Сұхбат

Мақсат - инвестиция көлемін бір триллион теңгеге жеткізу

Мақсат - инвестиция көлемін бір триллион теңгеге жеткізу

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы қыркүйектегі Жолдауында мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайтынын, бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайтынын атап көрсетті. Шағын және орта бизнесті де барынша дамытатынын еске салып, реформалардың нақты бағдарларына жеке-жеке тоқталып өткені мәлім. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау барысында Сарысу ауданында қандай жұмыстар қолға алынуда? Биылғы тоғыз айда аудан бойынша өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыста, кәсіпкерлікте, басқа да салаларда қандай жұмыстар атқарылды, алдағы жоспар қандай? Осы сұрақтар төңірегінде аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевпен әңгімелескен едік.– Марат Қырғызәліұлы Президент Жолдауында жаңа экономикалық саясатты бірінші бағдар ретінде шығарып, жаңа экономикалық саясатқа ерекше мән берді. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді ететінін атап көрсетті. Әңгімені инвестиция, бюджет түсімінен бастасақ?

– Президент Жолдауда «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» дегені бізге де жүктелген аса үлкен міндет. Өзіңіз осы өңірдің төл перзенті болғандықтан жақсы білесіз, бұрын Жаңатастың маңында фосфор шикізатын өндіру мен сексенінші жылдардан бастап, Қамқалы тұзын игеру ғана жүзеге асты. Ал қазір ше? Кейінгі жылдардың өзінде қаншама кәсіпорын іске қосылды. Оны «Aq jol» газеті жазып келеді. Инвестиция мен өнеркәсіп көлемінің артуы аймақ экономикасының дамуымен тікелей байланысты. Биылғы 9 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 52,1 миллиард теңгені құрап, 102 пайызға, ауданға тартылған инвестицияның көлемі 22,1 миллиард теңгеге жетіп, 52,3 пайызға орындалды. Аталған көрсеткіштердің негізгі бөлігін ірі қала құраушы кәсіпорындар «Еврохим» ЖШС мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені құрайтынын еске салайын. Шикізатты өңдеп, ірі өндірісті дамыту бағытында алдағы 5 жылға инвестициялық жобалардың перспективалық жоспары жасақталған. Жалпы құны 891,1 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаның пулы әзірленді. Мақсатымыз – қосымша жобаларды тарта отырып, инвестицияның көлемін 1 триллион теңгеге жеткізу. Ауданның жалпы бюджеті бүгінде 16,6 миллиард теңгені құрайтынын да еске сала кетейін. Биылғы 9 айда аудандық және ауылдық округтер бюджетінің кірістер жоспары 10,9 миллиард теңге болса, нақты түсім 11,2 миллиард теңгені құрап, 3,2 пайызға артты. Бюджетке түсетін салықтық түсімдер 122,3 пайызға орындалып, болжамнан 324,3 миллион теңге артық түсім жасалды. Салықтық емес түсімдер 150,2 пайызға қамтамасыз етіліп, бюджетке 18,4 миллион теңге артық түсті. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспардағы 15,7 миллион теңге орнына 25,7 миллион теңге түсім жасалып, 163,6 пайызға орындалды. Төртінші деңгей бойынша жоспар 62,5 миллион теңге болса, нақты 106,1 миллион теңге немесе 169,6 пайызды құрады. – Мемлекет басшысы Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, басқа да алқалы жиындарда кәсіпкерлікті қолдау туралы үнемі айтып келеді. Қыркүйектегі Жолдауында да «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді» деп атап көрсетті. Шалғай өңірде осы саланың барысы қалай? – Сұрақты дұрыс қойып отырсыз, кәсіпкерлік қанат жайып, өркендесе, бірінші салық түсімі артып, бюджет молығады, екінші аудан тұрғындары жұмыспен қамтылады. Бүгінде ауданда 3 939 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, оның 3 233-і белсенді жұмыс істеп, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 16,8 пайызға артты. Жыл басынан бері кәсіпкерлерге 1 миллиард 353,2 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Егер тарқатып айтар болсақ, кәсіпкерліктің әртүрлі саласын дамыту мақсатында 6 пайыздық жеңілдетілген несиелендіру бойынша жалпы сомасы 59,5 миллион теңге болатын 17 жоба мақұлданып, оның ішінде 27,7 миллион теңге көлемінде 8 жобаның қаржысына қол жеткізді. