- Advertisement -

Шерағаның шапағаты

327

- Advertisement -

1967 жылы ҚазМУ-дағы оқудан қол үзіп, үшжылдық азаматтық борышымды өтеп, әскерден оралған соң мен де «Лениншіл жастың» белсенді авторларының біріне айналдым. Газетті Шерхан аға басқаратын. Әскерге дейін бірге оқыған азамат, бүгінгі көрнекті қазақ жазушыларының бірі Кәдірбек Сегізбаев сол газетте қызмет ететін. Көп қамқорлығын көрдім. Сол жылдардағы студенттер арасындағы өмірге де, сабаққа да енжар қарайтын, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруге құлай берілген жандар туралы «О ғып, бұ ғып, бұқпантайлап жүріп…» деген сұхбат түрінде көлемді материал бергенмін. Осы мақаланы Шерхан аға өте ұнатыпты да, газеттің тура бірінші бетіне көрнекті жерге жариялаттырды. Ол оқырмандар, студенттер арасында үлкен пікір туғызды. Келесі бір нөмірлерде республиканың әр тұсынан жазылған алуан пікірлер шоғыры газет бетінде бірнеше рет жарияланды.

Сонда үлкен ұстаз, көрнекті ғалым, профессор Темірғали Нұртазин ағайымыз бен атақты батыр, ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин екеуі үлкен ризашылығын білдіріп, қолдау көрсетіп, рақметін айтты.

Артынша ҚазМУ-дың Бас почтамттың оңтүстік-шығыс бетіндегі бас ғимаратының акт залында (осы күнгі Өнер институты) «О ғып, бұ ғып…» бойынша үлкен дискуссия өтті. Университеттен тыс басқа да жоғары оқу орындарына студенттер келіп қатысты. Оған жоғарыдағы қадірменді екі ағадан басқа профессорлар Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, филолог ғалым Сұлтанғали Садырбаев, т.б. ұстаздар келді. Кейіннен, мәлім болғандай, осы мақалаға орай, республиканың бірқатар оқу орындарында, әсіресе Қазақ педагогикалық институтында қызу талқылаулар өткендігі мәлім болды.

Осы мақала жарияланған соң Шерхан ағаның қолы қойылған, сыртына алтын түстес «Лениншіл жас» деп жазылған, суретім жапсырылып, мөр басылған қып- қызыл куәлікті Кәдірбек қолыма ұстатты. Сөйтіп, бір сәтте сүйікті «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі болып шыға келдім. Сонда Шерхан аға: «Бұл куәлікті әр жерде, орынсыз көрсетіп жүруден сақ болсын», – деп тапсырыпты.

Жас кезімнен сурет өнеріне әуестігім мені өнерге жақын етті.Сол бала кезімде салған суреттерім Мәскеуден шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып жүрді. Әсіресе бейнелеу, музыка, балет, т.б. өнер салалары көп қызықтырды. Бала кезімнен көп кітаптар жинадым.

Қазақтың біртуар азаматы, жазушы Оралхан Бөкеев жастар газетінің ең беделді тұлғасы болды. Сол кезде «Аққу» эстетикалық клубы деген айдармен әлемдік өнер алыптары туралы тамаша материалдар жиі жарияланды. Ол авторлардың қатарында қазіргі көзі тірі композитор, үлкен өнер зерттеушісі Илья Жақановтың, көрнекті қаламгер журналистер Жарылқап Бейсенбаевтың, Фермахан Шоеваның өнер туралы эсселері жиі шығып жататын. Қазақ жастарын өнер әлемімен таныстырып, оның сырына үңілдіретін бұл жарияланымдардың орны бөлек еді.

1967 жылдан бастап мен де барынша белсеніп, өндіре жазғандар сапынан көрінген екем. Ұлы суретшілер, мүсіншілер Леонардо да Винчи, Сикейрос, Коненков, Левитан, Рылов, т.б. туралы эсселер «Лениншіл жастың» «Аққу» эстетикалық клубы арқылы оқырмандарға танымал болып жатты.

Оралханның өзі де ұлы орыс суретшісі Репиннің «Протодьякон» деген портретіндегі ірі дін иесінің қайратты қолын ғана нысана етіп, тамаша талдама эссесін жариялады. Өзім газетте іштей қызмет етпесем де, сол газеттің бір мүшесіндей сезінетінмін.

Қайран Шерағаңның талантты жастарға деген қамқорлығы ерек еді ғой.
Сол студент кезімнің өзінде мен Гоголь көшесінің бойында келе жатқанымда қарсы жолығып қалды. Сәлемдескен соң:
– Әй, Пернебай, сен Орал Таңсықбаевты білесің бе? – деді.
– Білем, аға. Ол кісі Өзбекстанда ғой. Ташкентте.
– Білсең, сол кісіге сені командировкаға жіберейін. Барасың ба?
– Неге бармаймын, аға! Барам.
– Жүр, ендеше. Қазір Қалдарбекке апарам, – деді де кері бұрылып, мені газет редакторының орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың қуықтай кабинетіне алып кірді.
– Мына Пернебайға Ташкентке жіберетін жол документтерін дайында. Өзбекстан Суретшілер одағына телефон шалып хабардар ет, – деп мән-жайды түсіндірді.

Сөйтіп, маусым айының ыстығында Тәшкенге ұшып барып, КСРО және Өзбек КСР Халық суретшісі, КСРО Бейнелеу өнері академиясының толық мүшесі, яғни академигі Орал ағаның үйінде бір апта жатып ол кісінің архивіне кіріп, көп мәселелерге қанықтым. Алғаш кіргенде куәлігімді көрсеткен суретшінің зайыбы Элизавета Николаевна Оралдың туысы, бауыры келді деп үлкен қонақжайлылық танытты. Кейіннен, хабарласып тұрдым. Өкінішке қарай, Орал аға 1974 жылы Нүкіс қаласындағы қонақ үйде жүрегі тоқтап қалып, күтпеген жағдайда қаза болды.

1966 жылы сәуір ортасында Тәшкенде алапат жер сілкінісі болып, көптеген ғимараттар қаусап, адам шығын болды ғой. Сондықтан Көркемсурет галереясындағы экспонаттар шағын-шағын әр бөлек ғимараттарға көшірілген. Оларды аралау да көп уақыт алды. Өзбекстан басшылығы сол Орал ағаға көзі тірі кезінде-ақ Черданцев көшесінен екі қабат ұзынша, кең, жарық үй, шеберхана тұрғызып берген екен. Қазір ол үй ұлы суретшінің мемориалды мұражайына айналдырылған.

Алматыға оралысымен бетке жуық «Тау мен дала жыршысы» атты эссем жарияланды. Орал аға туралы толғамды жазғандарым «Жалын» журналында, қабырғалы қаламгер, көрнекті эстет жазушы, әрі сүйікті шәкіртім Қали Сәрсенбайдың қолдауымен «Әнім менің» атты үлкен лирикалық эссем «Егеменді Қазақстан» газетінің бір бетіне тұтас басылды. Міне, Шерағаң басқарған газет шапағатының арқасында Орал ағаны өз халқымен етене табыстыруға азды-көпті септігім тигеніне шүкіршілік етемін. Кейін Алматыдағы бұрынғы Н.Гоголь атындағы көркем сурет училищесінің аты өзгертіліп, Орал Таңсықбаев ағаның есімі берілгені көңілге медет.

1969 жылы наурыз айының соңында
Арменияның астанасы Ереван қаласына Минеральные Воды қаласынан арнайы ұшып бардым. Барудағы мақсат біреу-ақ. Ол – көзі тірі, бейнелеу өнеріндегі әлемдік деңгейдегі ұлы суретші Мартирос Сарьянмен кездесу.

Күн сенбі болатын. Шағын «Масис» қонақ үйінен орын алып, ертеңіне, яғни жексенбі күні ұлы суретшімен кездесуге такси жалдап, жолға шықтым. Армения үкіметі көзі тірісінде- ақ ұлы Варпетке (армяндар солай атайды) зәулім көркем сурет галереясын әр мұражайын ашып койған. Халықтың өз перзентіне деген ұлы сүйіспеншілігіне мен осы жолы шынайы куәгер болдым. Сурет залына келуші халық мұндай көп болар ма. Кезек күтушілер сыртта тұр. Іштегілер экспонаттармен толық танысып шыққанша күтуің керек.

Менің мазам кетті. Есік алдындағы әйелге куәлігімді көрсетіп, бар жағдайымды, Қазақстаннан келгенімді, Варпетпен бетпе- бет кездесуім керектігін айтып жатырмын. Ол күдігін айтты. Қазір Варпеттің алдында Ереван драма театрының бір топ әртістері келіп отырғандығын тілге тиек етті. Менің қиылып, қиналып тұрғандығымды көзімнен ұқты-ау деймін, қасына келіп қалған жас жігітке өз тілдерінде бірдеңе айтып еді, ішке еніп кетті. Әлден соң әдемі киінген, бойшаң жас жігіт шығып, менімен амандасты. Зиялы, сыпайы азамат екендігін бір көргеннен аңғардым.

Мен қолымдағы қып-қызыл куәлігімді қолына ұстатып тұрып, алыстан келген мақсатымды айттым. Жүзіме сәл ойлана көз тастады да:
– Хорошо, я сейчас поговорю с Варпетом, – деді де, куәлігімді ұстаған күйі кері қайтты. Әйел маған күлімсірей қарап:
– Осы мұражайдың директоры Шаэн Хачатрян, – деді.

Міне, сол жолы ұлы суретшімен иықтас отырып 20 минуттай пікірлесіп, сөйлесудің сәті түсті. Бас тартсам да болмай, бокал қойып, коньяк құйғызды.

Ол кезде оның жасы 89-да болатын. Сөзі де ширақ, көзінің жарқылы әлі семе қоймаған қалыпта есімде қалды. Бір парақ қағазға менің
куәлігіме шұқшия қарап отырып, өз қолымен «Лениншіл жас» газетінің оқырмандарына арнаған ыстық тілегін жеткізген еді.

Алматыға келісімен Сарьян туралы жазылған «Шуаққа іңкәрлік» атты эссемді сүйікті газетім қуана жариялады.

Сол алпыс тоғызыншы жылы Қазақстанның халық әртісі, қазақ би өнерінің дүлдүлі Шара Жиенқұловамен, даңқты балетмейстер Болат Аюхановпен кездесіп, материал дайындауға Оралхан мұрындық болды.

Себебі екеуі бірігіп, «Қыз Жібек» балетін дайындап, Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық балет өнерінің конкурсына дайындап жатқан еді. Толыққанды талдама материал жазу үшін осы балеттің барлық репетицияларына қатысып жүрдім. Мәскеуге жүрер алдындағы ақтық сынақ қойылымына қатысып, балеттен алған шынайы, ләззатқа толы эссемді «Лениншіл жас» 1969 жылдың 1 қаңтарындағы нөміріне бірнеше бейнелік суреттермен қосып, «Қазақ өнерінің жаңа бәйшешегі» деген тақырыппен жарқ еткізіп жариялады. Шығармашылық үлкен шабытпен қойылған осы еңбегі үшін Шара апамыз Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

1968-1970 жылдар аралығында жастар газетіне белсене қатысқан күндерім менің шығармашылық өмір жолымның сәулелі, шуақты күндері болып есте қалды. Қай кезден де жаңалықтың жаршысы болып жүретін осы басылым жастар шығармашылығына әрдайым елгезектікпен үн қатып отыратындығымен ұнайды.

