Құрлықта күміс жүлдегер
Құрлықта күміс жүлдегер
Су добынан жастар құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды
Индонезияның Богор қаласында су добынан қыздар арасында жастардың Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық біріншілігіне жақсы дайындықпен барған Қазақстан құрама командасы финалға дейінгі қарсыластарының барлығын да бет қаратпай ұтты. Бұл чемпионаттың бір ерекшелігі – келер жылы Мексикада өтетін әлемдік додаға жолдама беретіндігі. Осыны терең түйсінген жерлестеріміз ақтық сынға алқынбай жетті. Финалда құрлықтағы бітіспес жауларымыз саналып келген архипелаг ел Жапонияның құрамасына қарсы аруларымыз тамаша ойын үлгісін көрсетті. Алайда алтын жүлдеге қол созым қалған сәтте қарсыластарымыздың мерейі үстем болып кетті. Бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алған қазақстандықтардың қателіктерін ұтымды пайдаланған жапондықтар бір доп айырмасымен басым түсті. Есеп 12-11. Азия чемпионатында топ жарған Жапония құрамасымен бір қатарда біздің ұлттық құрама да Мексикада өтетін байрақты бәсекеге берілетін жолдаманы ұтып алды. Құрлықтың күміс медалін қанжығаға байлаған команда құрамының басым бөлігін жамбылдық спортшылар құрады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».