Шымкенттіктер топ жарды
Шымкенттіктер топ жарды
«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы музыкант, ғалым Шәріп Омаровтың есімі халыққа жақсы таныс. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы, Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі жанындағы Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы, №31, №32 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және «Фосфорит-Шәріп» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен Шәріп Омаровты еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Аталған спорттық шара 2007 жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келеді. Орталық стадионда өткен бұл жолғы турнирге Қызылорда облысы, Шымкент, Тараз қалаларымен қатар, Байзақ, Сарысу аудандары, Бостандық, Шайқорық ауылынан және қаратаулық командалар қатысты. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қатар оқып, өнерде бірген жүрген Досым Сүлеев, Мейірбек Молдабеков демеушілік көрсетті. Бәсекеде 2008-2010 жылы туған спортшылар жас ерекшеліктері бойынша екі топқа бөлініп, өзара бақ сынады. Төрт күнге созылған турнирде 2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Шымкент қаласына жол берген жерлестеріміз 2-орынға тұрақтаса, 2010 жылы туған аяқдопшылар ішінен №32 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері үздік үштікті түйіндеді. Турнирде шебер ойын көрсеткен командаларды марапаттаған спорт ардагерлері жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, үздік ойын өрнегін көрсеткер спортшыларға кубок, диплом және медальдар табыс етті.
Нарбол ҚАШАҒАН.
Талас ауданы.