- Advertisement -

Жүрек қалауына жүгінген журналист

44

- Advertisement -

Махамбетәлі Дүйсебаев «нархозда» бухгалтер-экономист мамандығы бойынша оқып жатқан оқуын тастап, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түскенде 23 жаста еді. Ол осы салаға саналы ғұмырының 35 жылын арнаған. Соның 15 жылы облыстық «Аq jol» газетінің еншісінде.

– Маха, сіз оқуға түскенде сыныптастарыңыздың арасында жоғары немесе орта арнаулы оқу орнын бітіріп, қызметке орналасқандар да болған шығар? Сонда өкінген жоқсыз ба? – деп сұрай қалғанымда:

– Несіне өкінейін, сүйген істің сүйініші болады ғой, Болат-ау. Журналистік қызметке арнаған жылдарым өмірімнің ең маңызды кезеңі болды, – дейді ол жайбарақат, өткеніне риза кейіппен.

Махаңмен етене араласуым 1978 жылы Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясына қызметке ауысып барған кезден, университеттен жүзтаныс, сәлемі түзу ағамыз жаңа жұмыста жылыұшырай қарсы алды. Бірақ, кейбіреулер сияқты «аға газеттен» ауданға ауысуымның себеп-салдарын қазбалап сұраған жоқ. Маған ұнағаны да осы бекзаттық мінезі. Қызметті жаңа бастап, көңіл көкке көтеріліп жүргенде мінәйі себептермен облыстан ауданға ауысқаныңды, былайша айтқанда, төмендегенің, тәптіштеп сұрағанды кім жақтыра қойсын. Мен сондай күйде едім. Махаң менің жағдайымды айтпай-ақ түсінгендей.

Махамбетәлі Дүйсебаев – редакцияда ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі.

– Махаңның тақырыбы – ауыл, жұмысы – «ауыр». Сондықтан басқа бөлімдер де көмектесіп тұрыңдар, – дейді тілінің тістеуігі бар бас редактор Шәймерден Дәуренов кекеткені, не шын көңілден айтқаны белгісіз. Сөзқуар бәлеқорлығы жоқ Махаң: «Өзіміз де бәрін қамтуға тырысып, бәріне үлгеріп жатырмыз ғой», – дейді шынайы пейілмен.

Шындығында да негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болып табылатын ауданда бөлімнің жұмысы ауыр екені рас. Оның үстіне экономикаға қатысты материалдардың бәрі де осы бөлімнен өтеді. Махаңның қарамағындағы Әзімбектің мамандығы басқа. Ауыл шаруашылығы, экономика тақырыбында жазған мақалалары жаттанды баяндаудан аспайды. Ал оқырманға нақты фактілерге негізделген, салаға қатысты түсінікті, бейнелі сөздермен «тұздықталған», дәмді мақала керек. Редакцияға орыс тілінде жазатын журналистер көп тұрақтай бермейді. Кейбіреулері жоғарыға ауысып кетеді. Кейбіреулері – ойдан- қырдан жиналғандар. Олардың жазғандарын да Махаң өзі аударғанды дұрыс санайтын. Бәрі де газетте жарияланған материалдардың мағыналы, оқырман қызығып оқитындай болуының қамы ғой.

– Ал ендеше соны серпінмен кірісе бер ісіңе. Үлгермей жатсаң, басқа бөлімдер көмектесе жатар, – дейді жоспарлауды қорытындылаған Шәкең тағы да кекеткені, не шын айтқаны түсініксіздеу. «Соны серпін» – Махаңның жай әңгімеде де, мақалаларында да жиі қолданатын сөз тіркесі.

Бөлімі «ауыр» Махаңның мінезі де ауыр. Сол салмақтылықпен әлгі сөзді елең қылмай жұмысына қызу кірісіп кетеді. Бұл – мамандығына деген махаббаттың, міндетіне адалдығының белгісі. Журналистиканың жүгін өмір-бақи арқалау мехнатын таңдаған адамның тірлігі.

