Аристократтар ойыны
Аристократтар ойыны
Жамбылдық тастаяқшы Кремль кубогында 3-орын иеленді
Тастаяқтан Ресей астанасы Мәскеу қаласында тоғызыншы халықаралық «Кремль кубогы» додасы өткізілді. Әлемнің кіл мықтылары қатысқан айтулы аламан ерлер үшін бильярдтың «Еркін пирамида» деп аталатын түрі бойынша ұйымдастырылды.
Аристократтық ойынның жілігін шағып майын ішкен мергендердің санатында жамбылдық тастаяқшы Максим Пан да болды. Максим жартылай финалға дейін қарсыластарының бәрін еркін ұтқанымен, финалдық жолдама сарапқа салынған кездесуде турнирдің өткен жылғы жеңімпазы ресейлік Владислав Осьминге 5-3 есебімен жол беріп қойды. Осылайша жартылай финалда жеңіліске ұшыраған ол жарысты үшінші орынмен қорытындылады. Осьмин финалда тағы бір қазақстандық бильярдшы Әлихан Қаранеевтен айласын асырып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Бұл додаға әлем мықтыларымен бір қатарда қаламызда өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Дәурен Ұрынбаев пен қола жүлдегер Ернар Шымбаев та қатысқан болатын. Сен тұр, мен атайындар жиналған жарыстан Максимнің жүлделі оралуы үлкен жетістік.