- Advertisement -

Республика күні туралы не білеміз?

63

- Advertisement -

Бұрын елімізде 25 қазанда Республика күнін атап өтетін. Мемлекеттік мереке болған соң халық бұл күні жұмыс істемейтін. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» заңға түзету енгізіліп, Республика күнін мерекелер күнтізбесінен алып тастады. Жалпы, осы мереке қалай пайда болды, оның мәні мен қалай «ұмыт» болғаны туралы сөз қозғасақ…

25 қазанда не болды?

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР- нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдады. Бірақ еліміз әлі де Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталды және декларацияда «басқа республикалармен егемен республикалар одағында өз еркімен бірігеді» делінген. Алайда бұрынғы КСРО елдерінен тұратын біртұтас ел – Егемен Мемлекеттер Одағын құру жобасы ақыры жүзеге асырылмады.

Бұған қарамастан құжатта «Қазақ КСР-і республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени дамуға, оның әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты барлық мәселені, мемлекеттік билік пен басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ республиканың рәміздерін ешкімнің араласуынсыз дербес шешеді» деп бекітілген.

Кеңестік ескі Конституцияға сәйкес КСРО заңдары ел аумағында міндетті болса, жаңа Декларацияға сәйкес Қазақ КСР өзі ережелер құруға және өз аумағында кеңестік заңдар мен басқа актілердің қолданылуын тоқтата тұруға құқылы болды. Бұл тәуелсіздік алудың алғашқы қадамы еді.

Ол кезде егемендік неліктен маңызды еді?

Жалпы, барлық республикада одақтан шығу және шартты егемендік алу мүмкіндігі болған, бұл 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясында көрсетілген. Бұрынғы одақтас мемлекеттер бұл мүмкіндікті 80 жылдардың аяғында, 90 жылдардың басында ғана қолдана бастады.

КСРО құрамынан бірінші болып Балтық елдері – Эстония, Литва мен Латвия шықты. 1990 жылы «егемендік шеруі» деп аталатын қозғалыс басталды. Республикалар бірінен соң бірі егемендігін жариялай бастады. Ал Қазақстан 25 қазанда егемендігін жариялады. Бізден кейін 15 желтоқсанда Қырғыз КСР өз декларациясын қабылдады.

Республика күні әлде Тәуелсіздік күні?

1991 жылы ел үшін бірден бірнеше маңызды оқиға болды:
• 1 желтоқсанда тұңғыш жалпыхалықтық президентті сайлау өтті;

•10 желтоқсанда мемлекеттің атауы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан» «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді;

• 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылданды.

ҚР «Мерекелер туралы» заңы және мереке күндерінің ресми тізімі 2001 жылы қабылданды. Заңға сәйкес Республика күні – мемлекеттік, ал Тәуелсіздік күні – ұлттық мереке боп бекітілді.

2009 жылы Республика күні ресми мерекелер тізімінен шығарылды.

Республика күні неліктен
мерекелер тізімінен алынды?

Бұл өзгерістерге байланысты ресми және нақты себептер айтылған жоқ. Дегенмен мемлекет егемендігі туралы декларацияны Жоғарғы кеңес қабылдады, ал Тәуелсіздік декларациясына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қол қойды. Республика күні маңызды мерекелер тізімінен осы себептен шығарылды деген мәлімет бар.

Қайта «оралған» мереке

Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды.

2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді.

Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – Ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Биыл 25 қазанда Республика күні еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет аталып өтеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support