«Нархозда» оқып жатқан оқуын тастап, журналистикаға құжат тапсырғанынан мақаланың кіріспесінде хабардар еткенбіз. Жолы болып оқуға түсіп кеткен сақа жігіт ақпарат айдынының болашақ қайраткерлері қатарында өмір теңізінде алға қарай құлаштап жүзіп жүре берген.

Ата-әжесінің бауырында өскен отасының тұңғышы еркін өскен, еркелеп өскен бала екенін байқатты. Дүртай әжесі бетінен қақпай, үстінен құс ұшырмай өсірген Махан өнерлі өрен екенін де көрсеткен. Ол әуелете шырқаған «Аққұм», «Қарғаш», «Бурылтай» әндері достар бас қосқан отырыстардың сәніне айналды. Сол өнерімен оны «Махан сері» атап кетті достары. Сері десе дегендей, түр-сымбаты да, жүріс-тұрысы да, сөз саптауы да келісіп тұр. Бірақ, Махаң үлкен сахнаға шыққан емес. Анау-мынауға елпең ете қоймайтын салмақты, салиқалы азамат көркемөнерпаздар үйірмесіне де қатысқан жоқ.

Университеттен кейін Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің редакциясына жолы түскен. Талай таланттардың жолын ашқан, алға апаратын баспалдағына айналған бұл басылымның өзіндік ерекшеліктері де болды. Материалдарының маңыздылығы, безендірілуінің ерекшелігі жөнінен облыста оза шауып бәйге алған, озат тәжірибесі Одақта атап өтілген газет. Басылымның әр жылдарда қол жеткізген жетістіктерінде журналист Махамбетәлі Дүйсебаевтың да үлесі бар. Бар емес-ау, зор деп айтуға болады. Жеке суреттеме, очерк, репортаждарын айтпағанда, ол газет бетінде кім болып «сөйлемеді» дейсің. Ол малшы да, егінші де, механизатор да, зоотехник те, агроном да болды. Солардың аттарынан материалдар ұйымдастырған соң болғаны да. Ал ол материалдар біріншіден, нақты дәйектерге негізделетін. Екіншіден, мақалада сол мамандыққа тән ерекшеліктер, сол жұмыстарды жүзеге асырудағы кәсіби іс-әрекеттер көрініп тұруы керек. Ол үшін сол мақаланы дайындаған журналистің сол мамандықтан хабары да болуы керек қой. Махаң – осының бәрін меңгерген жан-жақты кәсіби журналист. Сол мамандықтар бойынша арнайы білімі болмаса да, олардың тірліктеріне ден қоюы, санасында саралауы арқасында көп нәрсеге «көзі ашылған», қыр- сырынан хабардар журналист.

Науқандық жұмыстар кезіндегі қат-қабат қарбалас тірлікте кемшіліктер де кездесіп қалатыны сөзсіз. Ондайларды сын тезіне салып, түзетуге журналистиканың қосатын үлесі зор. Махаң мұндайда сабырлы, салмақты. Кейбір әріптестері сияқты «жерден жеті қоян тапқандай» аттандап ала жөнелу – оған жат.

– «Жығылғанға – жұдырық» – дұрыс емес ұстаным. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді. Ал қарбалас тірлік, науқандық жұмыстар кезінде кездесетін кейбір майда- шүйде кемшіліктерге кешіріммен қараған жөн. Ондайда сипай қамшылап сыни сипатта ескертудің өзі түсінетін адамға жетіп жатыр. Ал енді кемшілікке біле-тұра немқұрайлықпен, жалқаулықпен, қасақана жол бергендерге кешірім жоқ, – дейді Махамбетәлі. Өзі де ондайлардың талайын «сойған», орынды сын-ескертпесімен кемшіліктерді «жолға қойған». Оған талай рет куә болғанбыз, өткір сынына риза болып құттықтап қолын алғанбыз.

