Денсаулық

Кәсіпкерлік мәселесі кеңінен талқыланды

Кәсіпкерлік мәселесі кеңінен талқыланды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесті.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кезекті отырысы аясында өткен жиынға кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров модераторлық етті. Кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарды облыс әкіміне тікелей қою мүмкіндігі берілген басқосуда саланың дамуы мен бизнес төңірегіндегі проблемаларды шешу жайы кеңінен талқыға түсті. Кәсіпкерлер жұмысына қиындықтар тудырып отырған мәселелерді ашық айтты. Жиында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы кәсіпкерлікті дамытуда жан-жақты қолдау көрсетілетінін айта келе: – Кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау мақсатында біз 4 арнайы алаңды іске қостық. Біріншіден, апта сайын инвестициялық штабтың отырысы өтеді, онда әрбір кәсіпкер өз жобасын таныстыра алады. Екіншіден, біз әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған прокуратура жанынан құрылған Сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Үшінші және төртінші, өңірлік кеңес пен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі де бизнес субъектілерін қолдау алаңына айналады, – деді. Өз кезегінде Тимур Нақыпбеков Ұлттық палата кәсіпкерлікті қорғау экожүйесін құру жобасын іске асырып жатқанын жеткізді. – Қазіргі уақытта біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметін трансформациялауды жүргізіп жатырмыз, мемлекеттік органдармен бірдей деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін салалық сараптамамызды күшейтудеміз. Әрбір әкімдікпен біз белгілі бір экожүйені енгізуді пысықтаймыз, оның көмегімен кез келген кәсіпкер «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекетпен өз мәселелерін тікелей шеше алады. Біздің құзыретіміз шеңберінде «Атамекен» назардағы проблемаларды шешу үшін бар күшін салады, – деді ол. Басқосу барысында сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жайлы да толыққанды ақпараттар берілді. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері тарапынан қойылған сауалдар легі де сан алуандығымен ерекшеленді. Мұнда бизнестегі бюрократтық, субсидия мәселесі, жер дауы, жол проблемасы, су қоймаларының жетіспеушілігі, жайылым тапшылығы, сұйылтылған газ бен балық шаруашылығына байланысты да біраз мәселелер қаузалды. Жиынды облыс басшысы бизнестегі бастамаларға қашанда қолдау жасалатынын, саланың сан түрлі проблемалары назарда болатынын айтып, қорытындылады.  

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА