Басты жаңалық

Минералды тыңайтқыштар шығаратын цех іске қосылды

Минералды тыңайтқыштар шығаратын цех іске қосылды

Республика күні қарсаңында облыс орталығында «Қазфосфат» компаниясының минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа «Аммофос-2» цехы іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның ашылуына өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің Отын, энергетика және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі орынбасары, Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов арнайы қатысты.

500-ден астам адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорынның ашылу рәсімінде сөз алған Қайырбек Айтбайұлы жаңа кәсіпорынның агрохимия өнеркәсібін дамытудағы маңызына тоқталып, жамбылдық химия өндірісінің қарышты қадамдары ел экономикасының өркен жаюына сүбелі үлесін қосып келе жатқанын айрықша атап өтті. – Минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа цехтың ашылуы тек Жамбыл облысы мен Тараз қаласына ғана қатысты емес, республика көлемінде айтулы оқиға болып отыр. Әулиеата өңірінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар нәтижесінде соңғы 3-4 жылдың бедерінде еліміздегі агрохимия саласында өндірілетін өнім көлемі 2,5 есеге, шетелге шығарылатын өнім 1,8 есеге артты. Бұл бірінші кезекте жамбылдық фосфоршылардың еселі еңбектерінің жемісі. Ал жаңа өндіріс орны бұл көрсеткішті еселей түсетініне сенім мол. Айта кету керек, елімізде химия саласын дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың ішінде Тараздағы «Минералды тыңайтқыштар зауытының» аммофос өндірісін кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Бұл химия өнеркәсібінде басқа компаниялардан оқ бойы озып келе жатқан «Қазфосфаттың» өзге өңірлерге үлгі боларлық ісі, – деді Қ.Өскенбаев. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жаңа өндіріс орнының ашылуы Республика күні қарсаңында үлкен сый болғанын баса айтып, 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірімізде химия саласын дамытуда маңызды рөлге ие екендігіне тоқталды. – Облыста өндірілетін өнім көлемінің 30 пайызы «Қазфосфатқа» тиесілі. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан серіктестік елімізді толықтай отандық минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етпек. Оның шарапатын өңірімізде жұмыс істеп жатқан 18 мыңнан астам шаруа қожалықтары да көретіні анық. Осы орайда компания мен оның қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тілеймін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Бұдан кейін салтанатты іс- шараның құрметті қонақтары Өзбекстан Республикасы Үкімет басшысының орынбасары Журабек Мирзамахмудов пен «Қазақмыс» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында аммофос бағасын 2022-2024 жылдарға бекіту туралы меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, компанияның өндірісті кеңейту жобасы аясында ашылған зауыт жылына 500 мың тонна аммофос өндіруге қауқарлы. Осының нәтижесінде компания минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына миллион тоннаға дейін жеткізіп отыр. «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Шибановтың сөзінше, зауыттың жаңа желісіне салынған қомақты инвестиция жан-жақты жемісін беретін болады.  

Есен ӨТЕУЛІ