Махаңмен «Шұғыланың» редакциясында тізе түйістіре қызмет атқарған мүшел жас уақыт ішінде оның «ішек-қарнын» түгел білмесек те, ішінара біраз сырларына қанық болдық. Қонақжай пейілін көріп, қашанда қабағы ашық жары Қалжанның қолынан шай ішіп, дастарқанынан дәм де татқанбыз. Соның бәрінде Махаңнан нағыз қазақилықтың исі аңқып тұратын. Қанша дегенмен, адамдары ақжарқын, пейілдері даладай дархан Мойынқұм өңірінің тумасы ғой.

Оның «Талдыөзектен Қозыбасыға дейін» деген кітабының басынан аяғына дейін осы иісті аңғару қиын емес.

Махамбетәлі Дүйсебаев «Шұғыладан» кейін облыстық радионың меншікті тілшісі, «Қаратау кеншісі» газетінің тілшісі қызметтерінде өнеркәсіпті қалалар Жаңатас пен Қаратаудың тыныс-тіршілігін көрсетуге көп күш жұмсады. «Журналист – қоғамның қозғаушы күші» дер болсақ, ол көптеген мәселелер көтеру арқылы өндірістің өрге басуына зор үлес қосқанын айтуға тиіспіз.

Махамбетәлі облыстың бас басылымы, облыс баспасөзінің «қара шаңырағы» – «Ақ жол» газетінде қызмет атқарған жылдарында да бұрынғы «жазғыштық» қалпынан айныған жоқ. Бірақ, таптаурын жолдан жаңа үлгіге көшіп, Тәуелсіз Қазақстанның «жырын» жырлады. Жаңа қоғамның талаптарына сай өндірісті жүргізудің нарықтық қатынастарға сай қағидаларын жеріне жеткізе жазды. Ол мақалалары кәсіпкерлікті жаңа бастаған талапкерлерге жол көрсетіп, үлгі-өнеге боларлықтай.

Махаң өзінің шығармашылық жолында алдыңғы толқын ағалар, замандастар, жаңашыл жастар туралы очерктердің үлкен жиынтығын жасаған журналист. Олардың әрқайсысы бір-бір хикаяттың жүгін арқалап жүр. Және олардағы оқиғалар жай ғана баяндау емес, жастар үлгі алғандай өмір мектебі.

Мыс алы, «Ақ жолда» (27.03.2021ж.) жарияланған «Тамұқты таптап өткен тағдыр» атты очеркінде қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанов жайлы баяндалады. Сыр елінің тумасы бұл азаматтың қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевқа сабақ бергенін, біздің облыстағы «Майтөбе» кеңшарында партком хатшысы болғанын, 1937 жылы өзі редакторы болып тұрған соң республикалық «Социалды Қазақстан» газетінің атауы «Социалистік Қазақстан» болып өзгертілуіне қол жеткізгенін екінің бірі біле бермейді. Махаң індете ізденудің нәтижесінде осы шындықтың бетін ашқан.

Бүгінде ортамызда жүрген соғыс ардагерлері, бірі 100 жастан асса, екіншісі 96-ның күнтізбесін жапқан қос қария Мұсахан Бердібаев пен Мүтәліп Ережепбаев туралы жазған «Соғыста «жеңіл, оңай» деген сөздер қолданылмайды» және «Қаратаудың қара қобызы» атты очерк- суреттемелерін толқымай отырып оқу мүмкін еме с. Әрине, соғыс тақырыбында, қарт майдангерлер туралы әркім-ақ жазып жүр ғой. Дегенмен Махаң өз кейіпкерлерін көпшілік біле бермейтін жаңа қырларынан суреттеген. Бұл екі ақсақалды мен де білуші едім. Сұхбаттасқан, сырласқан кездерім де болған. Бірақ, Мұсахан қарияның Диестрден өту кезінде жаралы взвод командирінің орнын ауыстырғанын, өзеннен өту тапсырмасын ойдағыдай орындағанымен өзі ажал аузынан қалғанын білмейді екенмін.