Бұл жылдары «Лениншіл жас» газеті Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар одағының (ҚЛКЖО) органы болып есептелетін. Ал 1961-1970 жылдары республикалық жастар одағын аса талантты, зиялы, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше жоғары, білімді, үлкен эрудиция иесі Өзбекәлі Жәнібеков басқарды. Барлық мәселеге үлкен пайыммен қарайтын осы азаматтың басшылығы кезінде жастар газеті ерекше серпінге ие болды. 1963-1970 жылдары газетке Шерхан Мұртаза редакторлық еткені белгілі.

Міне, осы кезде осы заманғы қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжанов, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов секілді тұлғалары әдебиет кеңістігіне қанат қағып, еркін енді. Жастар газетінің бетінде Оразбек Сәрсенбаевтың, Дүкенбай Досжановтың, Қыдыр Жүсіповтің мүлде өзгеше екпін, дәстүрлі поэзияның өлшеміне сыя бермейтін екпін сарынмен жазылған поэмалары газеттің тұтас беттеріне бірінен соң бірі жарияланды. Әсіресе Оразбек Сәрсенбаевтың «1961 жыл» атты публицистикалық дастаны әдеби ортада, қала берді саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, әділетсіз сынға ұшырады. Кейіннен Оразбек те, Дүкенбай да бірыңғай прозаға ауысып кетті.

1963 жылы осы үшеуінің поэмалары бойынша Орталық комсомол комитетінің жастарға, әдебиет сүйер қауымға лық толған үлкен акт залында талқылау өткізілді. Қазақ өлеңінің қалпына сыя бермейтін ақ өлең үлгісімен жазылған Қыдыр Жүсіповтің «Шуақта жүрмін, шуақтап тұрмын» деп басталатын шығармасы төңірегінде де қызу айтыс болды. Міне, осы жиындардың барлығына Өзбекәлі Жәнібеков, газетке жаңаша леп беріп, тізгінін нық ұстап отырған Шерхан аға қатысып, олар жастардың жаңа, соны тосын бағыттарға қалам тербегеніне қолдау көрсетіп отырғанының куәсі болдық.

Қай кезден де жастар газеті компартияның қырағы цензурасынан да саңылау тауып, ұлттық мәселелерді қорғауға ықылас қойып отырды. Оның бір ғана дәлелі сол жылдары республиканың қай байланыс бөлімшесіне барсаң да, телеграмма, яғни жеделхат жіберетін болсаң, тек қана орыс тілінде жіберуді міндеттейтін. Осы мәселені де жастар газеті көтерді.

Жағдай кейін Қазақ КСР Байланыс министрі Әбдіразақ Елібаевтың алдында талқыланды. Сөйтіп, арнайы нұсқау хат дайындалып, жеделхаттарды орыс алфавитін пайдалану арқылы қазақша жіберуге қол жеткізілді. Себебі телеграф, телетайп аппараттарында қазақ шрифтілері жоқ болатын.

Газет үнемі пікірталас тудыратын, жастар санасына қозғау салатын мәселелерді назардан еш шығармайтын.

Жас журналист, газет қызметкері Құрманғазы Мұстафиннің «Қасиет торыған қарақшы» атты проблемалық мақаласы жұртшылық арасында үлкен дүмпу тудырды.

Қай кезден де адам баласына қайғы мен қасірет алып келетін, санасын улап, саулығын сансырататын, көптеген отбасылардың ошағын ойран етіп, небір жайсаң азаматтардың болмыс-бітімін, жан дүниесі мен рухын жаншып, мүгедек еткен, қарғыс таңбасын еншілеген ішкілік пен маскүнемдік туралы газет бетінде ұзаққа созылған пікірталас болды. Сонда сырт көзге сау қоғамның бітеу жарасы қансіңді қоясымен қоса ақтарылғандай әсер қалдырды. Сол төңіректегі пікір жарысқа қарапайым халықтан бастап, зиялы қауым өкілдері де белсене қатысты.

Жетпісінші-тоқсаныншы жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем шығармаларға арналған жабық конкурстар өткізілетін. Оның ұйымдастырушылары Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақ КСР Мемлекеттік баспа, кітап саудасы комитеті, ҚЛКЖО ОК және «Жалын» баспалары болатын.

