- Advertisement -

Ғасыр шежіресі

172

- Advertisement -

Бүгінде жарық көргеніне бір ғасыр толып отырған Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті өзінің терең жатқан тарихымен ерекше. Биыл 1 мамыр күні газеттің шыққанына 100 жыл толды. «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұжым қызметкерлеріне арнайы құттықтау хат жолдап, басылымда жұмыс атқарып жүрген барлық қызметкерді айтулы күнмен құттықтаған болатын.

Әуелі «Кедей еркі» деген атпен 1922 жылдан бастап шығатын басылымның тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы белгілі Алаш қайраткері – Сыдық Абланов болған. Басылым одан кейін «Еңбек», «Диқан дауысы», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деген атаулармен шықты.

Содан бері талай белесті бағындырған Әулиеата өңірінің бас басылымында әр жылдары Ғабды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт секілді елге танымал азаматтар бас редактор болды. Кемел Тоқаев, Несіпбек Дәутайұлы, Асқаржан Сәрсек, Тынышбай Рақым, Жақсылық Сәтібеков, Елен Әлімжан, Мұрат Сыздық сияқты белгілі ақын-жазушылардың «Aq jol» газетіне сіңірген еңбегі аз болған жоқ.

Бәрінің де аймақтың ата басылымының дамуына, өркендеуіне үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Жалпы, «Aq jol» газетінің тарихында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан солай туған» атты әйгілі шығармасының алғаш рет жарық көргені айтылады. Жазушы сол кезде Әулиеата өңіріндегі Сарысу ауданының Түркістан ауылына барып, арнайы очерк жазғаны тарихтан белгілі.

1937 жылы Жамбыл қаласында жастардың республикалық басқосуы өткен кезде, аталған жиынға қатысқан, кейіннен атақты ақын Сырбай Мәуленовтің тұңғыш өлеңі жарияланған екен. Сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа жазықсыз жала жабылған тұста газет қызметкері Қыстаубай Байтуовтың қайраткер тұлғадан сұхбат алғаны да бір тарих.

Ал белгілі қайраткер азамат Асанбай Асқаров та негізсіз жалалы болғанда «Aq jol» газетінің ол кісіге араша түскені де шындық. Бұл туралы белгілі ақын, басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бекбосын өз естелігінде «…белгілі журналист Жақсылық Сәтібековті Бішкекке аттандырдық.

Көп кешікпей оның «Асқаровтың соты» атты очеркін сот әр сөзден ілік іздемес үшін өзім әбден сүзгіден өткізіп жариялап та жібердік. «Еңбек туынан» соң оны менің ұсынысыммен Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстанға» басты.

Күллі Қазақстан көтеріліп кеткендей болды», деп жазады. Тағы бір айта кетерлігі, кезінде бүгінгі «Aq jol» (сол кездегі «Еңбек туы») газетінің 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаевқа араша түскені де белгілі. Мұның бәрі де бүгінде жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Aq jol» сынды белді басылымның тарихы, шежіресі. Әрине, келтіре берсе мұндай оқиғалар газет тарихында көп болған.

Мұның бәрі де бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық дүниелер. Қазақтың біруар перзенті Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы «Шыншыл жарияланымдары үшін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне және оның редакторы А.Бекбосынұлына ризалығымды мен өзімнің «Заманым туралы» атты кітабымда білдіргенмін. Енді мынадай мерейтой үстінде «Ақ жолға», оның мың-сан оқырмандарына, Жамбылдың жалпы ел- жұртына амандық-саулық, береке, ынтымақ, ақ жол тілеймін», деген екен.

Сондай-ақ Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның да «Ақ жолды» республикадағы ең бір айбынды, халыққа қадірлі газеттердің бірі деп білеміз», деген аталы сөзі бар. Сол сияқты, Асанбай Асқаров, Темірбек Қожакеев, Мырзатай Жолдасбеков, Фариза Оңғарсынова және өзге де елге сыйлы тұлғалардың «Aq jol» газеті туралы жылы лебіз білдіруі де біз үшін абырой.

Жуырда «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай, «Ғасыр шежіресі» атты кітап жарық көрді. Бұл кітап Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Aq jol» газетінің ұжымын құттықтау хатымен ашылып отыр. Сондай- ақ кітапта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов секілді бірқатар лауазымды тұлғалардың құттықтауы берілген. Жалпы, кітап тарихи басылымның бір ғасырлық шежіресін қамтиды.

