- Advertisement -

Ұшқын түбі – өрт

114

- Advertisement -

Жыл басынан бері облыс аумағында газбен уланудың 5 оқиғасы орын алып, салдарынан 4 адам зардап шексе, 1 адам қаза тапқан. Әйткенмен, биыл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда улы газдан зардап шеккендердің саны 42 пайызға азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев айтты.

– Жылыту маусымына дайындық басталған кезеңнен бастап облыс бойынша тұрғын үй секторында 105 өрт болды. Бұл күндері адам өлімі мен жарақаттануы тіркелген жоқ. Сондай-ақ көрсетілген кезеңде адамдардың көміртегі тотығымен улану жағдайлары орын алмады. Ал жыл басынан бері облыс аумағында улы газбен уланудың 5 оқиғасы орын алды. Оның салдарынан 4 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапты. Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында облыс аумағында 546 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам ажал құшты. Ал 6 адам жарақат алды. Материалдық шығын 95 миллион 170 мың теңгені құрады.

Өрттің негізгі себебі – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу және тұрғындардың отты пайдаланудағы абайсыздығы. Бұдан бөлек, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, балалардың отпен ойнауы қайғылы оқиғаға душар етуде, – деді Мақсат Әшірбайұлы.

Жиын барысында күзгі-қысқы кезеңде жиналған шөптердің отқа орану оқиғалары жиі орын алатыны да сөз болды. Биыл облыс аумағында шөп жинау орындарында 127 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың салдарынан 1 634 тонна шөп жанып кеткен. Мақсат Әкімбаев шөп пен сабанның тілсіз жаудың жиі құрбанына айналуына тұрғындардың отпен абайсыз болуы, қасақана от қоюы және жем-шөптің жол бойына өте жақын жиналуы себеп болып отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, абайсызда немесе әдейі тасталған темекі тұқылы қарапайым халықты орасан шығынға батыруда.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support