«Нұр Отан» нұрлы жолмен жүреді
«Нұр Отан» нұрлы жолмен жүреді
Масат БЕРІК, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы сәттен бастап мемлекеттің өркендеуі мен қоғамның жан-жақты дамуына айрықша мән беріп келеді.Осы жылдар ішінде Қазақстан барлық салада қарқынды даму жолынан өтті. Еліміздің әлем мемлекеттері арасындағы беделі артып, бастамашылдық бейбіт идеялары үлкен қолдауға ие болды. Осының барлығы, Елбасының дара саясатының жемісі, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған жасампаз халқымыздың ерен еңбегінің жеңісі. Күні кеше Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Кеңейтілген жиында Ұлт Көшбасшысының Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялауы алқалы басқосудың жауапкершілігі мен салмағын одан сайын арттырып жіберді. – Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жыл толады. Алғашқы құрылған күнінен бастап біздің партия тың бастамалар көтеріп, мемлекеттік жауапты шешімдердің қабылдануына ұйытқы болып жүр. Ол елдің мүддесін қорғайтын, халықтың керегін жоқтайтын нағыз халықтық партия екенін көрсетіп келеді. Сол себепті де өткен сайлаулардың бәрінде көпшіліктің сеніміне ие болды. Біз осы бағытта жұмыс істей беруіміз керек, – деді Президент кеңейтілген отырыстағы сөзінің басында. Уақыт – зымыран. Бүгінгі күннің талабы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Міне, осы кезеңде «Нұр Отан» шын мәнінде халық мүддесі жолындағы партия екендігін дәлелдеді. 2017 жылға дейінгі кезеңге белгіленген «Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасындағы міндеттердің 70 пайызы екі жарым жылдың ішінде орындалған. Бұл орайда даму қарқынын үдете түсуге жамбылдықтардың да қосып отырған үлесі зор. Жаңару дәуіріне қадам басқан еліміздің алдында қол жеткен жетістіктермен қатар, қоғам дамуына кедергі келтірер тұстардың да бар екендігі уақыт шындығы. Солардың бірі – қоғамды ойландырып отырған сыбайлас жемқорлық індеті. Кеңейтілген отырыста көпшілік арасында кең көлемде талқыланған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға дейінгі іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. «Нұр Отан» партиясы еліміз үшін осындай күрделі шақта сыбайлас жемқорлық әрекеттерге қарсы іс-қимыл бағдарламасын ұсынуын – тарихи маңызы зор шешім деп қабылдаған жөн. Қазақ халқы тарихын тасқа жазған халық. Мемлекет болып қалыптасу, ұлт болып сақталу жолында небір «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткізген. Бірақ, адалдық пен тазалық сияқты өмір заңдылығын, парасат пен мейірім сынды табиғаттың адамға берген қасиетті сыйын бір сәтте де жадынан шығармаған. Өйткені, ол бақытын адал еңбектен тапқан халық. Партия ұстанып отырған бүгінгі бағыт – Тәуелсіз Қазақ елінің жаңа мыңжылдықтар жылнамасына абыройын асқақтатып, қайнар бұлақтың бастауы мөлдір болуын көздеп отырғаны ақиқат. Алдамшы дүние мен құлқынның құлы болмай, ата-бабалардан қалған ұлы құндылықтар мен ғасырлар ғибратынан жоғалмай келген дәстүрлерді сақтау ортақ парыз. Өйткені, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың қазірден алдын алмасақ – бүгініміз еш, ертеңіміз кеш болары ақиқат. Олай болса, билеуші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясы ел ішіндегі жемқорлықтың бірегей объективті және кешенді бағалау көзіне айналатын болады.