- Advertisement -

Құрметіміз әрқашан жоғары

115

- Advertisement -

«Aq jоl» газетін әр жылдары басқарған ағалардың әрбірі дара тұлға десек, ол кісілердің шаңырағына шуақ берген апайларды да әсте ұмытуға болмайды.

Әңгімені ортамыздағы көзі тірі абызымыз, газетті тапжылмай 21 жыл басқарған Баттал Жаңабайұлының асыл жары Фарида Алтаевадан бастайтынымыз заңдылық. Фарида апай үлкен жұмыста жүрген ағамыздың бабын жасап, төрт ұл- қызды тәрбиелеумен қатар әуелі Семей, кейіннен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінде (қазір колледж) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Апайдың филолог болуы Баттал ағаймен тіл мәселесі бойынша пікірлесіп, ортақ сырласуларына да ықпал еткені анық.

Марқұм Арғынбай Бекбосын ағамыздың үйіндегі Дариға Орынбаева апайдың да қолынан талай дәм татып едік. Жақында хабарласып жағдайын білдік. «Бір жақсы сурет бар еді. Іздеп таба алмай қойдым. Сурет еліміздің идеологиясын басқарып тұрғанда Қуаныш Сұлтановтың «Aq jоl»-ға келген кезінде түсіріліпті. Бүкіл редакция қызметкерлері суретте көңілді, күліп тұрған.

Арғынбайдан естуімше, дәл суретке түсерде «Мен екі кербездің ортасында тұрайын» деген екен Қуаныш мырза. Сол сөзге бүкіл редакция қызметкерлері мәз болып күліп тұрған сәті екен. Сондағы екі кербезінің бірі – облыстық партия комитетінің хатшысы Әлмұхан Исақов та, екіншісі – Арғынбай аға екен. Қ.Сұлтанов сонда редакцияның жұмысына риза болып кетіпті. Еліміздің идеологиясын басқарып тұрған кісінің бір облыстың газетіне жақсы пікір айтуы «Aq jоl» -дың беделін білдіреді» деді.

Әлдихан Қалдыбаев ағаймен жастар газетінде жеті жыл бірге еңбек еттік. Сол кезде елге есімі кең тараған тұлғаның шаңырағына жиі бардық. Ағайдың үйіндегі Бану Тасболатова апай дайындаған кеспе көженің дәмі аузымыздан кетер емес. Жақында Бану апайды іздеп барып, жолығып, редакция басшылығының сәлемін жеткіздік.

– Әлдиханды ұмытпай, іздеткен «Aq jol» газеті ұжымына, редакция басшылығына, рақмет.

Жазушы Қарауылбек Қазиев Әлдекеңнің ауылынан ғой. Қарауылбектің жары Вера (ол кезде екеуі қосылмаған) – менің досым болатын. Бұл – 1965 жылдың алғашқы айлары.

Тараз қаласының (ол кезде Жамбыл) орталығында үлкен «Гастроном» болды. Вера сол жерде жұмыс істейтін. Мен бұрынғы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищенің соңғы курсында оқып жүргенмін. Бір күні кешке мені жұмысына шақырды. Ойымда түк жоқ, шақырған соң бардым. Сыртта бір бөтен жігіт тұрды.

Мойнына сол кездің сәніне айналған галстук тағып алыпты «Сәнқойын қарай гөр, өзінің!» деп мән бермей, ішке кіргенмін. Сөйтсем, Вераның ойы басқа екен. Әлгі сәнқой жігітім – Әлдихан болып шықты. Сол күні таныстық.

Арада 7-8 ай өткенде 1965 жылдың қазан айында шаңырақ құрдық. 2015 жылдың қазанында отау құрғанымызға 50 жыл толып, Әлдекең 76 жасқа келген болатын. Онымен 50 жыл отандасып, «шәй» дескен жоқпыз. «Aq jol»-дың абыройы арта берсін, – деді апай.

Бас редактор болмаса да өмірінің қырық жылдан астам уақытын, «Aq jol» газетіне арнаған Бақытяр Әбілдаұлының үйінде талай болып, әңгімесін тыңдағанымыз қазір – тарих. Ағайдың үйіндегі Ақылай апамызбен соңғы сәтте хабарласа алмадық.

Апайдың: «Осы газетке бүкіл өмірін арнаған адам Бақытяр көкелеріңді ұмытпаңдар. Ол кісі үйіміз жақын жерде болғандықтан, түнде де редакция жақты бір шолып, бақылап қайтатын. «Aq jol»- ына соншалықты адал болды», – дегені естен кетпейді.

Танымал ақын, кербездігі өзіне жарасқан Жақсылық Сәтібеков ағайдан көлемді сұхбат алған жылдарымызды да сәтті кездер деп бағалаймын. Ол үйдегі Азиза Қалықұлова апай да жас журналистерді аңқылдап, кең пейілмен қарсы алудан жалықпайтын. Қазір де оқта-текте сәлем беріп барсақ, риза болып қалады.

Газеттің тағы бір бас редакторы болған Мақұлбек Рысдәулет ағаның да жылы шуағын көрдік. Ол үйдегі Дәметкен Ахметова апайдың да жастарға қамқорлығы ерекше еді. Әттең, бұл күнде екеуі де ортамызда жоқ.

«Aq jol» газеті 100 жасқа толып жатқанда осылай басылымға жанашыр апайларды да естен шығармай, ой-пікір, көңіл-күйлерімен бөлісуді жөн санадық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support