«Шындықтың шырақшысы – Шер-аға»
«Шындықтың шырақшысы – Шер-аға»
Халық жазушысының 90 жылдығына орай өңірде жыл басынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, игі бастамалар іске асырылып келеді. Мәселен, біраз уақыт бұрын Шерхан Мұртазаның есімі қаланың қақ ортасындағы Баспасөз үйіне берілді. Жуырда Халықаралық Тараз инновациялық институтына да Шерағаның аты берілетінін естідік. Қазақтың біртуар перзентіне арналған шарада қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаева сөз сөйлеп: «Бүгін қазақ руханиятына еңбегі сіңген жазушының аты ұлықталып жатқанына қуаныштымыз. Есімі берілген мектептен Шерхан атамыздың ізін жалғайтын талай тұлғалар шығады деп сенеміз. Қаладағы іргелі мектепке жазушы есімінің берілуінің өзі – ұлы адамның ұлтына сіңірген еңбегіне құрмет деп білеміз», – деді. Мектеп-гимназияның директоры Рахия Есеева Шер-ағаның шығармашылығы туралы орамды ой қозғап, алдағы жоспарларымен бөлісті. –Шерхан Мұртазадай ақиқаттың алдаспанына айналған тұлғаның атын қандай оқу орнына берсе де жарасады. Ол кісінің туындыларын өскелең ұрпаққа дәріптеу, кітаптарын оқыту біздің парызымыз деп білеміз. Әрі осындай ұлы тұлғаның біздің өңірде туғанын мақтан етеміз. Сол үшін де мектеп оқушыларын Шерхан аталарының туған жеріне апарып, сол кісі тұрған үйді көрсетіп, көзін көрген туыстарымен таныстырып қайтсақ деген жоспарымыз бар, – деді мектеп басшысы. Кеш соңында балалар жазушының бірнеше шығармасынан үзінді оқып, шағын қойылым көрсетті.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Тараз қаласы.