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бағдарламасы шеңберінде бүгінгі таңда жеңілдетілген 6 пайыздық несиенің кепілдік беру тетігі арқылы «Даму» қорына 729,2 миллион теңге көлемінде 92 жоба ұсынылып, нәтижесі күтілуде. Сонымен қатар микроқаржы ұйымдары арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда жалпы қаражаты 564,5 миллион теңге болатын 497 жоба несиеге қол жеткізді. Сөз орайы келгенде, мынаны да айта кетейін. Көтерме сауданың көлемі 906,5 миллион теңгені, бөлшек сауда айналымы 809,6 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 23,8 пайызға артып отыр. – Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – құрылыс саласы. Әрине, ауданға жол түскен сайын Жаңатаста да, ауылдарда да құрылыстың қарқын алып жатқанын көріп жүрміз. Енді осы саладағы жұмысты өзіңізден естісек? – Дұрыс байқағансыз, расында да құрылыс жұмыстары жылдан жылға қарқын алып келеді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9 айда 6,1 миллиард теңге болып, 100,5 пайызды құрады. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде Жаңатас қаласының 4-ші және 5-ші шағын аудандарының бос алқаптарын сумен және кәріз жүйесімен жабдықтауға 121,6 миллион және электрмен жабдықтауға 99,5 миллион теңге қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Аумақты дамыту» бағдарламасы шеңберінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысына 2,1 миллиард теңге және аудандағы 14 елді мекенге газ құбырын салу мен газдандыру бойынша жұмыстар атқарылуда. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Жаңатас цемент зауытын электрмен жабдықтау үшін 71,6 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жылдық қуаты 400 мың тонна кальцийленген сода өндіру зауытының шекарасына дейін «Ақкөл» көлінен су тартқыш салуға 2222,2 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жаңатас қаласы мен Тоғызкент ауылында 30 және Әбілда ауылында 5 келушіге арналған медпункт құрылысы аяқталды. 2022 жылдың 9 айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 11495 шаршыметрді құрап, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 118,9 пайызды құрады. – Өндірістің де, құрылыстың да қанат жайып жатқанынан аудан экономикасының көтерілгенін аңғарамыз. Сарысу дегенде кім-кімнің де көз алдына ата кәсіп – төрт түлік мал келеді. Жалпы ауыл шаруашылығының жай-күйі қалай? – Ауыл шаруашылығы саласында 9 айда өндірілген өнім көлемі 9,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 102,3 пайыз болды. Егістік жер көлемі 24473 гектар, оның 24020 гектары немесе 99 пайызы жоспарлы түрде игерілді. Пайдаланылмай жатқан 64,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Елді мекен жері 45 мың гектарға ұлғайды. Ал енді мал шаруашылығына келер болсам, өнім көлемінің жылдан жылға артуынан-ақ төрт түлік басының көбейіп жатқанын аңғаруға болады. Жыл басынан өндірілген ет көлемі – 2,4, сүт өнімі 3,1 пайызға артты. 324 миллион теңгенің 43 жаңа техникасы алынып, жаңару көрсеткіші 7 пайызды құрады. Жыл соңына дейін техниканы жаңарту үлесі 11 пайызға жеткізілетін болады. – Осыдан екі ай бұрын Жаңатас қаласын, Түркістан, Байқадам және Игілік ауылдық округтерін аралап, аудан орталығы мен елді мекендердің көркіне қызығып, ажарына тамсанып қайтып едім. Ол туралы «Аq jol» газетінде жаздық. Қала мен елді мекендерді көгертіп, ажарландыру сондай қиын шаруа емес-ау? – Бірінші мен сізге мынаны айтайын, Сарысудың жұрты еңбек десе жанып тұратынын өзіңіз де жақсы білесіз. Оны «Аq jol»-ға да, әлеуметтік желіге де үнемі жазып жүрсіз. Жаңатастың жасампаз халқы тоқсаныншы жылдардағы қиын жағдайда еңсесін түсірмегені де есіңізде болар. Қазір өзіммен бірге еңбек етіп жүрген замандастарымның көбі сол кезде осы қалада, ауылдарда тұрған әкелеріміздің, ағаларымыздың балалары. Ауылдарда да сондай. Қандайда бір жұмысты болмасын ақылдасып шешіп, бірге атқарамыз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген осы. Сосын біздің қызметкерлер күн ұзақ кеңседе отырмайды. Қаланы немесе ауылды аралайды, жұрттың