Егемендік ұғымын айшықтайтын күн
Егемендік ұғымын айшықтайтын күн
Төрт ауданның тізгінін ұстап, он облыс басшысымен жұмыс істескен, басқа да жауапты қызметтерді атқарған мемлекеттік қызметші ретінде айтарым, 25 қазан – жай ғана мейрам емес, бұл символдық түрде маңыздылығы болуы тиіс күн. Бұл күн біздің тұтастығымызды, территориялық мызғымастығымызды білдіруі керек. Егемендік деген ұғымның өзі осыдан басталады деп ойлаймын. Сондықтан осы күні Қазақстан елі, жері, рәміздері, Президенті жайлы ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға осы ұғымды, оның мәнісін тереңнен, тарихи тұрғыда талдап берулері қажет деп есептеймін. Патриоттық шаралар – әскеріміз, Қарулы күштер жайлы мәліметтермен де жастарымыз кеңінен таныс бола алуы керек. Жалпы мен Мойынқұмнан бөлек, Меркі, Шу, Жуалы аудандарының әкімі, облыс бойынша Тәртіптік кеңестің төрағасы, он жылдай бас хатшысы болдым. Қолымнан келгенше елдің ахуалынжақсартуға,облыстыңдамуынаүлес қостым деп ойлаймын. Меркі ауданында әкім болып жүргенде аудандағы қант зауытын қайта іске қостық. Мұндай елеулі оқиғалар, іс-шаралар әдетте осындай мерекелерге орайластырылып пайдалануға беріліп жатты. Міне, биыл да мереке қарсаңында қаншама игі істер атқарылып, түрлі нысандар ашылуда. Өзге елдерде орын алып жатқан соғыс, кикілжіңдерге қарай отырып, тәубе дейміз. Осы ынтымақ-бірлігімізден ажырамайық. Лайым Мемлекеттік Туымыз асқақтап, мәртебесі биіктеп, келешегі көркейе берсін. Еліміздің дәулеті, жеріміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріміз табысты болсын!
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.