Бұл күнде «Aq jol» газеті туралы Тұрсынхан Толқынбайұлы, Жаңабай Миллионов, Ахметжан Қосақов, Махамбетәлі Дүйсебаев, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбек, Құрманбек Әлімжан, Мақұлбек Малдарбеков, Сәулембай Әбсадықұлы, Болат Жаппарұлы, Әділбек Баққараұлы, Аманғали Әбуов, Әбілда Сәрсенбиев, Баймаханбет Ахмет, Сейсен Қожеке, Ақылжан Мамыт және басқа да мықты азаматтардың айтары көп-ақ.

Сонымен қатар бірқатар ардагер азаматтар «Aq jol» газетінің шежіресі туралы жазып, аталған басылымда қызмет атқарған азаматтар туралы жиі қалам тартып келеді.

Мәселен, Тұрсынхан Толқынбайұлының кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақын Әшірбай Есмұрзаев жайлы мақаласы, Көсемәлі Сәттібайұлының қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев туралы мақаласы басылым шежіресін түгендеуге атсалысқан дүниелер деуге болады. Өкінішке қарай, «Aq jol» газетінде еңбек еткен бірқатар атпал азаматтар өмірден мезгілсіз өтіп кетті. Бұл күнде қалың оқырман да, газет қызметкерлері де Бақытяр Әбілдаұлы, Мақұлбек Рысдәулет, Болат Мәуленов, Сапарғали Әлібай, Лесбек Сайлаубеков, Болат Бекжанов, Мұрат Сыздық, Асқаржан Сәрсек секілді азаматтарды сағына еске алады.

Бұл азаматтардың салып кеткен сара жолы, журналистика саласындағы бай тәжірибесі бүгінде көптеген жастардың игілігіне жарап келеді.
«Aq jol» газетінің алғашқы саны жарық
көргелі бері мұнда көптеген азаматтар жұмыс істеді. Әрине, шағын бір мақалада ол кісілердің бәрін бірдей айту мүмкін емес.

Дегенмен талай буынды қалыптастырып, талай буынды алмастырған өңірдің бас басылымында еңбек еткен әрбір азамат барлық құрметке лайық деп білеміз. Бір ғана Мақұлбек Рысдәулеттің бас редактор болған тұсында жұмысқа қабылданған азаматтардың дені бұл күнде редакцияның белді қызметкерлеріне айналып отыр. Тіпті, бірқатары шәкірт тәрбиелейтін жағдайға да жетті.

Ең бастысы – «Aq jol» газетінің бай тарихында, жүз жылдық жылнамасында әрбір бас редактордың, әрбір журналистің сара, дара жолы қалды деуге болады.

Бүгінде «Aq jol» газетінің жарық көруіне, оқырман қолына дер кезінде жетуіне Жамбыл облысының әкімі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов қамқорлық көрсетуде. Қазіргі таңда «Aq jol», «Знамя труда» және «Arai» жастар газеті, үш бірдей облыстық газет «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына бірігіп, бір ұжым ретінде жұмыс істеп келеді. «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры – Оралхан Дәуіт. Бұл күнде «Aq jol» газетінде 25 қызметкер жұмыс істейді. Бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова, жауапты хатшы Маржан Рақай, шолушы Амангелді Әбіл, бөлім меңгерушілері Жүрсінгүл Жақып, Марат Құлибаев, Гүлжан Рахман, Есет Досалы, тілшілер Құралай Сейсенбекқызы, Эльвира Жарылқасынова, Есен Өтеулі, Сәндібек Піренов, Нұржан Қадірәлі, Aqjolgazet.kz сайтының контент-редакторы Айтолқын Кенжебекова, аға дизайнер Оразкүл Әбдікерімова, дизайнерлер Динара Балаева, Айман Сейділдаева, корректорлар Сая Әлімжанова, Ақерке Мұратбаева, фототілші Ақәділ Рысмахан, техникалық қолдау қызметіне жауапты Алмаз Орманов секілді азаматтардың еңбегі атап өтуге тұрарлық.

«Aq jol» газеті Жамбыл жұртшылығына жүз жылдан бері жол тартып келеді. Тарихи басылымның әлі де оқырманға берері мол. Басылым оқырманымен бірге мәңгі жасай береді деген сенім мол!

Хамит ЕСАМАН,

облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support