пікіріне құлақ асады. Шешімін күткен мәселе болса, оны тұрғындармен бірге талқылайды. Өзім де жаз бойы таң ата қаланы бірер сағат жаяу аралап барып, жұмысқа келіп жүрдім. Бүлінген бірнәрсеге көз түссе қалалық әкімдікке, тиісті мекеме басшыларына шұғыл хабар беріп, оның орындалуын тікелей өзімнің назарыма аламын. Құдайға шүкір, нәтижесіз емес, Жаңатас жайнап, ауылдар ажарланып жатқаны осындай тынымсыз тірліктің нәтижесі шығар. Оның үстіне елді мекендерді, қаланы абаттандыру жұмыстарын қаржыдан қысып қойғанымыз жоқ. Биылға демалыс орындарын ашу, саябақтарды күтіп ұстау және өзге де жұмыстарға 211,3 миллион теңге қарастырылды. Оған қоса, 7 елді мекенге 15 көшені жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 40,5 миллион теңге бөлінді. Жаңатас қаласына спорт алаңшаларын орнатуға 113 миллион теңге көлемінде қаржы қаралды. Реті келгенде, жол жайын да айта кетейін. Аудан көлемінде 525,47 километр автомобиль жолы бар. Аудандық маңызы бар жол 253, 67 километр, оның 212,87 километрі қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 676, 4 миллион теңгеге автокөлік жолының 40,9 километрі жөндеуден өтті. Мұнымен қоса, келер жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 8,1 километр болатын 7 көшеге жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, республикалық бюджетке 239 миллион теңгеге өтінім берілді. Ауданда 224 көше бар, оның 177-і асфальтталса, 167-і жарықтандырылған. – Денсаулық, білім, мәдениет, спорт салалары туралы айтсаңыз. – Аудан бойынша денсаулық сақтау саласында 26 медициналық ұйым бар. Ғимараттар жөндеуді қажет етпейді, жағдайы жақсы. 740 медицина қызметкері еңбек етсе, оның 67-і жоғары санатты дәрігер. Аудандық ауруханаға томография аппаратын алу жұмыстары қолға алынуда. Тоғызкент және Әбілда ауылдарындағы медицина мекемелерінің құрылысы аяқталғанын жоғарыда атап өтіп, пайдалануға берілгенін айттым. 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында салтанатты түрде ел игілігіне берілді. Ал Жаңатас қаласындағы дәрігерлік амбулатория Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріледі. Аудандағы 27 мектепте 9 145 оқушы білім алуда. Оларға 1 352 мұғалім сабақ береді. 9 мектептен тыс мекемелерде 3 829 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Мектепке дейінгі 24 мекеме болса, 11 балабақшада 1 663, 13 шағын орталықта 457 бала тәрбиеленуде. Мектептің барлығы 98 заманауи медиофикациялық кабинетпен жабдықталған. Балаларды жазғы сауықтыру лагерімен қамту 103 пайызға орындалып, 8 173 оқушы жазғы лагерьмен қамтылды. Сарысуды өнер қонған ел дейді. Асанәлі Әшімов пен Илья Жақанов туған елге атбасын жиі бұрып тұрады. Екі даңқты жерлесіміз де Қазақстанның Еңбек Ері. Биыл өнердің қос бәйтерегінің ауданда өткен шығармашылық кештері үлкен өнер мерекесіне айналды. Тағы бір талантты жерлесіміз, қазақтың белгілі ақыны Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған облыстық «Маралтай оқулары» байқауы да сарысулықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Басқа да қазақтың даңқты перзенттерінің мерейжастары жүйелі өткізіліп тұрады. Біз ауданның сан-салалы тіршілігімен қатар, мәдениет саласына да барынша қамқорлық жасап келеміз. Ал енді спортқа келетін болсақ, аудан бойынша 17 мыңға жуық тұрғын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл сарысулықтардың 37,7 пайызын құрайды. Біздің ауданда 213 спорт нысаны бар. Бұған қоса, ауылдық округтерде 64 балалар ойын алаңшасы бар. Аудан спортшылары өткен жылы республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда 83 алтын, 91 күміс, 113 қола, барлығы 286 медальға ие болса, биылғы тоғыз айда 308 медаль иеленді. Оның 111-і алтын, 91-і күміс және 113 қола медаль. Биыл халықаралық спорт додаларында 5 спортшымыз топ жарып, чемпион болды. Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды орындау жолында тынымсыз еңбек ете береміз. – Мереке қарсаңында қым-қуыт тірліктен уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!  

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.

Сарысу ауданы.