Пәтер ақысын орынсыз көтерген кімдер?
Пәтер ақысын орынсыз көтерген кімдер?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жекеменшік жоғары оқу орындары мемлекеттен қаражат алу үшін алдымен жатақханасын сайлап алуы қажет екенін айтты. Осылайша Президент мемлекеттен қаржы алып отырған жоғары оқу орындарын меңзегені байқалады. Елдегі ЖОО біразы жатақхана тапшылығына бас қатырып жатса, Жамбыл өңіріндегі оқу орындарында орын тапшылығы жоқ көрінеді. Мысалы, 15 мыңнан астам студент білім алатын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Төле би көшесіндегі жатақханасында 177 бөлмеде 510 орын бар. Ал Сәтпаев көшесіндегі жатақханада 35 секцияда 189 орын болса, Жамбыл даңғылындағы үшінші жатақханада 76 секцияда 422 орын бар. Биыл жатақханаға орналасуды көздеген студенттер «Platonus» деректер базасында өтініш бере алады екен. Демек, жатақхана тапшы болған күннің өзінде студенттер қалаға күні бұрын келіп сабылмайды. Жатақханада студенттерге күнделікті тұрмыста пайдаланатын жиһаздардан бөлек, түнгі оқу залдары, кинозалдар, үстел теннисі, акт залдары, хореография залы, компьютерлік кластар, «Жан сыры» психологиялық орталығы бар. Есте болса, 2018 жылы Дулати университетінің төртінші жатақханасының іргесі қаланған еді. Университеттің баспасөз қызметінен құрылысы кешеуілдеген 516 орынға шақталған жатақхананың құрылысы биыл аяқталып, студенттер игілігіне берілетінін білдік. Жаңа жатақхана ғимараты орталық жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ электр желісі, орталықтандырылған су жүйесі тартылыпты. Қаладағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында да жатақхана тапшылығы жоқ деген ақпар алдық. 2018 жылдың қарашасында «Тараз» қонақ үй кешені студенттік жатақхана үшін реконструкциялау арқылы 430 миллион теңгеге сатып алынған. Сол тұста ғимараттың алты қабатын жөндеуге 310 миллион теңге қаржы жұмсалып, 2019-2020 оқу жылында пайдалануға берілген. Онда 142 бөлмеде 500 орын бар. Қуантарлығы, жатақханада тәулік бойы жұмыс істейтін электрондық оқу залы, коворкинг орталығы, «жаңа буын» техникасымен жабдықталған кинозал, видео студия, адалдық дүкені, студенттердің шығармашылық орталығы, шағын футбол алаңымен қоса студенттердің сұлулық салоны да бар екен. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге жайлы жағдай жасалған.
Сәндібек ПІРЕНОВ