Майдангер, журналист, ақын Мүтәліп ағамен қанша аралас-құралас болсам да, ол кісінің домбыра тартып, қобыз шалатынын, сырнайда шебер ойнайтынын Махаңның мақаласынан оқып білдім. Бұл әріптесімнің әр жазғанын зерттеп, зерделеп алатынына дәлел. Бұл бір жағынан тиянақтылық.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Біздің ісімізде, тіпті, міндетімізде бір көңіл аударарлық жайттар кездесе қалса, ұстазға телілетіні де сондықтан. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан сексенінші жылдарының ортасынан ауғанға дейінгі кезеңде Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жетекшілік еткен декан, профессор Темірбек Қожекеевке «журфакта» оқығандардың бәрі де, соның ішінде өзім де бармын, қарыздар. «Темкеңнің тепкісін» көргендер кезінде пендешілікпен ол кісіге ренжіген де шығар? Бірақ, соңғы нәтижеде бәрі де риза. Өйткені ол нағыз ұстаз еді. Қаталдығымен-ақ білімгерлеріне қамқоршы, жанашыр болған сол таутұлға туралы шәкірттерінің көбі қалам тартқан. Бірақ Махамбетәлі Дүйсебаевтың «Көптің жүрегіндегі тұлға» очерк-суреттемесінен мен Темірбек ұстазымызды басқа да қырларынан танығандаймын.

Махамбетәлі очерктері ішінде мен тебірене отырып оқыған курстас достары Болат Мәуленов, Нарша Қашағанұлы, әріптес інісі Әбділда Сәрсенбі туралы жазғандары. Үшеуі де өңірге танымал журналистер. Болат пен Әбділда ұзақ жылдар «Ақ жол» («Еңбек туы») газетінің редакциясында қызмет атқарған. Әрқайсысының өзіндік жазу өрнегі бар. Әрқайсысы бүгінде шыға бастағанына 100 жыл толған «Ақ жолдың» өркендеуіне, дамуына, оқырман сүйіп оқитын газет болуына қосқан үлесі бар.

Ал елінің еркесі болған Нарша баспасөзбен қатар мәдениет саласында да жауапты қызметтер атқарған. «Ақындығы алты алашқа танымал» десем, артық айтқандық болмас. Махаң өзінің мақалаларында үшеуінің де жан дүниесіне терең үңіліп, олардың ерекше қабілеттері мен өздеріне ғана тән қасиеттерін аша білген.

Менің әріптесім, «Ақ жолдың» ардагері Махамбетәлі Дүйсебаев – осындай қаламгер. Махаң өзінің сүйікті газеті «Ақ жолдың» редакциясынан ешқашан қол үзген емес. Жазған- сызғандары ара-тұра жарияланып та тұрады.

Махаң университетті 1976 жылы бірге бітірген курстас достары ұйымдастырған «Өмірдастан» атты естелік кітапта өзі туралы былай деп жазған екен.

«Отыз бес жылдан бері қыңырлығыма көндігіп, қуанышымды бөліскен, өркенімді өсіріп, өрісімді кеңейткен Қалжан есімді жан-жарым қасымда келеді. Ұжмаққа жолымды ашқан үш қызымызды ұзатып, тағы үш балалы болдық. Немерелеріміз баршылық, бола берсін дейміз».

Бұл кітап осыдан 10 жыл бұрын шыққан. Тағдыр ғой, одан кейін араға алты жыл салып Махаңның асыл жары, балаларының аяулы анасы, біздің сыйлас замандасымыз Қалжан ауыр науқастан дүние салған. Махаңа өте ауыр соқты. Дегенмен ер-азамат қой, Алланың сынағына сабырлылықпен шүкіршілік етіп отыр. Қыздары мен күйеу балалары, немерелері асқартау әкелерінің көңіліне қаяу түсірмей аялауда.

Бүгінде жетпіс деген асудың бесінші белесіне шыққан әріптес-қаламгер әлі де тың.

Жалпы, біздің Махаң «Мойынқұмның марқасқасы» деп атауға лайық.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support