Міне, осы игілікті, рухани тірлікке де жастар газеті елгезектікпен үн қатып, жеңімпаздардың есім-сойын жариялап, алғаш сүйінші сұрайтыны да естен кетпейді. Ара-тұра сол топтың арасынан бір емес, бірнеше рет бой көрсеткенде, төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын. Осы дүбірлі бәйгеге қатысып, топ жарғандар арасынан шыққан Тынымбай Нұрмағанбетов, Мұхтар Мағауин, Кәдірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбек, Жақау Дәуренбеков, Құрманғазы Мұстафин, Оралхан Бөкей, Машқар Гумеров, Сайлаубай Жұбатыров, Марат Қабанбаев, т.б. балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне өзіндік үлес қосқан тұлғалар сапынан көрінді.

Мысалы, көрнекті қазақ жазушысы Дулат Исабековтің әдебиеттегі тұсауын кескен де «Лениншіл жас» болды. Оның «Шойынқұлақ» атты үлкен әңгімесі 1963 жылы газеттің үш нөміріне қатар жарияланып, оқырмандарға кеңінен танымал болды. Тек бұл ғана емес, жоғарыда аты аталған, аталмаған талай қаламгерлердің тұсауын да кескен осы газет еді. Оралханның «Қамшыгері», Кәдірбектің «Ашылмаған сыр», т.б. әңгімелері де осы басылым арқылы елге танылды.

Жас ақын М.Шахановтың «Танакөз» поэмасын да жарқ еткізіп, жариялаған да – осы газет. Әдебиет сүйер қауымның оқырмандардың қызығушылығын тударған бұл шығарма Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Бұл орайда, жастар газетін небір талантты азаматтардың талай қабырғалы қаламгерлеріміздің көркем әдебиет айдынына еркін құлаш сілтеуіне алтын босаға, биік баспалдақ болғандығының куәсіміз.
Сол танымал азаматтарымыздың бірқатары өздерін осы күнге дейін «Шерханның шапанынан» шыққандармыз деп мақтанышпен айтудан жаңылған емес.

Осы орайда Шерағаңның шапағаты тиген тірлігінен бір дерек еріксіз еске оралады. Ауылда мектепте жұмыс істеймін. Ұстаздықтан тыс ара-тұра көркем әдебиетке ат ізін салып жүрген кезім.
«Шуақ» атты әңгіме жазып, Шерағаң басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетіне жібердім. Бірнеше ай өтті. Хабар жоқ. Тоғыз айдай уақыт зырлап өте шықты. Ішкі күдігім ұлғая түсті. Өз пікірімде, әңгіме көңіліме жақын еді. Алматыға жол түсіп қалды.

Уақыт ыңғайын тауып, Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағында отырған Шерағаңа кіріп, әңгіме туралы хабардар еттім. Сонда Шерағаң:
– Жақсы әңгіме болса, жатуы тиіс емес. Әңгімең мәшіңкеге басылған ба әлде қолмен жазылған ба? – деді. Мен қолайсызданып қалдым да:
– Қазақша мәшіңке жоқ болған соң қолмен жазып едім, – дедім. Сонда Шерхан аға салқын қабақпен мырс етіп:
– Біздің жігіттердің сондай «ауруы» бар. Қолмен жазылған дүниелер ысырылып қала беретін жағдайлар болып тұратыны рас. Зерттеп көрейін, – деді. Мен қоштасып шығып кеттім.

Арада ай өткен жоқ. 1983 жылдың 1 шілде күнгі санында әңгімем «Қазақ әдебиетінде», үлкен тақырыппен, суретіммен жарқ етіп басылды. Көрнекті қаламгер, сыншы Сайымжан Еркебаев осы әңгіме туралы талдап, мақтаулы пікірін 1984 жылы «Жұлдыз» журналында жариялады.

Міне, осы бір кішкене ғана оқиғадан Шерағаның жастарға деген қамқорлығы ерекше көрінеді.

 

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support