- Advertisement -

Ғасыр тарихына қанықты

35

- Advertisement -

Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Aq jol» газетінің 100 жылдығы аясында жоғары оқу орындары студенттері және басылымның шығармашылық ұжымымен кездесу өтті. Журналистермен өткен кездесуді аталған жоғары оқу орнының тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа ашып, Жамбыл өңірі ата газетінің 100 жылдығы туралы қысқаша айтып өтті.

 Жиында сөз алған бас редактор Хамит Есаман ғасыр жасаған газеттің тарихына шолу жасап, әр жылдары еңбек еткен редакторлардың қазіргі шығармашылық ұжымының жанкешті еңбегін атап көрсетті. Заман ағымына, қоғам үрдісіне орай аты бірнеше рет өзгергенімен, заты өзгермеген, ақ жолдан таймаған «Aq jol»-дың облыстың шежіресін тасқа түсіре отырып, әділдікті ту ете ұстағанын нақты фактілерге сүйеніп, әсерлі жеткізді. Редакцияның ішкі жұмысы туралы әңгімелеп, жазу-сызумен айналысатын жастарды шығармашылық байланысқа шақырды. «Журналистиканың қандайда бір жанрынан жазған дүниелеріңіз болсын, әңгіме-өлеңдеріңіз бар ма, алып келіңіздер. Біз мүмкіндігімізше газет бетінде жариялаймыз» деді.

Ардагер журналист Амангелді Әбіл 1922 жылдың 1 мамырында алғашқы нөмірі жарық көрген басылымның ұлы зұлмат-ашаршылықты, соғыс қасіретін, тың игеру жылдарын, «кемелденген социализм» қоғамын, қайта құру кезеңін басынан өткізгенін айтты. Қазақтың кемеңгер перзенті Дінмұхамед Қонаев пен мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровқа араша түскен «Aq jol»-дың сол кездегі редакторы Арғынбай Бекбосынов және журналистер Қыстаубай Байтуов пен Жақсылық Сәтібековтің ерлікке пара-пар еңбектерін еске салды. Тағы бір талантты журналист Рахметбек Өзбековтің облыстағы білім беру мекемелерін қазақ тіліне ауыстырудағы жазған дүниелерінен де хабардар етті.

Одан әрі сұрақ-жауап түрінде өрбіген кездесуде «Тараз-24» телеарнасының журналисі Асел Қалиева, институт студенттері Данабек Мұратов, Ерасыл Берді қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі, 100 жылдық тарихы бар «Aq jol» газетін 50 жылдан екіге бөліп алып, бұрынғы және кейінгі сұранысының айырмашылығы, әлеуметтік желідегі жөн-жосықсыз жазбалар мен түрлі түсірілімдер мазалайтындарын ортаға салды.

Кездесуді Серікбол Берікқожа қорытындылап, басылым журналистерін басылымның 100 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support