерекесі көңіліңізден шықты ма? – Әлбетте. Менің туған қалам, менің Таразымда театр мерекесі дүркіреп өткенінің бәріміз куәгері болдық. Бұл фестивальды ұйымдастырар алдында осындағы әкімдіктің, мәдениет саласының басшылары маған өтініш жасап «сіздің атыңыздағы театрлар фестивалін өткізсек» деп хабарласқан болатын. Басында өзім де екіұшты ойда болып, қалай болады екен деп қорыққаным рас. Жоқ, бүгін ол қорқынышымнан арылдым. Оған қатысқан театрлардың алып келген қойылымдарының сәттілігі себеп болды десем қателеспеймін. Фестиваль біздің де, қонақтардың да, көрерменнің де көңілінен шыққан секілді. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлына, осындағы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшылығына, ұйымдастыру жұмыстарынан бір кінәрат шығармай ақ тер болып жүрген облыстық қос драма театрға ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын. – Жеті театр қатысқан фестивальда көрші қырғыз бен өзбек елдерінен келген театрлардың мерейі үстем болғанын көрдік. Бұл қанымызда бар қонақжай қасиетімізден емес пе? – Жоқ, мүлде олай емес. Біз оларды қонақ қой деп бастарынан сипай салсақ, өзімізге сын. Әділ бағасын беруге тырыстық. Ең бастысы басқа байқаулардағыдай бойымызға сіңіп қалған жалпақшешейлікпен «сен де жақсысың, сен де осал емессің» деп, ебін тауып бәрін риза қыла салудан қаштық. Өзімізге-өзіміз өтірік айтсақ, шындықтан біржола адасып қалармыз. Жүлде алмаған театрлар, актерлер жасымасын. Олар өздерін төменбіз деп есептемесін, тек, осы фестивальдың талабына сай келмей қалған тұстарын түсінсе дейміз. Ашығын айтқанда, бұл фестивальдың деңгейін еселеген қонақтарымыз болғанын мойындау керекпіз. Жақсы режиссерлық жұмыстармен, талантты актерлерімен келсе де, қазақ театрларының қайсыбірі фестивальға жеңіл-желпі көзқараспен қатыса салғандарын аңдадық. Сондықтан, бәріне бірдей «орден-медаль» таратып бере алмадық. – Бұл халықаралық фестивальдың Таразда өтуінің маңыздылығы неде? – Шерағамыздың «Түрме салғанша, театр салайық» деген әдемі сөзі бар. Театр – тұтас бір өнер ортасын мәдени тұрғыда әзірлеп, рухани ордасы болуы тиіс. Тараз – тоғыз жолдың торабы. Ұлы Жібек жолында орналасқан көне шаһар. Мұнда халықаралық театр фестивалі өтуі де заңдылық. Өзге көршілес елдер алдағы уақытта біз де қатыссақ деген ниетте. Бұйыртса, дәстүрлі түрде өтетін болса, бұл фестивальдың ауқымын бұдан да ұлғайта түсуге бейілміз. Біздің ондағы мақсат – Таразды театрлар ордасы ету, сол секілді тарихи қаланы үлкен театр орталығына айналдыру. – Қазіргі қазақ театрлары көрерменге қандай дүниелерді ұсынғаны абзал? – Біз көрерменді драма, мелодрама, классика, трагедия секілді дүниелермен ұстап отырмыз. Кейінгі кездері тәп-тәуір комедиялық қойылымдардың да куәгері болып жүрміз. Ебін тауып әртүрлі экспериментке барып жатқан театрларымыз да баршылық. Десек те, өңір-өңірдегі театрларда тарихи спектакльдердің сахналануы кемшін соғып отыр. Мен Елбасының қабылдауында болғанда Нұрсұлтан Әбішұлы да маған осы жайлы айтып өтті. Менің хандардың образдарын сомдап жүргенімнен хабардар Елбасымыз тарихымызды театр арқылы дәріптеп отыру керектігін алға тартқан болатын. Онысы рас сөз. Жақсы пьесалар болса, соны сахналауға режиссерлер асық болып жатса игі еді. Тарих – біздің тамырымыз ғой. Мен де осыны кез-келген ортада қозғауға тырысып жүрмін. – Әңгімеңізге рахмет!

Жанғазы Ахмет,  «Ақ жол».